Ресей әскері Балқаш торабынан кетеді
2020 ж. 27 тамыз
1269
0
Қазақстандық және ресейлік бірқатар электронды БАҚ-та Қазақстан тарапының Балқаш торабын беру шарттары мен одан ары пайдалану тәртібі туралы үкіметаралық келісімді бұзатыны туралы ақпарат тарады. Осыған орай ҚР Қорғаныс министрлігінің келісімді жүзеге асыру мәселелерін қарастыру жөніндегі уәкілі, полковник Руслан Әміргереев түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2019 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапының Балқаш торабын пайдалану жөніндегі келісімді денонсациялау жоспары туралы ресми ақпарат алды. Осы жылдың шілдесінде ғарыштық әскердің бас қолбасшысы, генерал-полковник Александр Головко РФ Федерациясы кеңесіне ұсыныс жасап, онда Қазақстан аумағындағы ескірген «Днепр» радиолокациялық стансасын күтіп ұстаудың мақсатқа сай еместігін негіздеп берді. Қазіргі уақытта ресейлік армияның қару-жарағына жаңа «Воронеж» радиолокациялық стансасы түсіп жатыр. Бұл станса қазірдің өзінде Барнауыл мен Орск аудандарында орналастырылған. Өзінің тактикалық-техникалық сипаттамасы бойынша олар Балқаш торабында орнатылған «Днепрден» басым түседі. Осылайша, Мемлекеттік дума келісімді денонсакциялау туралы заңды қабылдап, РФ Федералдық жиналысының Федералдық кеңесі мақұлдады. Ал осы жылдың 31 маусымында Ресей Президенті Владимир Путин қол қойды»,- дейді ол.
Полковниктің атап өтуінше, келісім қолданысы 2020 жылдың желтоқсанында тоқтайды. Бұл ретте Балқаш торабының жер учаскесі мен мүлкін беру-қабылдау бірлескен комиссия арқылы жүзеге асырылады. Балқаш торабы 1964 жылы салынып, 1973 жылы пайдалануға берілген.
Ол өзінің қолданыс аумағында әуе және ғарыш кеңістігіне үздіксіз барлау жүргізуге арналған. Бұл бұрынғы Кеңес одағы күйрегеннен кейін Қазақстан аумағында қалған нысандардың бірі саналады. Торапты Ресей тарабы қайтарымсыз негізде пайдаланды.
«Станса заманауи талаптарға сай келмейтіндіктен Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Балқаш торабы аумағынан ресейлік әскери бөлім шығарылғаннан кейін «Днепр» стансасын жою туралы шешім қабылдады. Бұған қоса, келісімнің 6-бабы 1-тармағына сәйкес, РФ Үкіметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әскери басқаруындағы пункттерде ресейлік жүйеден зымыран шабуылы туралы ескерту ақпаратын көрсететін «Крокус» аппаратын орнату міндеттемесін алып отыр», - дейді Руслан Әміргереев.