Баспана алу үшін зейнетақы жинағынан қаражат беру бір айда шешіледі
2019 ж. 27 қараша
5757
4
Қазақстандықтарға баспана алу үшін зейнетақы жинағынан қаражат беру мәселесі алдағы бір ай ішінде шешілуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Естеріңізде болса, Президент Жолдауында зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға рұқсат беру мәселесін пысықтауды тапсырған еді. Және көп уақыт өтпей ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағын пайдалана алатындардың есебін шығарған болатын. Олар еліміздегі 20 мен 63 жас аралығындағы 9000-нан астам ер азамат және 2000-дай әйел адам ғана тұрғын үй немесе білім алу үшін зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалана алады деп ақпарат таратқан. Ведомство жүргізген есептеулер бойынша, зейнетақыны мерзімінен бұрын алу үшін 20 жастағы жігіттің шотында 6 миллион теңгеден астам ақша болуы тиіс. Ал, Қазақстанда мұндай салымы бар, бірде-бір азамат жоқтығы айтылған еді. Нәтижесінде, «Қоғамда баспана алу үшін деп берілген мүмкіндіктің қызығын бай-бағландар ғана көре ме?» деген сұрақ туындаған еді. Аталған ведомство басшысы бүгін бұл бар болғаны талдап-таразылау жұмыстары деп ақталды.
«Бұл жерде көптеген ұсыныстарды қарап жатырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша алдағы желтоқсан айында біз бір ұстанымға келіп, сол жұмыс топтың тарапынан Президентке ұсыныс жасауымыз керек. Әлі бірыңғай шешімге келген жоқпыз. Біздің елімізде 10 миллионға жуық зейнетақы қорындағы есеп шоттарымызда. Салымшылардың саны да 10 миллион деуге болады. Және жиналғаны 10 триллион теңге. Оның салымшылардың 70 пайызы жинағаны 1 миллион теңгеге дейін», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.