ҮКІМЕТ АҚЖОЛДЫҚТАР ҰСЫНЫСЫН ҚҰПТАДЫ
2018 ж. 07 қыркүйек
2014
0
Үкімет «Ақ жол»-дың ұялы байланысты бұғаттайтын құрылғыларды еркін айналымға шығаруды және сатуды шектеу туралы ұсынысын құптайды – бұл туралы фракцияның үстіміздегі жылдың 20 маусымдағы депутаттық сауалына берген ресми жауабынан белгілі болды.
Естеріңізге сала кетсек, сол кезде «Ақ жол» депутаттары мұндай құрылғыларды пайдалануды шектеуді және оларды арнайы құралдар деп тануды талап еткен еді.
Ақпараттық технологиялардың дамуы аясында ұялы байланыстың қазақстандық операторлары қызмет көрсету аумағын кеңейту мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, құқық қорғау органдарының тікелей талабы бойынша, керісінше, ұялы байланысқа қолжетімдікті шектей де алады. Операторлардан бөлек, GSM-сигналды бұғаттау үшін арналған техникалық құрылғылардың көмегімен байланысты шектеу мүмкіндігі де бар. Бұл қадамдар қауіпсіздікті қамтатасыз ету мақсатында жедел-іздестіру шаралары кезінде және ұлттық қауіпсіздік тұрғысында лаңкестік қатерлердің алдын алу барысында іске асырылады.
«Ақ жол» бұл шаралар мен тиісті шектеулердің толық негізі бар деп санайды. Алайда, кейінгі кезде ұялы байланысты бұғаттаушы құрылғылар ҰБТ өткізу кезінде білім беру жүйесінде кеңінен пайдаланылды. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар порталында осындай «бұғаттаушы» құралдарды сатып алу туралы білім мекемелерінен өтінімдерді көруге болады. Елімізде қолданыстағы заңнама «бұғаттаушы» құралдарды таратушылар мен пайдаланушылардың іс-қимылдарын шектемейді. Аталған арнайы құрылғылар пайдакүнемдік мақсаттарда елеулі түрде экономикалық әрі әлеуметтік залал келтіруі ықтимал екеніне «Ақ жол» депутаттары алаңдаушылық білдірді. Мысалы, төлем терминалдарының, банкоматтардың, шұғыл жағдайларда хабар тарату барысында сымсыз жүйелердің, автодабылдардың жұмыстары бұзылады. Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясы жоғарыда айтылған ұялы байланысты бұғаттайтын құрылғыларды еркін айналымға шығарылмайтын және нарықта сатылмайтындай арнайы құралдар ретінде белгілеу қажет деп есептейді.
Үкімет «Ақ жол» фракциясы депутаттарының аталған ұсынысын құптады. «Осы мәселені жан-жақты және мұқият зерделеу үшін, соның ішінде ЕурАзЭҚ шеңберіндегі шетелдік тәжірибені және құрылғылар айналымын ескере отырып, уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің қатысуымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобын құру тапсырылды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі зерделеудің нәтижелері және қабылданатын шаралар туралы ағымдағы жылғы 20-шы қыркүйекке дейін сіздерге хабарлайтын болады», – делінген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қол қойған хатта.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және сайлаушылардың тілегін орындау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
qazaquni.kz