Ленин өлген жоқ...
2016 ж. 09 наурыз
3302
1
Бұл идеологияның жұмсартып айтқанда қазаққа қандай кесірі тигенін қазбалап кетсек, ақылды ашуға жеңдіріп алуымыз мүмкін. Оның орнына бүгінгі өмірден көрініс беретін коммунизмнің кеселдерін көрсетіп кетелік.
Черчилль не дейді?
Егер орыс коммунизмін бесігінде тұншықтырсақ, адамзат шексіз бақытты болар еді. Коммунистер өркениетке қарсы күрес жүргізіп жатыр. Олар халықаралық қайыршылар, қылмыскерлер, сауатсыздар, дүбәралар одағын құрмақ.
Либерализм – бұл коммунизм емес және ешқашанда болмайды… Коммунизм байлықты құртуды мақсат тұтса, либерализм кедейлікті жоюмен күреседі. Коммунизм жеке мүддені жойса, либерализм оны қорғайды және қоғамның құқығымен тең дәрежеде қарастырады. Коммунизм кәсіпкерліктің түбіне жетсе, либерализм оны гүлдендіреді, заңсыз шектеулерден арылтады. Коммунизм тәртіпті басты орынға қойса, либерализмде адам – ең басты құндылық. Коммунизм капиталды жек көрсе, либерализм монополиямен күреседі.
(Уинстон Черчилль – Британияның саяси қайраткері, Ұлыбритания премьер-министрі).
Сенатордың сауалы
Іштей біз өзімізді Орта Азиядағы қазіргі түсінікпен алып қарағанда, əлі де болса «орта ғасырда» өмір сүретін кейбір мемлекеттерден артық қоямыз. Анығы, артық ештеңеміз жоқ.
Күні кеше бір сенатор интернетті қалай өшіріп тастауға болатынын сұрады. Ойлап қарасаңыз, осындай да сауал бола ма? Мұның өзі оның бойындағы əлі де болса «өлмеген» коммунистік түсініктің сарқыншағы.
Шенеунік неге әміршіл?
Байқайсыз ба, біздің шенеуніктердің халықпен арадағы байланысында бір өктемдік, анығырақ айтсақ, əміршілдік бар. Өзін сауатты, ақылды етіп көрсетуге тырысу… Əлдебір жағдай бола қалса халықпен бетпе-бет тілдесуге мəжбүр болатын əкім-қара кішірейгісі келмейді, керісінше ұрсып, өзінше ақыл-кеңес айтқансып сөйлейді. Мұның өзі əлгі əкім-қараға коммунистік идеологиядан жұққан жəне əлі де жойыла қоймаған дерт. «Коммунимзге дөрекілік пен қатыгездік ешқашан артық етпейді» дейтін Сталин бастап берген мұны…
Кеңес одағының қаңсығы
Жолда ескі «Жигули», қаңсыған «Москвич» көрсек, басып озғымыз келіп тұрады. Артынан жүргіміз, алдымызға шығарғымыз келмейді. «Сəбет» үкіметінің қырық жылғы қаңсығы бүгінгі ортаға біртүрлі үйлеспейді. Себебі, жолдағы жылдамдыққа ілесе алмайды. Эстетикалық сиқы туралы үндемей-ақ қойдық. Елу жылда ел жаңарды, бірақ «Жигули» өзгерген жоқ. Өзгермеген, жаңармаған, жақсармаған дүниені қандай қажетіңе жаратасың? Коммунистік идеология да дəл солай тозған, іріп-шіріген, ескірген. Ол бүгінгі өмірдің көшіне ілесе алатын жағдайда емес, негізінде.
Коммунистік партия қатарында жастар не істеп жүр?
Ендеше ақыл есі дұрыс адам осы идеологияның сойылын соғатын партияның құрамына өтпесе керек еді. Бəлкім аға буынға кешіріммен қарауға болар, себебі олар енді түзелмейді. Оларды дәл осы күйінде шығарып салу керек… Бəрінен бұрын қазіргі Коммунистік партияның қатарында жастар не істеп жүр? Осыған таңғаламыз. Олар бұл партияның құрамына қай принциптерін ұнатқандықтан және қай бастамаларын қолдағандықтан қосылды. Арасында кеңестік дəуірді мүлдем көрмеген, қызыл галстук тақпаған Тəуелсіздік құрдастары да толып жүр дейді…
Елдің ертеңі, тәуелсіздік тұтқасы дейін ұрпақ өмірлік көштен кейін қалған, ұстанымының өзі жаңа дәуірдің принциптерімен мүлдем үйлеспейтін партияның қатарында қай бетімен жүр? Бізді қойшы, өздері осы туралы ойлана ма екен?
Одан бұрын Тəуелсіздік құрдастарын осы партияның құрамындағы аға буын «оқытып» тастаған жоқ па? Байқаймыз, «оқытып» тастаған. Олар да коммунизмді құлай сүйетін ағалары сияқты Батыстың құндылықтарынан ерекше жиіркенеді.
Өткен жолы партия құрамындағы барша жас коммунист жиналып, өздерінің айтуынша, адамды мəдени тұрғыдан аздыратын Батыстың кинодискілерін трактордың табанына таптатты. Қандай қарабайыр акция еді. «Салтанатты рəсімнің» барысында осы жиынға қатысқан коммунистер Батыстың мəдениетін аты жаман ауруға теңепті. Анығы, бұл – əумесерлік. Жоқ, рас. Себебі, біз үшін коммунист жастардың Батыстың, АҚШ-тың дискілерін өртегені таңғаларлық жаңалық емес. Әлдеқашан ескірген, айтары таусылған, Батысқа былайша айтқанда, капитализмнің дүниесіне алып-қосары жоқ жүйенің соған қарсы қарсыласқан немесе қарсыласпақ болған əлсіз əрекеті ғана бұл…
Әне-міне парламенттен орын алу – сайланып отырған Коммунистік партияның қатарындағы жастар «алыстағы жаудан іргедегі дұшпан əлдеқайда қауіпті» екенін білмей ме? Білмейді. Білсе, дәп қазір Батыс мəдениетінен бұрын Тәуелсіздікке, тұтастыққа осы коммунизм əлдеқайда қауіпті екенін ұғынар еді.
Иә, ресейшіл. Батыстың құндылықтарына бұлайша қарсы шыққан партиялардың барлығы ресейшіл, керек десеңіз, путиншіл. Байқайсыз ба, іргедегі көрші Ленинді тірілтіп, Сталинді жаңғыртуда. Ресей өткенін сағынып, мұны Путиннің аузымен айтқызып жатыр. Айтпақшы, Путин не деді?
Бір жолы Қызыл империяны құлатқаны үшін Ленинді кінəлады. Ал енді бір жолы Кеңес үкіметінің қирағанын «өткен ғасырдың ең үлкен трагедиясына» теңеді. Мұны мұндағы өткенді есіне түсірсе көз жасын көл қылатындар естімеді дейсіз бе?
Анығында, Ленин өлген жоқ. Оның идеясы әлі жасап келеді.
Думан БЫҚАЙ
Дерек көзі: dalanews.kz