Алдағы үш жыл ішінде 9 мың пәтер жастарға жалға беріледі – Дәурен Абаев
2019 ж. 04 қараша
1755
0
Алматы қаласында жастарға жалға берілетін пәтерлерге 200-ден астам өтініш түскен. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мәжілісте өткен үкімет сағатында мәлімдеді, - деп хабарлайды 24.kz.
«2019 жылы 3 мың пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 5 жыл мерзімге жалға беріледі. Болжанған жалдау ақысы 15 мың теңгеден аспайды, ал тұрғын үй алаңы кемінде 40 шаршы метр. Нұр-Сұлтан қаласында пәтерлерге құжаттар қабылдау бүгін басталды. Алматы қаласы бойынша 200-ден астам өтінім түсті», - деді Дәурен Абаев.
Алдағы үш жыл ішінде осындай 9 мың пәтер берілетінін атап өтті.
«Бұл жүзеге асырылып жатқан шараларға қарап, жастарымыз баспана алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентке жаппай көшуі керек деп түсінбеу керек. Сондықтан бұл пәтерді алу шартының бірі – сол қалада 2 жыл тұрақты тұруы керек», - деді министр.
Сонымен бірге жастарға жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін қозғады.