Азат Перуашев: Біз ипотека алуға мүмкіндігі жоқ жастарға жатақхана салуды ұсындық
2017 ж. 15 сәуір
10629
58
Азат Пеуашевтың жатақханалар жайлы сауалы жөнінде «Время» газетіне сұхбаты, 14 сәуір 2017
- Шынын айтқанда, сіздің ас үй мен санитарлық торапсыз пәтерлер жайлы ұсыныңыз «Казнетті жарып шықты». Депутат Перуашев отандастарын лас, әрі аш көргісі келе ме?
- Мен, "Ак жол" фракциясы атынан, жақсы жабдықталған, көріктендірілген жатақханаларды салуды ұсындым. Ал «әжетханасы жоқ пәтерлер» жайлы сыбысты басқа біреу таратты, менің сөйлеген сөзімнен бес секундтық ролик қиып алып, желіге салып жіберді. Онда неге менің сөйлеген сөзімді толық көрсетпеске? Не болмаса, менің үкіметке нақты ұсыныстар енгізіп жатқан бөлігін? Мәжілістің сайтына кіріп, біздің нақты не ұсынып жатқанымызды сол жерден оқи аласыздар. Құжаттың орналастырылған уақытын да сол жерден бақылай аласыздар. Иә, менің пәтерді мысалға келтіргенім рас, мұндағы мақсатым – баспананың пайдалы және жалпы аумағы арасындағы ара қатынасты анық көрсету: ас үй мен санитарлық торап жалпы аумаққа кірмейтін жатақханада баспананың құны 40% арзанға түседі. Сондықтан жеке пәтердің ипотекасын қалтасы көтермейтіндер үшін жатақхана салу керек. Бұл жерде менің сыншыларым шу көтерген «ескі-құсқы» жатақхана туралы айтып жатқаным жоқ. Біз заманауи стандарттар бойынша абаттандырылған жатақханаларды салуды ұсынып отырмыз. Мұндай жатақханалар көптеген дамыған елдерде бар, олар, әдетте, жұмыссыздар немесе қоныс аударғандарға арналған. Және бұл үлгіде тек жатақханалар ғана емес, мысалға, еуропалық нормалар бойынша – бір жұлдызды қонақ үйдің әжетханасы мен ас үйі – бір қабатқа ортақ. Олардың бағасы арзан болғандықтан, үлкен сұранысқа ие. Мұндай қонақ үйлерді Германия, Польша, Франция, Скандинавия елдері, Жапония, Корея елдерінде көптеп кездестіруге болады. Сондықтан біз өткенге емес, өркениетті әлем қолданып жатқан тәжірибеге көшуді ұсынып отырмыз. Тіпті бай деген Германия елінің өзінде халықтың көбісі жалдамалы үйде тұрады, өйткені жекеменшік үй алуға кез келгеннің шамасы жете бермейді. Иә, жатақханалар мүлдем үйі жоқ, жағдайы жоқ жандарға арналған. Сол себепті, «бізді жатақханаға қамау керек емес» немесе «өзің барып тұр» сияқты сөздер – бос әңгіме. Біріншіден, еркінен тыс онда ешкімді күштеп апарып, тұрғызып қоймайды. Жатақхана салу – ол да ақша. Егер сіздің лайықты баспанаңыз болса – құба-құп, қуаныштымыз. Онда бұл бастама сіздер үшін емес, сізге қатысы жоқ мәселе жайлы қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Жеке өз басым 16 жастан 24 жасқа дейін жатақханада тұрдым. Әрине, 50 жасқа тақаған кезде өзіме жайлы баспана сатып алуыма әбден болады. Алайда бұл менің баспанаға мүлдем қолдарын жеткізе алмай жүрген жандар жайлы ойлауға кедергі болмауы тиіс, әсіресе, олар маған депутат ретінде келіп, көмек сұрағанда, бейжай отыра алмаймын. Ал мұндай адамдар бізде толып жатыр. Ал ең жағдайы қиын жандар – тұрмысын жақсарту мақсатында ауылдан қалаға келген жастар. Олар мүгедек емес, әлі көп балалы отбасы емес, тіркелген тұрғылықты жері жоқ, сондықтан әкімдіктегі кезек бойынша әлеуметтік тұрғын үй туралы армандамайды да. Сондай-ақ, 40-60 мың теңгеге жұмыс істеп, жалақысының жартысын жататын орын үшін берсе (әлі бір ай бойы бірдеңеге күн көру керек) – ипотеканың иісі олардың мұрындарына да бармайды! Сондықтан бұл жерде басқа шешу жолы керек. «Нұрлы жер» бағдарламасына 1,5 трлн теңге бөлінді – ал бұл тек қала тұрғындары мен ипотекаға көзделген. Ал, сонда, мына жастар ешкімге керек болмай қалды ғой? Мен мұнымен келіспеймін. Базар мен құрылыс маңындағы жеке секторды аралап көріңізші – мұнда антисанитариялық жағдайда, егеуқұйрықтармен бірге, әжетханасы далада, суық суы ғана бар әр бөлмеде 6-10 баладан тұрып жатыр! Міне, аш, әрі лас дегендер! Біз олармен кездестік, әңгімелестік. Олар анағұрлым жақсы жағдайда тұруға әрине қуанышты болар еді, жатақханадағы жеке бөлме – олар үшін қол жетпес арман! Өкінішке орай, бұл бүгінгі күннің шын бейнесі. Әрине, зор сұраныстың нәтижесінде жеке меншік иелері өздігінен біршама жақсартылған жатақханалар сала бастады. Дегенмен, олар өте аз, жағдайлары да «мәз» емес. Сондықтан "Ақ жол" партиясы жайлы жатақханаларды салуды ұсынып отыр, бұл жерде иесіне қыруар ақша төлемейсіз, жылы әжетхана, жуынатын жер мен ас үй. Осы арқылы ауылдан келген жастардың, мейлі арзан болсын, бірақ адамға лайық, бір жұлдызды болса да, еуропалық қонақ үйлер деңгейіндегі баспанаға қолдарын жеткізу. Сондықтан бұл жерде біз емес, жатақханаға қарсы шыққандар жастарды аш-жалаңаш, оның үстіне ауру қылғысы кеп отыр, өйткені бір топ боп антисанитариялық жағдайда салауатты өмір салты туралы сөз қозғаудың өзі әбестік. Шамамен бір-екі күн бұрын президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрген еді. Елбасы біздің ұлттық санамызды заман талабына сай бейімдеуді ұсынып отыр. Бұл бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық сәйкестендіру, білім, эволюция, сананың ашықтығы. Неліктен, қандай себеппен өз отандастарымызға өркендеуге, бәсекеге қабілетті болуға, өмірден өз орнын табуға мүмкіндік бермейміз? Қалай алып қарасақ та, бұнымыз қате: өз жастарымызды «сорлатып», тығырыққа итермелейтін болсақ, сонда елімізді кім үшін көркейтіп жатырмыз? Бұл жағдайда, керісінше, қоғам мен мемлекет бірігіп, жастарымызға білім алуға, жаңалықтар ашуға жағдай жасауға міндетті.
- Алғашқылардың бірі болып сіздің ұсынысыңызға пікір айтқан – сіздің бұрынғы әріптесіңіз және де «қол жұмсау» жекпе-жегінің әуесқойы Мұхтар Тінікеев еді. Оның сөзінше, өзінің туған жері Қарағандыда мұндай уақытша барақтар Сталин-Хрущев заманынан бері тұр. Сонда сіз барлығын бараққа қамап қоймақ ойыңыз бар ма?
- Мұхтар жай ғана бос сөздің жетегіне еріп кетті. Барақ деген не? Төрт қабырғасы, буржуй пештері, аула ортасында әжетханасы және екі квартал жерде су алатын колонкасы бар бейшара халдегі баспана. Дәл қазір осындай жағдайда тұрып жатқан адамдар да бар, біз заманауи жатақханаларды солар үшін салуды ұсындық. Жүргізілген уақытша тіркеу алғашқы үш айдың өзінде тіркелген орны бойынша тұрмайтын 690 мың азаматты анықтады. Олардың көп бөлігі – сол баяғы ауылдан қоныс аударып келгендер. Бұл тек бізге мәлім болғаны ғана, ал тыс қалған жандар қаншама. Өйткені салық төлеуден жалтару мақсатында, көптеген жалға берушілер өз тұрғындарын тіркеуге тұрғызбайды да. Олар учаскелік полиция қызметкерімен келісіп, оңай құтыла салады. Бұл да әлі мәселенің шегі емес. Мен өз сауалымда келтірген (желіде оны да қиып алып тастаған) демографтардың бағалауы бойынша болашақта ұзақ мерзіммен ауылдан қалаға қоныс аударушылардың саны 2,5 млн артық адамды құрайтын болады. Жоғарыда айтылған 690 мың, ал тіпті мына 2,5 млн адам да тұрғын үй бағдарламасында көзделмеген. Урбандалу – әлемде бірде-бір ел тоқтата алмаған үдеріс. Үйі-күйі жоқ, ашынған осындай халықты бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші?! Мүмкін сіз оларды байқамаған боларсыз, базар артындағы жекеменшік үйлерді араламаған шығарсыз, ал ондай адамдар бар, олар көп. Бұл біздің елдің азаматтары! Барлық қылмыс пен жезөкшелік дәл сол жерден өрбиді – қылмыстық деректерді оқып көріңіз. Ал мұндай «сорлылар» 5-6 есе көбейсе, онда не болмақ? Сол себепті мұндағы «болашақ барақтар» туралы үрейлі әңгімелер орынсыз деп санаймын. Біздің міндетіміз бұған қарама-қарсы – қазіргі барақтардан адамдарымызды құтқарып, лайықты өмір жағдайын жасау.
- Режиссер Нұртас Адамбай — әйел боп киінуді жақсы көретін – тіпті сіз туралы сурет шығарды: «Дубайда пилотсыз дрон жіберілсе, бізде депутат қазақстандықтар үшін әжетханасы мен ас үйі жоқ тұрғын үйлерді салуды ұсынып отыр». Тіпті бірнеше пікірдің өзін оқып отырып-ақ, жұртшылық сіздің бұл ұсынысыңызға наразы екені байқалуда.
- Қателеспесем, бұл келін Сабина емес пе? Тамаша кино, өте мейірімді, күлкілі, әрі өзекті. Біздің бастамамыз – тура осындай Нұртас дарынды кино түсіріп жүрген ауыл жастарының пайдасына қозғалып отыр. Олар ауылдан келген бетте, өздерінің қарапайымдылығы мен мейірімділігін жоғалтпай, ашынбай, құрдымға кетпей, келген жерінде пайдалы болып, мамандық игеріп, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуы үшін осындай ұсынысты көтеріп жатырмыз. Ерте ме, кеш пе, мұны Адамбай да, басқа адамдар да түсінеді деген үміттемін. Әзірше адамдар желіге сіңіп кеткен ақпарат үзіндісі бойынша ой толғап отыр ғой. Дегенмен, біздің ұсынысымыз қазақ сегменті ішінде зор қолдау тапты. Сондықтан, біздің ұсынысымызға «жаппай ыза» туралы пікір – былайша айтқанда, аздап асыра сілтеп айтылған. Жалпы, мен туралы кім не дегенін талқылау орынсыз деп санаймын. Мынадай сөз бар: «Ақылды адамдар идеяны талқылайды, қалғандары ақылды адамдарды талқылайды». Әрине, маған осыншалық назар аударған қуантады, тіпті плюс деуге болады, өйткені бұл дау барлығын айқын көрсетті. Ал, өз сыншыларыма айтарым: мен олардың барлығын құрмет тұтамын және тіпті түсінемін де. Өйткені «Депутат пәтерлерді әжетханасыз салуды ұсынды» деген тақырыптардың бірін көзім шалып қалған кезде – алғаш келген ойлардың бірі «Бұл неткен ақымақтық?» болған еді. Тек содан кейін, біздің ұсынысымызды қаншалықты бұрмалап алғанға көзім жетті. Танымал адам өмірінің қиын тұстарының бірі осы – кейде өзің туралы ақылға қонымсыз жайттарды біліп жатасың. Екіншіден: желі адамдарға өзін батыл сезінуге мүмкіндік береді, әңгімелесіп отырған адамды көзіңмен көрмейсің, ал оның саған қарсы дәйек келтіретін мүмкіндігі жоқ. Бұл «қисық телефон» ойыны сияқты. Бала кезде осы ойынды жақтыртпайтын едім. Үшіншіден, әрі ең бастысы: біздің ұсынысымыз арналған жандар желіде отырмайды. Олар аяғынан жығылғанша құрылыста жұмыс істейді, адам тасиды, базарда арба сүйреп жүреді, әйтеуір, шамасы жеткенше күн көріп жүргендер. Олардың көбінде компьютер де, смартфон да жоқ. Сондықтан олардың интернетте отырып, пікір жазуға уақыты да жоқ, жағдайы да жоқ. Бұл бір параллель өмір секілді, бірақ бұл шынайы бар өмір, оны біздің көптеген виртуалды батырларымыз көрген емес те шығар. Ал бір телеарнаның журналистері ерінбей, алматылық базарға барып, ондағы ауылдан келген отандастарымызбен әңгімелесті. Міне, сол адамдар біз ұсынып отырған жатақханадан бөлме алуды құп көріп, бізді қолдап отыр. Желіде аз-кем болсын жағдайы бар адамдар отыр, оларға жатақхана керек емес. Ондай адамдардың ой-санасының деңгейіне түсіп не керегі бар? Ал, олардың пікірлеріне көз жүгіртетін болсақ, оларды өз қамы көбірек алаңдатады: неге пәтерлер мүлдем тегін берілмейді? Сол ауылдыкілер неге ауылдарында отырмайды? Неге тек ауыл жастарына көмектесу керек? Неге... Неге... Сұрақтар, шынымен де, өзекті, бірақ депутаттық сауал процедура бойынша 5 минутпен және тақырып жағынан да шектелген. Біздің сауалымыздың тақырыбы «Нұрлы жер» болды, оның үстіне 5 минутқа сыйғызуға болатын тек бір аспектісі ғана қозғалды. Алайда бұл бағдарлама бойынша біз бірнеше өзге де сауал әзірлеп қойдық. Егер байқаған болсаңыз, «Ақ жол» фракциясы – ресми түрде үкіметтің осы бағдарламасына сын айтып жүрген жалғыз партия, бұл тіпті таң қалдырмайды да. Сонымен бірге, мұндай көші-қонды тежеу мақсатында қарқынды жұмыс жүргізу керек: ауыл шаруашылығын дамыту, ауылда жұмыс орындарын құру. Бірақ бұл өз алдына бөлек бір тақырып, ол да көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін кемсітпейді. Сондықтан, Мұхтар мен Нұртасты былай қойып, сауалда көтерілген тақырыпты сөз етейік. Танымал адамдарды емес, идеяларды талқылау керек.
- Осыдан екі жыл бұрын мен әуе апатында қайтыс болған инженердің отбасы туралы жазған едім – әйел үш баласымен жатақхананың суық бір бөлмесінде күн көріп жүрді, тек осы оқиға жария болғаннан кейін ғана, сол отбасына пәтер сатып әперді. Орташа күн көріс деңгейі бар адамдар сіз алға жылжытып отырған бағдарламаны қалталары көтере ме?
- Бұл отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Біздің көтеріп отырған бастамамыз дәл осы жайлы: «Нұрлы жер» - маңызды, қажетті, көп мәселені шешетін бағдарлама, дегенмен ол да барлық адамдарға лайық емес. Сол 1,5 триллионның соңғы бенефициары тағы да сол қаржы институттары болмақ. Егер қоғам несие бойынша төлемге қабілетсіз болса, банктер де тұрақты болмайды. Бұл бір парадокс: Қазақстан – табысты, мықты мемлекет, біз ең жоғарғы дәрежелі шараларды өткізіп жатырмыз, театр мен стадиондар салып жатырмыз... Ал, халқымыз белшесінен қарызға батып отыр: ипотека үшін, теледидар үшін, машина үшін... Сондықтан біз алғы шепте көмекке зәру адамдардың тізімін кеңейтуді ұсындық. Бағдарламада мүгедектер мен көп балалы отбасылар тыс қалған жоқ, ол дұрыс. Бірақ олар қалада тіркелген болуы тиіс, ал ауылдан келген адамдар ше?! Дәл сол жастар емес пе, аяққа нық тұрған соң, мамандық алып, жұмыс істеп, мемлекетке өз қарызын қайтаратын әлеуетті халық санаты солар емес пе?! Тіпті несие бойынша қайтармаса да, өзінің адал еңбегімен өтеуі де мүмкін, ал ол өз алдына капиталдан кем түспейтін құндылық! Біздің ұсынысымыз жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаларды төмендетуге де түрткі болмақ: біз жатақханалардың құрылысы баспананың құнын кем дегенде 40% төмендетуі мүмкін екенін көрсеттік. Бүгінгі күні бірқатар құрылыс компаниялары бір шаршы метр үшін 100-120 мың теңгеге Астанада (!) жатақхана салуға дайын екендерін растады, Айта кетейін, қазір пәтерлердің бір шаршы метрі 180-250 мың теңге тұрады. Ал өңірлерде бұл тіптен де арзан болмақ. Автоматты түрде жеке пәтерлерге бағалар да өзгере бастайды, ең алдымен бір бөлмелі – өйткені төлемге қабілетті халық анағұрлым арзан сегментке көше бастайды. Сөйтіп, ақырын-ақырын бүкіл пәтерлердің де құны өзгеруі мүмкін. Сол себепті, бұл жерде тек ауылдан келгендер ғана емес, тұрғын үйдің анағұрлым жоғары деңгейіне қол жеткізгісі келетіндер де ұтатын болады.
- Сіз, біздің көзіміз жету үшін, жаңағы компанияларды атап шыға аласыз ба?
- Айта аламын, бірақ бұл жарнама боп кетеді. Былай істейік: мен сіздерге олардың телефондарын берейін, сіздер хабарласып, барлығын да солардан анықтап біліп алыңыздар.
- Жақсы. Мысалы, Киевте ортақ ас үй мен санитарлық торабы бар баспана үшін мынадай термин қолданылады – «гостинка». Бұл жас отбасыларға арналған баспаның түрі, өз қатарластарымен бірге тұрып, уақыт өтісімен, одан да бір жақсы үйге ақша жинап алу мүмкіндігі бар. Сіздің идеяңыз – осындай «гостинка» секілді баспана деп айтуға бола ма?
- Меніңше, бұл жергілікті тілге лайықтап өзгертілген «хостел» халықаралық термині. Иә, дәл сондай баспана туралы. Бұл жерде гәп басқа да, «хостел» өмір бойына созылып кетуі мүмкін, оны болдырмау үшін жастарды ынталандырып, оқытып, жұмысқа тұрғызып, аздап қаражат төлеуге мәжбүрлеу керек. Экономиканы көтеріп, көзбояушылық үшін емес, нақты кәсіпорындар мен жұмыс орындарын құру керек. Лайықты жалақы төлеу керек. Сонда ғана – үш, бес, он жылдан кейін олар өздеріне лайықты жақсы баспана алуға қабілетті болады. Бірақ алғашқы үйін, алғашқы бөлмесін – көбісі ерекше тебіреніспен еске алатын болады. Бұл дамыған елдердегі жас отбасылар мен қоныс аударғандарды қолдаудың тәжірибесі. Біз өзімізді мықты мемлекет деп танытып жүрміз бе? Ендеше сол мемлекетте тұрып жатқан адамдардың халін де естен шығармайық.
- Маңызды сұрақтардың бірі – бұл жатақханаларды қайда салу керек. Әрине, бірінші кезекте үлкен қалада жұмыс істеу үшін екі астананың шетінде үйшік жалдап жүрген адамдар үшін қол ұшын созу керек. Ал, енді бәрімізге мәлім, дәл сол Алматы мен Астана маңында бос жерлер тапшы ғой...
- Шынын айтсақ, бүкіл Қазақстан Астана мен Алматыға көшіп келгені қажет емес. Сол Павлодар, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған, менің сүйікті Тараз қаласында өмір жанға жайлы болуы керек. Адамдар сол қалалардан көшпейтіндей. Егер жас адам өз өңірінде жақсы жұмыс тауып, жалақысы жоғары болса, ал ондағы өмір қызықты, әрі толыққанды болса – ешкім өз туған жерін астаналық күйбелең тірлік пен кептелістерге айырбастамайды. Тағы бір жайт: серіктес қалаларды дамыту. Жатақханалар қалашығы солар үшін әбден лайық.
- Біздің бәрімізге де аян, соның ішінде «Время» газетінің арқасында, тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламалар жемқорлық үшін негіз боп жатады. Сіздің заманауи жатақханаларыңыз да жаппай жергілікті әкімшілік шенеуліктерінің алыс-жақын туыстарымен, жеңілдікпен ипотека беретін банк қызметкерлерінің жерлестерімен өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың жеке баспана алуға қауқарсыз достарымен қолды болып кетеді деген қауіп жоқ па?
- Әрине мұндай қауіп бар. Оларды қайтіп азайтуға болатыны жайлы ойланайықшы. Жалпы, менің ескертейін дегенім, біздің ұсынысымыз – бұл талқылауға арналған тақырып, «дайын бағдарлама» емес. Желідегі пікір айтқандарға, бізді қолдайтындарға және қолдамайтындарға айтқан идеялары үшін алғысым шексіз, олар біздің ұсынысымызды тек күшейтіп, дамыта түсті. Әр жобада секілді, мұнда тек жақсы жақтары ғана емес, әрине осал тұстары да бар. Мысалы, жай ғана жатақханалар емес, кампустар – бүкіл қабатқа емес, 3-4 бөлмеге арналған жабдықтар бар баспана салу ұсынысы. Аз да болсын, бұл да баспана құнын төмендетеді. Біз мұндай тиімді ұсыныстарды қарастыруға әзірміз. Бірақ мынаны да ұмытпаған жөн, мұндай жатақханалар неғұрлым тартымды болса, жемқорлық үшін де соғұрлым негіз көп болады. Ал қарапайым жабдықталған хостелдерге нағыз жемқорлар басын да сұқпайды: олардан көп ақша таппайсың, ал оларға туыстарын жайғастыру «беделіне нұқсан». Айтпақшы, кейбір пікір жазушылар мен сарапшылар бұл сауалда «Ақ жол» партиясы кімнің мүдделерін қолдап отыр деп түрлі ой-пікірлер айтуда. Түсіндіріп кетейін: қарапайым адамдар мен ШОБ мүдделері. Ірі құрылыс компаниялары үшін мұндай жобалардың пайдасы аз.
- Уақыт өтісімен, мұндай жатақханалардың құрылысы геттоға айналып кетпейді ме, одан шығатын барлық себеп-салдармен – қылмыс, есірткі, жастар бандылары, тәртіпсіздіктер?
- Мұндай да қауіп бар. Бірақ қазір де олар аз емес. Қазіргі кезде үйі-күйі жоқ жастар қаланың түкпір-түкпіріндегі заңсыз барақтар мен «қораларды» мекендеп жүр. Осыдан кеп қылмыс та, жезөкшелік те, есірткі де шығады. Мұндай «бұзақы» аудандар кеңес үкіметі кезінде де болған – сол Шанхай, Жұмыс кенттері, сөз орайы келгенде айта кетейін, Майқұдықтар. Урбандалу қарқыны ұлғайған сайын, халықтың мұндай аудандарға қоныстауы да өсе түсті. Астана немесе Алматының кез келген жүргізушісі қай ауданда түнгі уақытта машинаны қалдырмаған жөн екенін бөкпесіз айтып береді, жай ғана машинаңыздан заттарды ұрлайды деп емес, тіпті өзіңізді де ұрып кету ғажап емес. Бұл бүгінгі күнде болып жатқан құбылыс. Ал біз жарқын және заманауи жастар қалашығын құруымыз керекпіз. Ал бұл қолымыздан қаншалықты келетіні – үкіметке де, бізге де, сендерге де, ең алдымен – сол жастардың өздеріне байланысты.
- Сіздің тарапыңызға айтылған осыншалық жағымсыз пікірлердің легі неге байланысты деп ойлайсыз? Ақпараттың аздығы, жалпы, депутаттарға деген кері көзқарас, олардың жалақысының өсуі немесе тағы басқа ма?
- Не нәрсені меңзеп отырғаныңызды түсініп отырмын, айтайын: сіз атағанның бәрі де бар шығар. Ең алдымен, бұрмаланған ақпарат. Екіншіден – депутаттардың жағдайы, барлық мемлекеттік органдардың қалқаны секілді, қайтейік, жұрттың көз алдында жүрген адамдардың тағдыры осындай. Тікелей бағытталған арандатушылықты да жоққа шығармаймын: «Ақ жол» партиясы көп адамға тыныштық бермей жүр. Мысалы, біздің шенеуліктер үшін банк құпиясын алып тастау туралы талабымыз, ұлттық компаниялардың сатып алуларындағы миллиондаған бұзушылықтары туралы тұрақты сауалдарымыз, бас прокуратураға оффшорлық шоттардың иелерінің аты-жөнін жария ету туралы ұсынысымыз, монополистік келу жолдарының ақылға қонымсыз тарифтері жөнінде жуырда жолданған сауалдар, ЖЖМ нарығындағы ахуалға қатысты сын-пікіріміз... Бұл маңызды емес. Біртіндеп желідегі талқылау эмоциялардан негізді дәйектерге көшіп, адамдардың көбісі бізді қолдап, ойларын білдіріп жатыр. Бәріміз де бір елде тұрамыз, бәріміз де еліміз үшін алаңдаймыз. Біздің бұл бастамамыз әлі бірталай адамдардың басын қосады деген үміттемін. Ерте ме, кеш пе, әлі бұл ұсынысымызды іске асыруға да жетерміз. Күнделікті күйбең тірлікпен, тұрмыс-тіршілік қамымен жүріп, өз жолы мен жақсы өмірді іздеп келген қандастарымыздың тағдырын да естен шығармаған абзал. Ақын Сабыр Адайдың керемет сөзі бар: «Әр қазақ менің жалғызым». Біз жастарға қажетпіз, жастар – бізге қажет.
- Әңгімеңізге рахмет.
Михаил Козачков
14 апреля 2017. http://www.time.kz/articles/ugol/2017/04/14/azat-peruasev-lider-partii-ak-zhol-kritikanov-proshu-ne-bespokoitsja