Жастардың мүддесіндегі бес бастама
2018 ж. 10 наурыз
3578
0
Елбасының қос Палатаның біріккен отырысындағы сөзі Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы мен «Атамекен» пікірсайыс клубының 15 жылдығына орай өткізілген республикалық жарысындағы еліміздің түкпір-түкпірінен келген білімді жастардың ойындарында айтылған сөздеріне жауап болғандай шыққаны таң қалдырды.
Нақтырақ айтсақ, сол бір финалға шыққан жастардың «Шет елге кетіп жатқан жастардың легін қалай тоқтату керек?» деген сауалға қызыл кеңірдек болған додада «Жастар ертеңіне сенетін мемлекетте тұрғысы келеді, бірақ елде шықпа жаным шықпа деп күй кешкеннен гөрі, лайықты айлығы, тұрақты қоғамы, қабілетіне қарай сыйлайтын елге кеткенді құп көрген жастарды айыптау қиын ғой, «балам дейтін елі болмаса, елім дейтін ері» қайдан болсын?!» деген жастардың жанайқайы лық толы залдың ойынан шықты. Артынша спикерлердің азулы ой-пікірлері «қайтсек те, елдің мүддесінде қарекет қылу керектігімен» аяқталып, жүлделерін бөлісті. Бұл турнирде дені көп жастардың әлеуетінің бүгінгі қоғамдық пікірі анық көрінді, бұл – жастарға қатысты бір нәрсе істемек керек екен.
Айтса айтқандай, ізінше Елбасының тарихи үндеуі жарқ етті. Ерім дейтін елдіктің нышанындай, қаны тулаған жастардың жүректерін одан әрі лүпілдетіп жіберді. Ең бірінші адамның сөзімен, оның саяси ерік-жігерімен көптен бері үкілеп күткен әлеуметтік бағыттағы бес нақты бастамасы ұсынылды.
Президент өз сөзінде: «Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын» деді. Бұл пікірмен ертеңіне сенуді, қамқорлықты, қолдауды күткен жастардың басты сұрағына жауап беріп тұр.
Елбасының бүгінгі ұсыныстары барлығы дерлік – жастардың әлеуметтік мүддесінде шыққаны анық. Себебі, ипотека арқылы үйді 7 пайыздық жеңілдікпен 25 жылға алатындар – жас отбасылар ғой. Олардың мемлекеттік бағдарламамен жиналған шотында 3 млн. мөлшерінде тәртібімен болған жағдайда, әрі қарай тиісті жаңа жеңілдіктермен ұштастырылуда. Бұған егер жас шамасын, әлеуметтік тұрақтылығына аяқ басқан кезеңін ескерсек 25 жылға тек осы топтағылар, яғни жастар шығады.
Ал 60 мың теңгені 25 айлық көрсеткіштегі еңбекақыны алатындар сөзсіз, жас мамандар, мейлі ол мектеп мұғалімі немесе дәрігер болсын, мұндай айлықпен бір пайыздық салығымен алым арқылы басқадай шығындарын жабуға, несиесіне, күнделікті азық-түлігіне жеткізу үшін керектігі ескерілген.
Білім гранттарын 20 мыңға дейін көтеріп, оның 11 мыңын техникалық мамандықтарға көптеп түсірумен 350 мыңдай студенті бар еліміздің жағдайында, жалдамалы пәтердегі 75-80 пайызына қосымша екі жылда жатақханалармен қамту бағыты тұтас студенттер мен жас ғалымдардың мүмкіндіктеріне шешілген.
Әрине, Елбасы ауылдық аймақта жастарды ұстау, олардың кәсібін дөңгелету басты міндетке қойып отыр. Кезінде дәл осы әдісті Мұстафа Кемал Ататүрік өткен ғасырдың 30-жылдары жүзеге асырған болатын. Ауылдық фермалық кәсіпті, шағын қожалықтарды, кәсіпкерлікті өрбітуге шағын несиелерді бөлгізген. Бүгінгі күні мұндай бірнеше ауыл-аймақтарда кәсіп ашуды еселеп несиелеуді ұсынып отырған Елбасы міндетті түрде мұндай шапағатты тәуекелшіл жас кәсіпкерлерге бағыттап отырғаны анық.
Соңғы маңызды халықтық мәселеде, алдағы қысқа мерзімде өңірлердегі газбен қамтылуды атап отыр. Бұл негізгі жастардың сыртқа кету миграциясы басымдау Орталық, Солтүстік аймақтарға газды жеткізу жеделдетілмек. Бұл дегеніміз, аймақтық инфрақұрылымды күшейту болмақ. Күніне бес-алты шелектеп көмір жақпай, анағұрлым арзан жылу көзі тұрса, кім жылы жерінен қозғала қояр дейсің. Әлбетте, жас еңбеккерлердің, олардың отбасыларының, жалпы қарапайым тұрғындардың әлдеқайда қолдары ұзарып қалатын игі бастамасы десек, қателеспейміз.
Міне, осыдан шығатын қорытынды, ең аз қамтылған әлеуметтік топтың әлеуетінің тұрақталуы үшін Елбасы жастардың келешегіне алаңдайтындығын жеткізді. Олардың дұрыс, қалыпты әлеуметтік дамуына, баспанамен, жатақханамен, лайықты еңбекақымен, қолжетімді кәсіпкерлікпен, инфрақұрылымдық газбен қамтылуына ерекше көңіл аударып отырғаны жас жүректерге үміт отын лаулатады.
Жас мемлекеттің болашағы бәрібір жастардың қолында екенін және бүгінгі биліктің әрекеті мен бүйрегі жастарға бұрылып тұрғанын көрсетіп тұрғандай әсер қалдырады.
Жыл басы Наурызда басталған игі бастама ұзағынан сүйіндірсін.
Мақсат ЖАҚАУ, «Абай жолы ұлттық құндылықтар мектебі» қоғамдық қорының президенті, аймақтанушы
qazaquni.kz