Қазақстан Ресейге салынатын санкциялардың күшейтілуіне алаңдаулы
2014 ж. 13 мамыр
1452
2
Қазақстан Батыс тарапынан Ресейге салынып жатқан санкцияларға алаңдаулы деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сауалына жауап берген Қ. Келімбетов "Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Сондықтан Ресейге салынатын санкциялардың күшейюі бізді алаңдатуы тиіс" деді.
Сондай-ақ Қайрат Келімбетов "Қазақстанға келетін импорт өнімдерінің 36 пайызы Ресей өнімдері. Ал Қазақстанның 7 пайыз экспорты Ресей нарығына енеді. Біз Ресейден ауқымды капиталдың кетіп жатқанын, мұның арты Ресей экономикасының кері кетуіне апаратынын көріп отырмыз. Әрине, бұл біз үшін жағымсыз хабар. Қазақстан мен Ресей экономикасының тығыз байланыста екендігін ескере отырып біз мұндайда қалай әрекет ету керектігін, елдегі инфляция деңгейін қалай сақтап тұруды ойластырудамыз" деді.
Еске салайық, биылғы жылдың 21 наурызында АҚШ Ресейдің Украинаға қатысты әрекетіне байланысты санкция жариялаған болатын.
Ол кезде сакнциялар легі Ресейдің 27 тұлғасы мен "Ресей" банкіне қатысты түзілген. Санкцияның екінші толқыны 28 сәуір күні жалғасын тауып, ол "қара тізімге" Ресей президенті Владимир Путиннің маңында жүрген тұлғалар мен Ресейдің 17 компаниясы енді.
Артынша бұл санкциялардың АҚШ-тің IT-корпорациялары Microsoft, Symantec, Oracle және Hewlett-Packard компанияларымен қарым-қатынас орнатқан Ресей банктеріне де қатысы бары мәлім болды.
Сондай-ақ қазірде ЕуроОдақ құрамына енетін елдердің де Ресейге қатысты жаңа санкциялар даярлап жатқандығы белгілі болып отыр. Алдағы уақытта ЕуроОдақ аталмыш жаңа "қара тізімді" Қырым аумағында орналасқан 5 компания, 15 адаммен толықтыруы мүмкін.
tengrinews.kz