ҚАЗЫБЕК ИСА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ РЕСЕЙДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ
2015 ж. 21 қаңтар
2585
1
«Общеписательская Литературная газетада» (№11, (60), 2015 ж. Мәскеу, Жазушылар Одақтары Халықаралық Қауымдастығының (ЖОХҚ) мерзімді басылымы) «Шығармашылығы мен байланысты дамытқаны үшін» атты мақала шықты.
Ресейдің белгілі әдеби басылымында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында қазақтың белгілі ақыны Қазыбек Исаға Жазушылар Одақтары Халықаралық Қауымдастығының әдеби сыйлығы тапсырылғаны туралы жазылған. Сонымен қатар Мәскеуде «Советский писатель» баспасынан «Қазақ поэзиясының антологиясы» жарық көргені баяндалады. Бұл ауқымды жинаққа қазақ көркем сөз өнері шеберлерінің қатарында белгілі ақын Қазыбек Исаның да бірқатар өлеңдері енгені айтылады. Мақалада Қазыбек Исаның өлең өнеріндегі өзіндік өрнегі, образ айшығы мен ой тереңдігі және жалпы шығармашылық шеберлігіне Ресей әдебиет оқырмандары атынан жоғары баға берілген. Қазыбек Исаға орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин атындағы сыйлық - «Алтын күз» орденін тапсыруға Мәскеуден ЖОХҚ төрағасы Владимир Серединнің өзі арнайы барғаны айтылған.
«Біздер ортақ мәдени кеңістіктеміз, сондықтан достастық республикадағы әріптестерімізге үлкен құрметпен қараймыз, – деді Владимир Середин. – Бүгін біз ортақ байлығымыз әдебиет әлеміне жаңа есімдердің келіп жатқанына куә болып жүрміз. Олардың өз көзқарастары, өз айтар ойлары да мол. Қазыбек Исаның қазақ әдебиетіне қосқан өзіндік үлесі бар. Сондықтан да біз қазақ ақынын шығармашылық табыстары және Қазақстан мен Ресей арасындағы әдеби байланыстарды дамытудағы еңбегі үшін марапаттап отырмыз».
Сол сияқты Жазушылар Одақтары Халықаралық Қауымдастық сайтына да «Қазақ ақыны Қазыбек Иса беделді әдеби сыйлық иегері атанды» деген атпен оның шығармашылығын жоғары бағалаған мақала берілді. Бұл Сергей Есенин атындағы халықаралық әдеби сыйлыққа қазақ ақындары арасынан бірінші болып Қазыбек Исаның ие болғаны да атап өтілген.
З.Қабиоллаұлы
gu-gu.kz