Азат Перуашев: Ауылдан қалаға көшкен азаматтардың барар жері жоқ
2019 ж. 11 ақпан
2497
1
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев кезінде ауыл жастарына жатақхана салу туралы ұсынысы әлі де өзекті екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінде республика бойынша әкімдіктерде баспана кезегінде тұрғандар саны 1,5 миллион адамға жетті. Тағы бір миллионы жеке үй салу үшін жер учаскесін алу кезегінде тұр. Ал қазір елімізде жүзеге асып жатқан бағдарлама бойынша жылына 100 мың пәтер салу жоспарланған.
"Яғни, баспана кезегінде тұрғандардың жалпы саны 2,5 миллион адам. Сонымен қатар әр жыл сайын ауылдардан қалаларға 200-300 мың адам қоныс аударады. Бұл 300 мың ешқандай кезекке ілікпейді. Өйткені әкімдіктегі кезекке тұру үшін әкімдіктің "пропискасы" болуы керек немесе аз қамтылғандар қатарына жатуыңыз керек, яғни мүгедек, көп балалы отбасы, жетім немесе ардагер болуың керек. Мұндай жастар олардың қатарына жатпайтыны түсінікті. Сондықтан менің ауыл жастарына жатақхана салу ұсынысым осыдан туындаған болатын", - деп түсіндірді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Ол "барак" емес, заманауи жатақхана салуды ұсынғанын қадап айтты.
"Ауылдан қалаға көшкен азаматтардың барар жері жоқ. Содан кейін жігіттер арба сүйреп, ал қыздарымыз жеңіл жүріске салынады. Олар біздің балаларымыз", - деді мәжілісмен.
Айтуынша, жылына 100 мың пәтерден салынса, 1,5 миллион адамның кезегі тек 15 жылдан кейін аяқталады. Ал бұл аралықта ауылдардан қалаларға 3 миллион адам көшіп келеді.
"Сонда осы үш миллион адамды қайда жібереміз? Олар 15 жыл бойы қайда тұрады? Қай жерде отбасын құрып, бала туады? Міне, бұл проблема әлі де өзекті және шешімін тапқан жоқ", - деді ол.