Шымкентте Отбасы банкінің 400 салымшысына “Шаңырақ” бағдарламасы бойынша пәтерлердің кілттері табысталды
2021 ж. 04 қараша
1323
0
Қуаныштан төбелері көкке бір елі жетпей тұрған бұл азаматтар енді “Тұран-2” шағынауданындағы жеті көпқабатты үйдің заңды иелері. Олардың әрқайсысы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов пен Отбасы банк филиалының директоры Дәурен Саудабаевтан шаңырағы биік, керегесі кең киіз үй бейнеленген салпыншағы бар пәтер кілттерін алды. Карантиндік шектеулерге байланысты салтанатты шараға барлық тұрғындарды бірдей шақыруға мүмкіндік болмады, алайда әр үйден бірнеше отбасы қатысты.
Жаңа қоныс иелерінің қатарында Жолдасбековтердің жас жанұясы да бар. Азамат пен Айдананың үйленгендеріне бір жылдан енді асқан. Отағасы Мақтарал ауданы Атакент кентіндегі аудандық аурухананың жедел жәрдем станциясында жүргізуші болып қызмет жасайды, жұбайы - “Болашақ” оңалту орталығында педагог-психолог. Отбасы банкінде депозитті олар үш жыл бұрын ашып, бастапқы жарнаны бірге жинаған. Алдын ала қамданып, болашағына инвестиция құйған бұл отбасының Шымкент қаласынан баспаналы болу туралы арманы бүгін орындалып отыр. Балаларының қуанышын бөлісуге үйдің үлкендері келіп, жастардың өмірі тәтті болсын деген ниетпен әр бөлмеге шашу шашты.
Екі ай бұрын дүниеге Айым есімді қызымыз келді. Бұл үлкен бақыт. Ал енді кең үш бөлмелі пәтерге көшейін деп жатырмыз. Біздің отбасымыз үшін бұл – екі еселенген бақыт. Банк менеджерлеріне алғысымыз шексіз. Олардың арқасында өтінім беріп, құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңдерінен сәтті өттік, - дейді Азамат Жолдасбеков.
Туыстарының құттықтауларын қабылдап жатқан тағы бір отбасы – Өскенбаевтар әулиеті. Көп жылдан бері жұбайлар бала-шағасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келген. Отағасы Серік Өскенбаев №10 Шымкент қалалық емханасында кардиолог болып қызмет атқарады. Әріптестердің кеңесімен ол 2013 жылы кезекке тұрып, сосын Отбасы банкінде депозит ашқан. Осы жылдың көктемінде «Шаңырақ» бағдарламасына қатысуға өтінім беріп, конкурс қорытындысымен пәтерге ие болды. Жергелікті әкімшілік Серікке бір миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын сыйлап, бастапқы жарна жинауға көмектесті.
«Шаңырақ» бағдарламасының арқасында біздің отбасымыздың енді өз шаңырағы бар. Пәтеріміздің бөлмелері кең және жарық. Үлкен отбасы үшін ол өте маңызды. Қазіргі таңда көбісі әлі күнге дейін баспаналы болуға мүмкіндіктердің кеңдігіне сенбейді. Алдыңа мақсат қойып, оған жетуге болатындығына біз дәлелміз. Осы шағынауданда менің бірнеше әріптестерім де пәтер сатыл алды, - дейді қуанышын жасырмаған Серік Өскенбаев.
“Тұран-2” шағынауданында «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 1728 пәтерлі 27 үйді беру жоспарланып отыр. Қазан айында ол жерде қоныс тойларын 200-ден астам отбасы тойлады. Ал енді пәтерлердің кілттері тағы 400 отбасыға табысталды.
- Керекті барлық инфрақұрылым жүргізілген, аулалар абаттандырылған, балалар ойын алаңшалары да, тұрақтар да жасақталған. Жаңа тұрғын кешеніндегі 1 шаршы метр құны 200 мың теңге, бұл қаладағы орташа нарықтағы бағадан екі есе төмен. Бұл баспананы «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы әкімшілікте баспанаға мұқтаж жан ретінде кезекке тұрған азаматтар ғана сатып ала алады. Отбасының әр мүшесіне келетін табыс көқлемі 126 917 теңгеден аспаған жағдайда. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі – жылына 5 пайыз (ЖТСМ – 5,2 пайыздан бастап). Бастапқы жарна – баспана бағасының 10 пайыза тең, - деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Жылдың соңына дейін тағы 1 128 адам баспаналы болады деп күтілуде. Келесі жылдың көктеміне дейін Шымкентте тағы 1 088 пәтерлі 18 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Олар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынуда.