“ӘЛЕМ ҮШIНШI ДҮНИЕЖҮЗIЛIК СОҒЫСТЫҢ АЛДЫНДА ТҰР” ДЕЙДI КЕЙБIР САРАПШЫЛАР
2014 ж. 05 наурыз
1564
0
Украинаның бұрынғы президентi Виктор Янукович Ресейдiң Дондағы Ростов қаласына қашып барып, ақпанның соңғы күнi баспасөз мәслихатын өткiздi. Жүйкесi әбден тозған Янукович қаламсабын сындырып, “мен – заңды сайланған президентпiн” деп тепсiндi. Билiктi тартып алғандарды “террористер”, “фашистiк пиғылдағылар” деп айыптап, Путиннiң қамсыз отырғанына қайран қалды.
Янукович билiктiң жалына жармасып өлетiнiн анық аңғартты. Ол Қырымның Украина қарамағында екенiн қайта-қайта айтып, “Ресейдiң күш қолданғанын қаламаймын” дегенiмен, көмейi бүлкiлдеп тұрды. Егер Путин оның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етiп, билiгiн қайтарып алып берер болса, не нәрсенi де тәрк етуге дайын сияқты көрiндi. Тiптi Украинаның тәуелсiздiгiн де.
Ақпанның 26-сында Украинаның бас прокуратурасы экс-президент Виктор Януковичтiң, президент әкiмшiлiгiнiң бұрынғы жетекшiсi Александр Клюевтiң, бұрынғы бас прокурор Виктор Пшонканың, бұрынғы iшкi iстер министрi Виталий Захарченконың және тағы бiрнеше шендiнiң үстiнен қылмыстық iс қозғаған-ды. Бұларға бейбiт шерушiлердi жазым еттi деген айып тағылған. Украина бас прокуратурасы баспасөз мәслихатынан соң Януковичтiң үстiнен тағы бiр iс қозғады. “Янукович Украинаның коституциялық тұрақтылығын шайқалтуға әрекеттендi. Сол себептi оның үстiнен тағы бiр қылмыстық iс қозғадық”, – дедi бас прокурордың мiндетiн атқарушы Олег Махницкий.
"Жас Алаш" газеті