Руза Бейсенбайтегі: Кондуктор қазақша жауап бермесе, автобустың астына түсемін
2018 ж. 19 наурыз
3378
15
Тіл күрескері Руза Бейсенбайтегі "Қамшы" порталының редакциясына хабарласып, Павлодардағы №111 қоғамдық көлігінде болған оқиғаны айтып берген екен.
— Жүргізуші автобусқа кірген бетте: «Оплатите проезд», - деп айтты. Мен: «Қазақша айтыңыз, мемлекеттік тілді ешкім алып тастаған жоқ дедім», - дейді Павлодар тұрғыны.
Жүргізуші болса орыс тілінде сөйлеп, қайтадан жолақысын төлеуін сұраған.
Ал Руза Бейсенбайтегі кондуктор қазақша сөйлемесе, жолақысын төлемейтінін айтқан.
Автобустағы жолаушылар сол сәтте қазақша сөйлеуді талап еткен тұрғынға жабыла кеткен көрінеді.
— Жолаушылар арасында орныма жолақысын төлеуді ұсынғандар да болды. Мен ақшамды аяп тұрған жоқпын, мемлекеттік тілдің қоғамдық орындарда сақталуын талап етіп отырмын, - дейді Руза Бейсенбайтегі.
Уақыт оздырмай Руза Бейсенбайтегі облыс әкімдігіне хабарласқан. Ол жердегілер тіл күрескерінің дауысын естіген соң тұтқаны қоя салған. Содан кейін қала әкімдігіне телефон соққан тіл жанашыры: «Егер әкімдіктегілер немесе полиция қызметкерлері аялдамада алдымнан шықпаса, автобустың астына түссем де, оны тоқтатамын», - деген.
Автобус аялдамаға тоқтаған кезде Руза Бейсенбайтегі оның алдына шығып, жолын бөгеген. Жүргізуші тіл күрескерін қорқытпақ болып, көліктің тұмсығымен кеудесінен ақырын итеріпті. Руза апай онысын елең қылмай, шынтағын тіреп тұрып алған. 5 минуттан соң полиция қызметкерлері келіп, екі жаққа да түсініктеме жаздырған. Нәтижесінде, автобус жүргізушісі Руза Бейсенбайтегінен орыс тілінде кешірім сұрапты.
— Мен жүргізушіге айттым: «Мен сізді кешіремін. Бірақ екі шартым бар: біріншіден, кешірімді мемлекеттік тілде сұрауыңыз керек; екіншіден, келесі жолы қоғамдық көлікте қазақ тілінде қызмет көрсетіңіз», - дедім. Жүргізуші бұл талабымды жауапсыз қалдырып, теріс бұрылып кетті, - дейді Руза Бейсенбайтегі.