Премьер-министр ауыса ма?
2016 ж. 16 мамыр
2639
1
Санаулы күннен соң жадыраған жаз жетеді. Жаңару мезгілі саналатын көктемде қазақтың көңілі жайланбды. Қаржылық қиындықтан туған түрлі проблемалар билікті де, басқаны да тығырыққа тіреді. Елдің ертеңге деген үмітінен күдігі басым. Бірақ, жабыққан жұрттың көңілі жазда жадырайды деген үміт жоқ емес.
Әлеуметтік желіде жиі айтылып жүргендей, Қазақстандағы жер мәселесі біраз адамды жер қылды. Көсемсіген депутат та, көлгірсіген шенеунік те, тіпті, басынан бақайшығына дейін билікшіл блогерлердің де бір сыпырасы осы жер дауының арқасында табансыздығымен әлемге болмаса да Алашқа әшкере болды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық ауыр жағдайға, заңның осалдығы мен жемқорлыққа да көз жұмып келген халықтың бітеу жарасы осы Жерге келгенде жарылды. Ішінен небір уыт ақтарылуда. Өлі еті шықпай тоқтамайтын сияқты.
Басында баланың ойынындай көріп, билік орындары мән бермеген митинг бүгінде елдің де, ел басшыларының да бас ауруына айналды. Шарықтау шегіне жеткен мәселенің тігісін жатқызады делінген анау комиссия да қауқарсыз құрылым болған сияқты. Алғашқы отырыс басталмай жатып атыраулық ереуілші Макс Боқаев оның жұмысына қатысудан бас тартса, бірінші жиынына да тағы 4-5 мүшесі қатыспай қойды. Ендігі жұмысына астаналық белсенді Мақсат Ілиясұлы мен экс-сенатор Зәуреш Батталова да араласпайтынын мәлімдеп, комиссия құрамынан шығып кетті. Олардың құқықтық мәртебесі күмәнді жер комиссиясы құрамынан шығуы бұл мәселеден аулақ кетті дегенді білдірмесе керек. Белсенділер билікті иліктірудің жалғыз жолын наразылық білдіріп, митингке шығудан ғана көретін сияқты.
Қазір ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде, саясаттанушылар мен саясаткерлер арасында «Жақын күндері Үкімет отставкаға кетеді екен, премьер-министр ауысады екен» деген әңгіменің ұшығы шыға бастады. Ол да негізсіз емес. Жерге наразы топтар («халық» дейін десек, жерді сатпақ ниеттегілер де өздерін «халық өкілі» атап жүр) әу баста «Үкімет ауыссын, К. Мәсімов кетсін» деген талап қоймады. Мұндай талаптар айтылса, кейін келе, белсенділердің, митингке шыққандардың айқайы еленбеген соң айтылуы мүмкін. Демек, мұндай ақпарат ортаға тегіннен тегін емес және сол биліктің бастамасымен тасталуы да ғажап емес. Өйткені, жалпы республикалық наразылық шаралары өтетін уақыт жақындап қалды. Ал, Үкімет пен парламент депутаттары қанша жерден жанұшыра «түсіндірсе де» ел наразылығы басылатын түрі көрінбейді. Митинг бастамашыларының да мәселенің «маңызын түсінетін» түрі көрінбейді.
Үкімет отставкасы туралы әңгімеге тағы бір себеп – сол үкіметтің шынымен де көптен бері ауыспағандығы. Премьер-министр К. Мәсімов 2007 жылдан бері араға екі жыл ғана үзіліс жасап, үкімет тізгінін ұстап келеді. Орынбасарлары мен министрлік басшыларының да дені ескі құрам, жаңадан қосылған шенеуніктер жоқтың қасы. Демек, президент, парламент сайлауларынан кейін жаңармаған үкіметті шынымен де бір сілкілеп алатын мезгіл жеткен болар. Оның үстіне, 5 мамыр күні Ақордада өткен Үкімет жиынында жер реформасына қатысты президент үкімет басшысын да, министрлерді де сынға алды. К. Мәсімовтің өзі де бұл мәселеде шет қалғанын, түсіндіру жұмыстарында кемшіліктер жібергенін мойындады.
Биліктен тәуелсіз бірқатар басылымдар мен оппозициялық саясаткерлер үкімет басшысының ауысатынына еш күманданбайды, қайта, К. Мәсімовтің орнына кім тағайындалатынын талқылап жатқан жайы бар. Атқарушы билікті басқаруға ендігі уақытта халықтың басым бөлігі қолдайтын, ел арасында ерекше харизмасы бар тұлға таңдалады дейді олар. Ондай тұлғалар жоқ емес, жеткілікті билік айналасында. Алайда, бір креслодан екіншісіне ауысып жүре беретін ол шенеуніктердің өткен-кеткені, білім-білігі елге аян. Қай-қайсысына болса да көңілі толмайтын бір себеп табылады. Яғни, үкімет басына жаңадан келген ескі саясаткерлердің қайсысы болса да экономиканы өрге сүйреп, халықтың алаң көңілін орнына түсіреді деп сену қиын. Бірақ, үміт сыйлауы мүмкін. Осы «үміт сыйлайды» ден сенгендіктен бе, әлеуметтік желіде «Иманғали Тасмағамбетов премьерлікке тағайындалады екен" деген болжам айтылуда. Оған біреулер 2003 жылы Имекеңнің өзі осы жер дауына қатысты премьер-министр креслосынан кеткенін контраргумент ретінде айтуда. Премьерлікке «ұсынылып» жатқан келесі үміткер – К. Мәсімовтің бүгінгі бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев. Үкімет құрамында біршама кадрлық ауыс-түйістер, құрылымдық өзгерістер болғанына қарамастан ықпалды лауазымын ешкімге бермей келе жатқан Сағынтаевқа президенттің сенім артуы мүмкін. Оны мына жер комиссиясына төрағалық етуімен де түсіндіре салуға болады. Алайда, Б. Сағынтаевтың жоғары билік айналасында абыройы болғанмен, ел ішінде сүйкімді саясаткер деп айта алмаймыз. Осы күнге дейін ықпалды саяси тұлға ретінде ашылмаған, облыс әкімдеріне дейін шебер болып алған пиар технологиялардан ада шенеунікті елдің бәрі қолдап кетеді деу қиын.
Осылайша жерден шыққан шу билік пен халық арасына үлкен жік салды. Бұл күрделі мәселені шешу, елдің билікке деген сенімін қалпына келтіру тек бір адамның – Елбасының ғана қолында. Жер комиссиясы мен түсіндіру жұмыстары тиісті нәтиже бермесе, ауылдан астанаға дейінгі халықтың наразылығы басылмаса, Кәрім Мәсімов те ұзақ жыл отырған орнын басқаға тапсыруы әбден мүмкін. Қалай болғанда да ақпарат алаңына мұндай болжам бекер тасталған жоқ. Жазға жаңа премьермен кіреміз бе, бұрынғысымен барамыз ба, жақын күндері белгілі болады.
Дархан Мұқантегі