ПАВЛОДАР АТЫН ӨЗГЕРТУДІҢ БЕС СЕБЕБІ
2018 ж. 02 қараша
11499
2
Бұл пост осыдан тура бір жыл бұрын жазылған еді. ФБ еске салып тұр. Көтерілген тақырып әлі күнге өзекті қалпында. Сондықтан оқырман назарына қайталап ұсынып отырмын.
"Төрт-бес күн бұрын осы тақырыпта орыс тілінде пост жазып едім. Оқырмандардың сұрауы бойынша енді оны қазақшаға аударуға тура келді. Әйтеуір пвлодарлықтардың бір кәдесіне жараса болғаны.
Соңғы кезде ономастика саласында көптеген сұрақтар туындап жүр. Әсіресе Павлодар атына байланысты айтыс-тартыс құлаққа көбірек шалынды. Әлбетте, бұл мәселелер өз шешімін табуға тиіс. Сондықтан бүгінгі таңда Павлодар атауын өзгертуге байланысты бес маңызды себеп барын айтқым келеді. Оларды төменде келтіре кетейін.
Бірінші. Павлодардың қазіргі атауы оған отаршылдық кезеңде 1861 жылы 4 (16) сәуірде патшалық билік тарапынан Александр ІІ-нің дүниеге келген кенже ұлы князь Павел Александровичтің құрметіне берілген. Алайда қазір Ресей самодержавиесі жоқ, ол тұрмақ одан кейін 70 билік құрған Кеңес өкіметі де тарих сахнасынан тайып кетті. Ал кешегі патша самодержавиесі мен бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан арасын байланыстырып тұрған ештеме жоқ.
Екінші. Бізбен достас мемлекет болып табылатын РФ үкіметі де жаңа қалаларына ат беруде патшалық фамилияларға басымдық бермейді. Іс жүзінде бұл да өткен шақ. Мәселен, Екатеринодар қаласының аты кезінде Краснодар деп өзгертілген. Ол кезде бұл өзгеріске ешкім ренжіген емес, бүгінгі таңда да қаланың атын қайтадан Екатеринодар деп өзгертейік деп жүрген ешкім жоқ. Бұл өмір, бұл уақыт таңдауы, бұл өз уақытының саясаты.
Үшінші. Мұндай саясат тәуелсіз Қазақстан үшін де маңызды. Отаршылдық дәуірді бастан кешірген кез-келген мемлекет отарсыздандыру үдерісін жүргізеді. Қазақ мемлекеттілігі де бұдан сырт қала алмайды. Қазақ мемлекеті онда тұратын барлық ұлт өкілдері үшін теңдей жағдай туғызып отыр. Ертіс өңірінде тұратын барлық диаспоралар Павлодар атын өзгерту мәселесіне түсіністікпен қарайды. Ал орыс диаспорасы болса Павлодар атын өзгерту бұл орыссыздандыру емес, елді отарлық кезең қалдықтарынан арылтатын отарсыздандыруға бастайтын қадам екендігін түсінуге тиісті.
Төртінші. Енді нақты Павелге – Александр ІІ-нің Павлодарға аты берілген кенже ұлына тоқталайық. Павел империяда ешқандай жауапты қызмет атқармаған. Ол саясаттан алыс, қатынқұмар жан болатын. Ол майдандарда ешқандай ерлік жасаған емес. Зор мүмкіндіктері бола тұра өзінің аты берілген қалаға еш көмек көрсетпеген. Бірде бір мектеп, бірде бір храм салдыртпапты. Қалтасынан көк тиын жұмсамаған. Тіпті өмірінде Павлодарға бірде бір рет келіп көрмепті. Сол кездегі патшалық Ресейдің қаржы министрі С.Ю.Виттенің айтуына қарағанда Павел Александрович «жаман адам емес еді, бірақ мүлде байғұс жан болатын». Ол 1902 жылы өзіне бағынышты гвардия полковнигі Эрих фон Пистолькорстің ажырасқан әйелімен морганикалық некеге тұрғаны үшін күллі патшалық артықшылықтарынан, таққа мұрагерлік құқықтарынан түгелдей айырылған болатын. Патша отбасының масқара болған осы сияқты ұрпағына Қазақстан түгілі Ресейде қазір қала атын беру мүмкін бе?
Бесінші. Қазақ халқы да, қазақ мемлекеттілігі де Павел Александровичті өлтіруге заң жүзінде де, моральдық тұрғыдан да жауапты болған емес. Оны 1919 жылы 30-қаңтарда таңғы сағат үште Петропавловск бекінісінде Благовидов пен Соловьев деген орыс солдаттары атып өлтірген. Яғни Қазақстанның мемлекетқұраушы ұлты мен жергілікті билік орындары Павлодар атын өзгертпейміз деп ешкімнің алдында мойнына алған міндеттемесі тағы жоқ.
Сондықтан жоғарыда келтірілген жайттар негізінде Павлодар облыстық мәслихаты таяу арада Павлодар қаласының атауын Керекуге ауыстыру жөнінде шешім қабылдауы қажет.
Марат Тоқашбаев, Қазақ үні