АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ӨТЕМАҚЫ ҚАШАН ТӨЛЕНЕДІ?

a6loeemY  Өткен қыс ауыл тұрғындарына аз ауыртпалық арқалатпады. Өйткені жұрт шөбін енді шауып-жинап қалған күзде ірі су қоймаларынан су жберіліп, Ертіс өзені тасып, өткелдерді су шайды. Ми батпақта ешбір техника аяқ аттай алмай қалды. Одан соң қар ете түсіп, шөп тасымалы қиындап кетті. Көктемде су санаулы күндер ғана жайылып, шабындық алқап дұрыс ылғалданбағандықтан шөптің шығымы да төмен болды. Сөйтіп 2015 жылдың көктемін тағатсыздана күткен ел шыдап бақты. Наурыз айы аяқталған кезде екі айлық мөлшердегі қар түсіп, ел тағы да тығырыққа тірелді. Бір уыс шөпсіз қалған елдің қорасында аштан өлген малы ғана қалды. Қу сүйекке айналған малдың көкке аузы әзер жетті. Ел бар қиындықты өзі еңсерді. Үкіметтен де, жергілікті биліктен де қайыр болмады. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей жай сөзбен жанашырлық танытудан қандай нәтиже шықсын. Содан соң ел жайлауға шығуға қамданып, малдарының қанын алғызып, ветеринарлық тексерістен өткізе бастады. Бруцеллез ауруы шықпаған жыл болмайды. Жыл сайын азды-көпті мал арық болса да етке тапсырылып, тиын-тебенге беріледі. Биыл ауруға шалдыққан малға өтемақы төленеді дегенді естіген жұрт сәл де болса жұбанғандай болды. Май ауданының 11 ауылдық елді мекенінде тексеріс жұмыстары атқарылып, ветеринария бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 625 бас ірі қара малдан бруцеллез ауруы анықталған, оның ішінде 429 бас ірі қара мал Павлодар қаласындағы «Рубиком» және Май ауданындағы «Ақжар-Өндіріс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы ет комбинатына тапсырылған. Бұдан бөлек 391 бас ұсақ малдан бруцеллез ауруы анықталып, 242 бас ұсақ мал «Ақжар-Өндіріс» ЖШС қарасты ет комбинатына тапсырылыпты. Ұсақ және ірі қара мал иелеріне белгіленген мөлшерге сәйкес тапсырылған малдың елу пайыздық құны төленуі керек. Тексеріс қорытындылары сәуір айында шығарылса да, ауыл тұрғындары Үкіметтен берілер өтемақыларын әлі ала алмай жүр. Оның үстіне түрлі себептермен Семей қаласындағы ет комбинаты мен «Ақжар-Өндіріс» ЖШС халыққа қарызын қайтармаған көрінеді. Май ауданында жануарлар мен адамның денсаулығына ерекше қауіп төндіретін, алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын өтеу жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Комиссия төрайымы Май ауданының әкімі Бегзия Ысқақова. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 7 млн. 232 мың теңге бөлініп, жергілікті ветеринария бөлімі арқылы ауыл тұрғындарына үлестіріліп берілмек. Қаражат тексеріс жүргізіліп, ауру ерте анықталған ауылдардан бастап төленбек. Өтемақы мөлшері Павлодар облысы әкімдігінің отырысында қаралып, аудандардағы нарықтық ең төмен баға мөлшерінде алынған. Мәселен, сиыр 149 мың теңге, бұқа 265 мың теңге, 6 айлық бұқашық 50 мың теңге мөлшерінде есептелген, ал қошқар 30 мың теңге, саулық қой 24 мың теңгеге бағаланған. Осы көрсетілген қаражаттың тең жартысы мал иелеріне берілуі тиіс. Мысалы, 2 сиырыңыздан бруцеллез ауруы анықталса етін ет комбинатына тапсырасыз және Үкімет тарапынан әр сиырыңыз үшін 74 мың 500 теңге көлемінде өтемақы аласыз. Май ауданында алдымен Жұмыскер және Май ауылдарында тексеріс жасалыпты, Жұмыскерде 63 бас ірі қара мал, ауданмен аттас Май ауылында 150 бас ірі қара мал бруцеллез ауруына шалдыққан. 150-ге 63-ті қоссаңыз, 213 болады, оны 74,5 мыңға көбейтіңіз, 15 млн. 868 мың 500 теңге болады. Сонда Үкіметтен беріліп отырған 7 млн. 232 мың  теңге Май ауданының екі ауылынан аспайды. Қалған 9 ауыл тұрғындары өтемақыларын қашан алады?! Көктемнен бері күткен ел жазды да өткізіп, күзге жетті. 7 миллионнан астам қаражаттың 5 миллионы қыркүйекте, қалғаны қазан мен қарашада үлестірілмек. Жұмыскер мен Май ауылына жетпей тұрған қаражат орталыққа жақын Малайсары мен Кеңтүбекке қажан беріледі. Еңбекақысы мардымсыз жұрт тек қолындағы малына арқа сүйейді. Малын етке тапсырып, қолына тиер азын-аулақ қаражатқа қайтадан мал сатып алғысы келетін ауыл тұрғындары өз үндерін Үкіметке жеткізе алмауда. Өтемақы төлей алмаса, өтемақы төлейміз деп халықты әбігерге салудың қажеті қанша?! Жуырда маған Кеңтүбек ауылының тұрғындары Мұрат Смағұлов, Дәмелі Исина, Нұрлан Қалжанов, Мұрат Сағымбаев, Сүйіндік Достаев, Руслан Бакауов, Бейбіт Жексенов, Ыбырай Бейсекеев есімді ауыл тұрғындары жолығып, өтемақыларын әлі ала алмай жүргендерін айтты. Аудандағы құзырлы органдар «қаражат республикалық бюджеттен бөлінетіндіктен, біз берілген қаражатты үлестіріп беруден басқа ештеңе істей алмаймыз», деді. Май ауданында күн көріс көзі – мал шаруашылығы. Сондықтан мал иелерінің алаңдауы өте орынды. Үкіметтен алар өтемақысын мезгілінде бермеу – ауыл тұрғындарының жағдайына бейтараптық танытуды көрсетеді. Миллиондап ғана емес, миллиардтап кетіп жатқан халық қаржысының аздаған миллионы ел қолына тисе қазына толы қазанымыз ортайып қалмас.  

Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ,

Май ауданы,

Павлодар облысы

qazaquni.kz