Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа қол қойылды
2014 ж. 29 мамыр
1948
1
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей мен Беларусьтың президенттері Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты даярлауда барлық тараптардың мүддесі ескерілді. "Шарт сауатты, теңестірілген, оған қатысушы мемлекеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Келіспеушіліктер де баршылық болғанымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консенсусқа келдік", - деп атап көрсетті Қазақстан Президенті. Келісімде әрбір мемлекеттің егемендік теңдігі, территориялық тұтастығы, сондай-ақ, одаққа қатысушы мемлекеттердің саяси құрылымын құрметтеу мәселелері қамтылған. Барлық шешімдер тең дәрежеде қабылданады.
Ал одақ аясындағы халықаралық келісімдер, комиссияның міндетті сипаттағы күші бар барлық шешімдер орыс тілінде жазылады. "Біз осылай келістік. Дегенмен, ондай құжаттар бірден тараптардың әрқайсысының мемлекеттік тілдеріне аударылатын болады. Сондықтан да тілдік принциптер бойынша да ешқандай кемсітушіліктер болмайды", - дейді Н.Назарбаев.
Келісімшарттың соңғы нұсқасы 700 беттен тұрады. Бірінші бөлімде ұйымның мақсаттары мен міндеттері жазылса, екінші бөлім экономикалық ынтымақтастық шараларын қамтиды. Аталған құжатқа сәйкес, одақтың бас органы - Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде орналасса, ұйымның арнайы соты Минск қаласында отырады. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың "орталық банкі" іспетті қаржы реттеуші органы Алматыда ашылады. Еуразиялық одақ туралы келісімшартты әрбір мемлекеттің парламенттері мақұлдағаннан кейін аталған құжат 2015 жылдан бастап өз күшіне енеді.
Айта кетейік, бүгінде Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мен Қырғызстан да кіруге ниетті. Осыған орай, Еуразиялық экономикалық кеңестің бүгінгі отырысына Армения президенті Серж Саргсян және Қырғызстанның басшысы Алмазбек Атамбаев қатысты.
tengrinews.kz