Ресей билігі қазақ жастарын тегін оқытуға неге құштар болып отыр?
2018 ж. 15 сәуір
4673
7
"Организатором выступило общественное объединение Славянский культурный центр, но из руководства школы и отдела образования там никого не было".
Жақында ғана ресейлік білім гранттарына қатысты арнайы постымды жасағанмын, өкінішке орай біздегі БАҚ тек тапсырыс түссе ғана қимылдай кетеді, ал бұл расымен немқұрайлы қарайтын мәселе емес.
Ресей неге қазақ жастарына 10 мың грант бөліп жатыр? Мысалы, Түркия шет елдік азаматтарға өз елінде оқыту үшін 100 000 грант бөледі. Оқып келгенімен, сол жақта қалғаны қаншама!
Ресей болса арнайы Қазақстан жастарына биыл 10 000 грант бөліп отыр. Оның 6 000 бакалавр, 4 000 магистратура мен докторантураға. Бұл қандай батпан құйрық? Не себептен ресейлік билік қазақстандық жастарды оқытуға құштарлығы артып отыр?
Ресейлік білім сапасына қатысты айтар мәселе басқа, десе де білім миграциясына он мыңдап бөлінген мырзалықтың астарында не жатыр?!
Кезінде еліміз Ауғаныстан жастарына 1000 грантты бөліп оқытты. Бұл халықаралық білім саласындағы қайырымдылық мақсатында жүрген. Дегенмен, көп ауған жастары келіп, оқып елдеріне қайтып жатыр.
Бұдан бұрын наурыздың басында Елбасының бес әлеуметтік бастамасында 20 мың қосымша грант бөлінетіні туралы айтылды. Бұл да орынды бағыт, әсіресе отандық ЖОО-ы үшін, отандық біліммен сусындау үшін керек десек, осы ретте, білім арқылы көрші елдің пиғылына мән бере кеткен жөн. Оларға не жорық?
Әрине бұл аймақтардағы абитуренттерді алаңдатпай Ресейде оқуға мүмкіндік алады, ал әрі-қарай қалай болмақ? Ресей грантты бұл - Ресей тәрбиесі, білімі, тілі деп қабылдауымыз керек. Мейлі, халықаралық ынтымақтастық бағыттағы келісім құжаттарында болса да, олай жастарымызға арнайы білім беріп тәрбиелемей-ақ қойсын, ол келешекке қауіпті әрекет.
Егер біз ақпараттық саясатта ресейлік БАҚ.-на азды-кем шектеу қойсақ, білім саласында да шектеуді енгізсек аздық етпейді, бұл жерде болашақ ұрпақтың потенсиалдық қамын ойлауымыз керек.
Онсыз да қазақыландыра алмай отырған аймақтар мен орыс тілді ағайындылар қуана-қуана кетуіне мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, өз балаларын жіберіп, сол жақта қалуларына жол ашылады.
Бәстессек те болады, жазда ресейлік консулдықта тапсырушылардың саны он мыңдап тұрса, қауіптің көзін сонда көретін боламыз.
Қазақта "кеткен малдың қайыры жоқ" деген сөз бар, әрине тура мағынада түсінбеу керек. Жалпы кеткен жастан ертеңгі күні қайыр болса игі. Қайыр болмаса, көршінің саясатына бауыры бұрып шықпасына ешкім де кепілдік бермейді. Өз басым сақтана қарар едім.
Ия, Абайдың өзі "орыстың ғылымы - өнері дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанға түседі" десе де, ол заманда Пушкин мен Толстойдың ғасыры бұл өркениет жолындағы даму ғасыры еді ғой. Бірақ, біздің келешегімізге орыстың қазіргі білімі, идеологиясы керек пе? Меніңше, Елбасы соңғы пікірлерінде
Финляндияның білімінен тәжірибесін алуды ұсынған. Финляндияның грантты болса қуанар едік, бірақ Ресейдің грантына жеті рет өлшеп бір рет кесіп қарау керек деп түсінемін.
Дегенмен, тыныш жатпайтын одақтас достарымыз, күні кеше Павлодардағы мектептерде өздерінің ЖОО.-на түсіру үшін арнайы олимпиадаларын жүргізді. Жергілікті билік бұған бірден реакция көрсетіп, заңсыздық деп тапты. Сөйтсе, Новосибирьден келген ЖОО.-ның өкілдері шекарадан қонақ ретінде өтіп, еліміздің білім мекемелерінде өздерінің насихаттық жұмыстарын жүргізіпті. Айтпақшы, ресейліктердің бұл алғашқы әрекеті емес, олар жылда емін-еркін шекарадан кіріп-шығып, Ресей Федерациясының біліміне жастарымызды үгіттеп шақырып жүрген. Бұны қалай түсінуге болады?
Дәл осы оқиғада ең қызығы елімізде құрылған "Славян мәдени орталығы" Қоғамдық бірлестігінің тікелей ұйымдастыру әрекеті ерекше көңіл аудартады. Бұлар кімдер сонда, Қазақстанның азаматтары неге өзге елдің саясатындағы білімнің үгітін ұйымдастырады. Олардың іс-әрекеттері қаншалықты еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне сәйкес келеді? Осыны анықтау керек сияқты.
Бәлкім, шет елден қаржы алып, еліміздің жастарын сол жаққа әбден насихаттап жіберетін пунктісі ма? Күмәнді сұрақтар көп. Өйткені, осы ұйым Қазақстанның ішкі ұлтаралық мақсаттағы диаспоралардың мәдени дамуына әрекет ететін ұйым болмауы керек емес пе еді?! Ендеше айдын күнінің аманында, бұларға не жорық!
Есімізде болса, өткен жылдың қазан айында Ресейдің Сочи қаласында Дүниежүзілік жастар форумы өтті. Сонда ресейлік ұйымдастырушылар Путиннің екі рет қатысатын он мыңдық жиналысына арнайы маусым айында тіркелімге сайт ашып, елімізде біраз қатысушыларды еркін қабылдап шақыртты. Бұны да жоғары да аталған мәдени орталықтың өкілдері насихат жұмыстарын жүргізіп, көп жастарды тартқан екен, сол кезде де шаңырақ иелерінен, ресми мекемелердің арнайы рұқсатын алмай қимылдапты-мыс.
Жалпы осындай әрекеттері құдды бір шпиондық-диверсиялық ұйымның кейпін танытады. Неге олар өзге елдің саясатын рұқсатсыз елімізде жүргізеді?. Жүргізсе де тегін жүргізбейтіні анық. Яғни, қаржы да бөлінетініне ешкім кепілдік бермейді.
Сол себепті, осындай сыртқы күштің саясатын астыртын ұйымдарды қатаң бақылауға алу керек. Өйткені олардың тірлігі ұлттық қауіпсіздікке әсер етеді. Бүгін болмаса да, жоспарлы түрде келешекке бағытталған болып шығып жүрмесін деп тілейік. Білім де мақсатына қарай қолданса атом бомабасынан да қауіпті құрал. Ал оған ақырындап тықылдап тұрған сағат тілін қосылып кеткеніне мән бермесек, бүгінгі күнге зар болып қалуымыз ықтимал.
Өйткені, қай ел болмасын, көрші еліне жасаған мысқал да болса қамқорлығы мен қайырымдылығының астарында жеке мүддесінің тұратындығын ұмытпайық. Кез-келген дүниеге есі дұрыс тарап қаржысын да, ресурсын да бөлмейді. Бөлген жағдайда әліптің артын күтпей, қарсы әрекеттенуіміз керек, өйткені таразы басында келешек ұрпағымыздың тағдыры тұр! Орыстың сөзімен айтсақ, "доверяй но проверяй!" ағайын!