Ресейге қарсы санкцияға Байқоңыр да ілікті
2014 ж. 04 мамыр
2418
1
Батыстың бірнеше елі Украина билігін қолдау нышаны ретінде спутниктерін Ресей космодромдарынан ұшырудан бас тартты. Олардың арасында Ресей жалға алған Байқоңыр да бар.
АҚШ Қырымды бөліп алған Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізді. Оның ішінде жоғары технологиялық қорғаныс құралдарын экспорттауға тыйым да бар. Яғни енді америкалық электроника орнатылған кейбір спутниктер ғарышқа Ресей территориясындағы космодромдардан ұша алмайды.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл шектеуге Ресейдің Қазақстаннан жалға алған Байқоңыр космодромы да іліккен. Space news ғарыш саласы сайтының жазуынша, Байқоңырдан Atra 2G (Люксембург), Turksat 4B (Түркия) және Inmarsat 5F2 (Ұлыбритания) телекоммуникациялық спутниктерін ұшыру мәселесі шешілмей тұр. Өйткені оларға экспортқа шығаруға тыйым салынған америкалық электорника орнатылған.
Бұл спутниктерді ұшыру биылғы жаз-күз айларына жоспарланған еді. Лондондағы Inmarsat компаниясының мәлімдеуінше, Байқоңырдан биыл ұшуы тиіс болған екі спутникке бұл санкциялардың қатысы жоқ. Компания өкілі "АҚШ спутник өнеркәсібі қауымдастығымен кеңескеннен кейін санкциялар Ресейдің әскери мүмкіндігін арттыратын құрылғыларға ғана қатысты екені анықталды" дейді.
Басқа спутниктерді де ұшыруға тыйым салына ма, жоқ па - ол жағы белгісіз. Бірақ ондай болжам бар. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті тыйымдар туралы мәлімдемемен қатар кейбір ұйымдардың өтініші тиісті тексеріс жүргізілгеннен кейін орындалуы мүмкін деп хабарлады.
Ал Канаданың маусым айында ұшады деген M3MSat спутнигі ғарышқа Байқоңырдан аттанбайтыны анық болды. Спутникті құрастырушы Com Dev компаниясы Украинадағы жағдайға байланысты Байқоңырмен ынтымақтастықты тоқтата тұратынын АҚШ-тың жаңа санкцияларынан бір апта бұрын мәлімдеген.
Канада компаниясының ресми хабарламасында: "Біз Украинада болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, M3M спутнигін ұшыруды тоқтата тұру, әрі кез келген кідірістердің зиянын азайту жоспарына қатысты Канада үкіметімен келіссөз жүргіздік" деп жазылған.
Бұдан ертеректе Ресеймен байланыс жасауына тыйым салынған АҚШ-тың мемлекеттік құрылымдар тізіміне НАСА ғарыш агенттігі де енгізілген еді. Оларға Ресей өкілдерімен кездесуге, делегация алмасуға, электронды почта, телефон немесе видео арқылы байланысуға, ал ресейліктердің НАСА объектілеріне келуіне тыйым салынады.
Бірақ бұл шектеулердің халықаралық ғарыш станциясының ұшуды басқару бөліміне қатысты байланыстарға қатысы жоқ екені ескертілген. Ал Ресей бұл бағыттағы ынтымақтастықтан да бас тартуы мүмкін.
Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин АҚШ-қа "астронавтарын халықаралық ғарыш станциясына батутпен жеткізуді" ұсынды. Ресейдің ғарыш саласына жетекшілік ететін Дмитрий Рогозин - Ресей Қырымды бөліп алған соң АҚШ санкциясына іліккен алғашқы Ресей саясаткерлерінің бірі. Қазір осы себепке байланысты АҚШ 50-ге жуық жоғары лауазымды тұлға мен ондаған компанияға қарсы санкция енгізген.
"Азаттық" радиосы