Мұхтар Шаханов Қырым татарларына алаңдаулы
2014 ж. 11 наурыз
3189
3
Украинаның Жоғарғы Радасы Қырым мәртебесін айқындайтын референдумға нүкте қойды. Украина Президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов Қырым парламентінің референдумға қатысты шешімі заңсыз деген жарлық шығарды.
Күні кеше Қырым түбегі татарлары туысқан елдерге үндеу айтып, көмек қолын созған болатын. Ал қазақтың халық ақыны, Түркi әлемiнiң зиялылар одағы төрағасы Мұхтар Шаханов татарлар Ресейге қосылса, ұлттығы ұмытылады деп отыр.
Ресей империясының құрамында өте көп теперіш көрген қырым халқы амалсыздан қайта Ресей құрамына қосылуы мүмкін. Себебі жергілікті татарлар Қырым түбегінің жапа шегіп, қысым көруі мүмкіндігін айтты. Өйткені, Қырым парламенті "өлкені Ресейге қосылу туралы" шешім шығарып тастаған.
Алайда Украина Президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов Қырым парламентінің ұйғарымы заңсыз деген жарлық шығарды. Ал, Түркі зиялылар одағының төрағасы Мұхтар Шаханов елі мен жері үшін тегеурінді күресіп келе жатқан татарлар Ресей құрамына қосылса ұлттығының тамыры түбегейлі үзіледі -деп отыр.
"БҰҰ-ның заңында, ЮНЕСКО-ның заңында бар. Әрбір ел өзінің тілін, рухани құндылықтарын сақтау керек. Бұған ешкімнің ашық түрде қарсы тұруға қақысы жоқ. Міне Ресей осындай мәселелерге дұрыс көзқарас қалыптастырмай отыр", - дейді Шаханов.
Шахановтың сөзінше, Қазақстанның солтүстігіндегі 5 бірдей облысты Ресейдің кейбір өкілдері әлі күнге дейін өз меншігі санайды
Қырым түбегі татарлары Қазақстан, Әзірбайжан мен Түркия елдерінің мемлекет басшыларынан өздерін қолдауды сұрап, үндеу жолдаған. Ал Реджеп Ердоған Қырым татарларының делегациясын бұл мәселені талқылау үшін Анкараға шақырды.
Ұлт күрескері Мұхтар Шахановтың айтуынша, Ресей көптен бері Қырым жеріне ғана емес, елімізге де көз тігіп жүр. Бұл сөзіне дәлел ретінде ол жақында ғана Жириновскидің айтқан құйтырқы сөздерін мысалға келтірді.
"Орыстың басшылығы негізі осы деңгейде ойлайды, осы деңгейде ой қорытады. Сондықтан Жириновский ол кейде осылай ашық түрде тиісіп кететіні бар, дегенмен ол қазіргі кезеңдегі орыстың билігінің пікірін білдіріп отыр", - деді ақын.
Шахановтың сөзінше, Қазақстанның солтүстігіндегі 5 бірдей облысты Ресейдің кейбір өкілдері әлі күнге дейін өз меншігі санайды. Дәл осындай озбырлыққа ой жүгіртіп отырғандардың құлқынын басу үшін біз шетелдегі қандастарымыздың тоқтап тұрған көшін қайта жаңартып, оларға лайықты жағдай жасап, Солтүстік өңірге қазақтарды көбірек қоныстандыруымыз керек -деп отыр.