Маңғыстауда баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді
2016 ж. 02 ақпан
2453
1
Маңғыстау облысында жетім балаларды баспанамен қамтуға үлкен көңіл бөлінеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында облыс әкімі Алик Айдарбаев айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Соңғы жылдары интернаттық мекемелердегі жетім балалардың саны азайды. Бұл қуантарлық жағдай. Мысалы, 2012 жылы 146 бала болса, 2015 жылы олардың саны 2 есеге азайып, 69 балаға жетті. Қазіргі таңда жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табуда», - дейді Маңғыстау облысының әкімі.
Оның баяндауынша, 2013-2015 жылдар аралығында 97 жетім балаға пәтер кілттері табыс етілген. 2016 жылы да осы жұмыс жалғасын таппақ.
«Құны 740 млн теңгені құрайтын 70 балаға пәтер алып беру жоспарланған. Қалған балаларды пәтермен табыстау 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», - деді А.Айдарбаев.
«Аймақтың тағы бір стратегиялық бағыты – құрылыс саласы. Бірнеше жылдан бері бұл сала жоғарғы көрсеткіштерге ие. Тұрғын үй құрылысы жылдан-жылға өсуде. 2015 жылы 180 млрд теңге көлемінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар 32 млрд теңгені құрады», - деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, былтыр облыста 645 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 867 отбасыға жалпы көлемі 100 мың шаршы метрге жуық 5 тұрғын үй салынды. Сонымен қатар, өңір басшысы «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының көрсеткіштері жоғары деңгейде екенін атап өтті. Аталған бағдарлама аясында Ақтау қаласында 120 жас отбасы қоныс тойын тойлаған.
qazaquni.kz
Дерек көзі: BNews.kz