Мұхтар Тайжан: Қытай зорлықпен жерімізді басып алмайды
2016 ж. 02 маусым
3450
30
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қоғам қайраткері, жер жөніндегі комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжан жер мәселесіндегі қытайлықтарға қатысты өз пікірін білдірді деп хабарлайды Baq.kz.
Мұхтар Тайжан жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысын оң бағалап отыр.
«Жұмысымыздың нәтижесі жақсы болады деп сенемін. Себебі бұл тұжырымым комиссия жұмысымен негізделген. Қазір халық комиссияға зор үміт артып отыр, білемін. Мораторий жарияланды, қауіп жоқ, заң тоқтатылды. Қазіргі уақытта комиссиямыздың қандай сапалы жұмыс істейтініне байланысты», - деді ол.
Сондай-ақ ол митинг пен толқулардың түпкі себебіне де тоқталды деп жазады Qamshy.kz порталы.
«Қазір біздің экономикамыз өте күрделі жағдайда қалып отыр. Халықтың әл-ауқаты күрт төмендеп кетті. Кешегі митингілер тек жер мәселесінен емес, сондай әлеуметтік шиеленістерден туып отыр. Бүгінде елімізде 18 жасқа толған 9,6 миллион адам болса, олардың 7,3 миллионында түрлі несиелері бар екен. Ал, солардың ішінде 1,3 миллион адамның үш айдан бері төленбей келе жатқан төлемдері бар. Міне, осыдан-ақ әлеуметтік шиеленістің деңгейін көруге болады. Біздің экономикалық саясатымызды өзгертпесек, тиімді шаралар қолданбасақ, бұл жағдай одан әрі шиеленісе береді. Халық қазір әлеуметтік қиындықтармен қатар, басқару жүйесіндегі жемқорлықтан да әбден қажыды. Жемқорлық біздің мемлекетімізді құрдымға сүйреп барады. Бұл – үлкен қауіп», - дейді саясаткер.