ҚАРЖЫ ИГЕРУ АЛЫНБАС ҚАМАЛҒА АЙНАЛДЫ
2018 ж. 22 қазан
2337
0
Жыл сайын бюджеттен түрлі бағдарламалар бойынша қыруар қаржы бөлінеді. Әрине, оның бәрі халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Алайда сол қаржы жылда толықтай игерілмей жатады.
Ағымдағы жылға жоспарланған жобалардың орындалуын қараған Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қарамағындағы министр мен әкімдерге игерілмеген қаржыны кейін қайтаратынын қатаң ескертті. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып созылмалы «сырқатқа» айналған. Қаншама рет айтылса да, жайбасар шенеунікер бюджет ақшасын уақтылы ұқсата алар емес. Өткен тоғыз айдың қорытынды есебі бойынша 53 миллиард теңге шоттарда пайдаланусыз жатқан көрінеді. Ал кейбір маңызды салаларға осы қаржы ауадай қажет. Ақшаны игере алмағандардың көшін Мәдениет және спорт, Қорғаныс, Ұлттық экономика министрліктері бастап тұр. Аймақтардағы әкімдіктер де қолдағы бар ақшаны игермеген. Әсіресе, Астана қаласы мен Түркістан облысы 10 миллиардқа жуық, Қызылорда 2, Алматы 1 жарым миллиард теңгені қажетке жарата алмаған. Бақытжан Сағынтаев жылдың соңына дейін тағы да 3 ай уақыт қалғанын айтып, әр айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы кейін қайтарылатынын тағы да ескертті.
Бүкіл халық сенім артып отырған қомақты бюджеттік қаржының игерілмеуі не себепті жыл сайын қайталанып отыр? Жобалар дұрыс жоспарланбай, ақша аймақтарға кеш түсіп жатыр ма, әлде басқа да себептері бар ма? Қаржыны игерілмеді деп қайтып алу түпкілікті шешім емес екені белгілі. Бүйте берсек алға қойған жоспараларымызды біз ешқашан орындай алмаймыз. Бұл мәселенің түп-тамырына тереңірек үңіліп, нақты шешетін кез жетті емес пе?..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz