Мәжіліс және мәслихаттардың сайлауы жөніндегі ОСК қаулысы қабылданды

ҚР Орталық сайлау комиссиясының "2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауындағы шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы" отырысы өтті.

Отырысқа саяси партиялардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан, БКБ режимінде облыстардың, Нұр-Cұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібі бойынша Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова сөз сөйледі. Өз сөзінде А.Щегорцова Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу жөніндегі өзінің халықаралық міндеттемелерін үнемі орындап келеді деп атап өтті.

Қазақстанда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары сайлауды байқауға Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша қатыса алады.

Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданды. Онда Сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес тиісті байқау рәсімі көзделді.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары ОСК Сыртқы істер министрлігінің ұсыну бойынша аккредиттеледі.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, егер оның Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болса, сайлауда байқауды жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, Сайлау туралы конституциялық заң шетелдік байқаушыларға аудармашының ілесіп жүру мүмкіндігін көздейді.

Аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2021 (екі мың жиырма бірінші) жылғы 4 (төртінші) қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталатынын белгілейді.