«Кемел келешек үшін жұмыс істеп жатырмыз!»
2016 ж. 07 қазан
2462
1
26-қыркүйек күні Шымкент қаласындағы «Ақ жол» партиясының Оңтүстік Қазақстан облысындағы бөлімшесінің кеңсесінде осы облыстағы алғашқы Күн электр стансасының салынуына арналған «қоғамдық тыңдау» болып өтті. Отырыс басында Нұрлан Қапенов, «Samruk Kazyna-United Green» ЖШС-нің бас директоры, шағын баяндама жасап, жиналған көпшілікті жобаның мән-жайымен таныстырды.
– Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөржар Күн электр стансасын мемлекеттік-жекешелік кәсіпкерліктің жарқын үлгісі деуге болады, өйткені, бұл жобаға шетелдік «United Green» компаниясымен қатар оның жергілікті әріптесі «Бақыт» ЖШС-де қатысып отыр. Стансаның құрылысына да, пайдалануға берілгеніне де жергілікті жұмысшы, мамандар қатыстырылады. Бұған дейін Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында қуаты 50 мвт. күн электр стансасын салғанбыз. Екі жылдай болды, жақсы жұмыс істеп тұр. Міне, соның құрылысына қатысқан 300 қызметкердің 250 жергілікті мамандар болды. Бөржарда шамамен 100 шақты адам құрылысқа тартылады, соның кем дегенде 70-і жергілікті мамандар болады деп айта аламын. Болашақта стансаның жұмыс істеуін қамтамасыз етіп тұратын мамандар да солар болады.
Күн электр стансасының салынуы қажеттіліктен туып отырғаны бәрімізге де аян, себебі, тек Оңтүстік Қазақстан облысы ғана емес, бүкіл күнгей өлкеде электр қуаты тапшы. Ал, елімізде алдағы уақытта өндіріс орындары көптеп ашылмақшы. Демек, электр стансаларын көптеп салуымыз қажет. Республикамызда біз оны негізінен көмір жағу арқылы аламыз. Соның салдарынан 17 млн. ғана халқымыз бола тұра, ауаға зиянды қалдықтар жіберу жөнінен алдыңғы қатардамыз. Сондай стансаны табиғаты тамаша оңтүстік өңірге салсақ не болады?!..
Рас, көміріміз ең арзан өндірілетін көмірдің бірі. Бірақ, тек экономиканы ғана ойлауға болмайды ғой. Сондықтан, үкіметіміз көмір емес, су, жел, күн секілді жаңғырып тұратын қуат көздеріне негізделген стансалардан алынар энергия үлесін 2020-жылға қарай бүкіл өндірілер энергияның 3 пайызына жеткізуді көздеп отыр. Бұл көрсеткіш бізде әзірге 0,6 пайыз ғана. Оның үстіне жерасты қазба байлығын бүгін сарқа пайдаланар болсақ, болашақ ұрпағымызға не қалдырамыз? Олар ертең бізді қандай сөзбен еске алатын болады?..
Бөржар КЭС-ның тағы бір ерекшелігі – ол өзіміздің Үштөбеде өндірілген кремнийден, астанадағы «Астана-Солар» отандық кәсіпорынында жасалған пластиналардан құрастырылады. Және құрылыс барысында жер рельефіне, ландшафтына ешқандай зиян келмейді. Күн стансасынан ешқандай радиация да жоқ.
Нұрлан Танабаев, «Бақыт» ЖШС-нің өкілі осы серіктестіктің ауыл шаруашылық өнімдерін өсіруге арналған егістік алқабына қойылатын күн батареяларының егістік жерге ешқандай зияны болмайтындықтан екі жақ келісім жасағанына тоқталып, бұндай стансалар күнгейде көптеп салынуға тиіс деді.
Лаврентий Тимофеев, Алматыдағы «Энергия систем ресурс» жобалау институтының өкілі, аталмыш жобаның менеджері: Техникалық-экономикалық негіздемеге кең сипаттама берді. Станса әрқайсысының 220 вт. 64 мың пластинадан тұрады. Тиімділік коэффициенті 19-ға тең. Жаздың ыстық айларында күн ыстық болғанымен оның қуаты сәл кемиді. Ол жалпы күн батареяларының табиғатының ерекшелігіне байланысты. Күн электр стансасы өндірген энергия жалпы энергиялық желіге қосылады.
Анарбек Орман, «Су арнасы» ЖШС-нің бас директоры, «Ақ жол» партиясының ОҚО бөлімшесінің төрағасы: Еліміздің президенті Н.Назарбаевтың «жасыл экономиканы» дамыту жөнінде үкіметіміздің алдына қойған жоспары көп. «ЭКСПО-2017» де сол қатардан. Шетелдерде әр үйдің төбесіне қойып тастаған шағын күн қуатын тартатын панельдерді көресіз. Солар арқылы үйдің ішін жылыту мен ыстық су мәселесі толық шешілген. Бізде ол енді қолға алынып жатыр. Менің өзім энергияның балама көздерінің Германия, Жапония секілді дамыған шет елдердегі тәжірибесімен таныстым. Мысалы, Жапонияда үкімет қарапайым халыққа «сіздер күн энергиясын пайдаланатын болсаңыздар, бүгін соған ат салыссаңыздар, күн электр стансасын жұмысқа кіріскеннен кейін сіздердің жұмсаған ақшаларыңыздың 30 пайызын қайтарып береді» деп үгіт-насихат жұмысын жүргізген. Біздің отырысымызға да бүгін түрлі партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің облыстық жетекшілері келіп отыр. Халықтың жайын бірінші кезекте ойлайтын сіздер бәріміз ақылдасып, бірігіп, жапон үлгісінен үйреніп, күн энергиясын пайдаланғысы келетін адамдардың үлесін көбейтуге, тіпті оған халықты түгелдей тартуға атсалыссақ, кеткен шығынның 50 пайызын қайтарып беретін мемлекеттің субсидиясын алуға, үкіметтің халықтың жағдай жақсы болуы үшін қуаты 16 мгвт. бір ғана станса емес, дәл сондай талай станса салуына, сөйтіп, түптеп келгенде шетелдегідей барлық үйіміздің төбесінде күн батареяларының тұруына қол жеткізсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Қалмахан Бейбітов, «Аумақтық қоғамдық өзін-өзі басқару» ҚБ төрағасы: Ленин «коммунизм дегеніміз – кеңес өкіметі және елді электрлендіру» деп еді. Ендеше, бұл мәселе біз үшін таңсық емес. Міне, Анарбек Орманның жаңашылдығының, іскерлігінің арқасында дәл осы бәріміз отырған ғимараттың төбесінде тұрған шағын күн электр стансасы жарық та беріп, жылытып та отыр. Оны неге айтпаймыз? Бұл істе тәжірибелеріңіз бар екен, бұл бастама халықты сәл де болса жұмысссыздықтан құтқаратын игі бастама екен, табиғатқа, экологияға зияны жоқ екен, ендеше «қоғамдық тыңдау» өткізуіміз керек деп несіне жалтақтайсыздар? Қайта бұндай жобалардың қарқынын күшейтіп, санын көбейтіп, білек сыбана кірісу керек. Келген сіздер де, осы жерде отырған азаматтар да, бәрі осы елдің патриоттары, әлемдік озық үлгіден артта қалмағанымыз дұрыс. Істеріңізге береке берсін!
Бұдан кейін осы жолдар авторы бастап, басқалар қостап бас директорға біраз сұрақтар қойылды.
– Неге нақ осы Бөржар таңдап алынды, таңдау өлшемі (критерийі) болған нәрсе не?
– Бөржар ауылын таңдаған себебіміз, «Бахыт» ЖШС-нің әріптесі Анарбек Оңғарұлының тәжірибесіне сүйендік, бұл кісімен бірлесе жұмыс істегіміз келді. Ормановтың тек өз қаржысына, жеке кәсіпкер ретінде екі мини-станса орнатуы – бұл еліміздегі тұңғыш та теңдессіз тәжірибе. Бұндай қадамға басқа ешбір жеке кәсіпкер әлі барған жоқ. Біз болсақ мемлекет көмегіне сүйенеміз.
Екіншіден, Бөржар ауылының айналасында қаланың кәріздік су жүйесінің сүзгіден өткізген суымен суландырылатын егіс алқабы бар. Ол жерде кішкентай су қоймасына қойылған шағын су электр стансасы да бар. Біз осының бәрін ескердік.
– КЭС қуаты неге 16 мвт, неге 160 емес?
– Неге 16 мвт? «Астана-Солардың» жобалық қуаты бір жылға – 56 мвт. Бірақ, олар жұмысты бастағалы 37 мвт қуаттық панельдерді ғана жасап шығарып үлгерді. 20 мвт. қуаттық стансаны басқа компания алдын-ала сатып алып қойды. Рас, олар әлі орнатқан жоқ, бірақ, орнатар жоспарлары бар. Қалған 17 мвт-тың 1 мвт-ын жеке адам сатып алды. Әрине, біз де әуел баста 50 мвт. қондырғы қойғымыз келген, дегенмен, әзірге қолдағы барымен қимылдай береміз.
– Анарбек Орманов секілді іскерлерге қолдау көрсетіп, офистер ғимаратының, көп қабатты үйлердің үстіне мини-станса қою ойларыңызда бар ма?
– Егер заңға сәйкес жеке адам 5 квт. қондырғы қойса, мемлекет онда құнынының 50 пайызын әлгі адамға қайтарады. Бізде ең арзан электрлік энергия – орта есеппен 20 теңге айналасында. Шетелдіктер бізге таң қалады. Ал, күн энергиясы – қымбат. Қуаты 5 квт. болатын мини-станса орнату 5 млн.теңгеге түседі. Ал, 5 квт көп емес қой. Европада үйлердің төбесінде күн батареяларын көп болатыны, даласында жел диірменнің толып тұратын себебі – оларда желідегі электр энергиясының 1 квт. орта есеппен 60 теңге. Сондықтан, 70 теңгелік күн стансасы оларға қымбат емес.
– «Самұрық-Қазына» жел диірмендерін қоюды жоспарлап отыр ма?
– «Самұрық-Энергия» компаниясының жоспарында бар еді, бірақ, доллар бағамының екі есе өсіп кетуі жұмыстың бәрін тоқтатып қойды. Себебі, біз оған қажетті техниканың бәрін шетелдерден аламыз. Әйтпесе, Ақмола облысының Ерейментау ауданында қуаты 45 мвт. жел диірмені тұрғызылған былтыр. Бұндай тариф тұрғанда ешқандай шетелдік инвесторлар бізге келмейді.
– Сіздер болашақта бұл облыста осындай стансалар салуды жоспарлап отырсыздар ма?
– Күн стансасына қажет панельді өзімізде жасап шығаратын болғандықтан, біз оларды алдағы уақытта да жасай береміз. Жаңа стансаларды да сала бермекпіз. Соның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысында да. Әрине, облыс әкімшілігі бізге қол ұшын беретін болса.
– Бөржар күн стансасының құны қанша?
– 11 млрд. теңгеден астам.
– Ал, қайтарым мерзімі?
– 10 жыл. Біз әр квт-ына 70 теңгеден алғанның өзінде жұмсаған шығынымызды 10 жыл ішінде ғана қайтара аламыз.
– Сіздер өндірген энергияны кімге сатасыздар?
– Біз оны тек мемлекетке сата аламыз. Әзірге біздің өнімімізді сатып алатын жекешелер жоқ. КЕГОК-тың жанынан қаржылық-есептік орталық құрылған, сол бізден сатып алады да, бүкіл республикалық желіге қосып жібереді, сол орталық арқылы есептесу жүргіземіз.
– Станса қанша уақыт жұмыс істейді деп жобаланған?
– Стансаның жарамдылық мерзімі 25 жыл деп жобаланған, бірақ, бұл азайтылып есептелген мерзім, іс жүзінде станса 40 жылға дейін қалыпты жұмыс істей береді.
– Оның қуатын 16 мвт-тан өсіруге бола ма?
– Болғанда қандай! Болады ғана емес, өсіру керек!
– 16 мвт. қуат алу үшін, стансаға қанша шаршы метр жер керек?
– Дұрыс сұрақ, станса панелдері 35 гектар жерге жайылады.
– Сіздердің панельдеріңіздің бағасы қытайлық панелдерден қымбат емес пе?
– «Астана-Солар» алғашқы панельдерін шығара бастағанда өте қымбат еді, кәзір ондай емес, баға саясаты бізде қайта қаралды. Қытайлық салмақты, әлемдік үздіктердің қатарына кіретін компаниялардың панельдерінің бағасы, көлік шығынын қосқанда, біздікімен шамалас. Ал, майда-шүйде компаниялар арзанға шығарады, бірақ, олардың ғұмыры 5 жылдан арыға бармайды...
Құрметті әріптестер, сіздерге бүгін осы жиынға келіп, белсенді түрде қатысқандарыңыз үшін көп алғыс айтамын! Тәулігіне 22 эшелон, вагон емес, 22 эшелон көмір жағатын Балқаш электр стансасынан бас тарттық. Менің туған өлкем, Екібастұзда жел карьер жақтан соқса, қаладағы көліктің бәрінің қандай күйге ұшырайтынын сезіп отырған шығарсыздар. Мен оқыған Өскеменде жағдай одан да қиын. Бәрі көмірді біздің көп қолдануымыздың кесірінен. Германияда ұшақ билетінің екі түрі бар. Мысалы, 50 евро және 55 евро. 5 евро «жасыл энергия» көздерін көбейтуге жұмсалалды. Немістер – патриоттар, олар ондай билетті көп алады... Біз де болашағымыз үшін зиянсыз энергияға жұмсалар шығындарға қиналмайық!
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz