Аман Төлеевтің бір ерлігі - "Ұрпақты шетелге сатпау!"
2015 ж. 17 қыркүйек
4839
2
Аман Төлеев тағы да Кемеров облысының губернаторлығына сайлауға түсіп, рекордтық 96,76 пайыз дауыс жинап, бесінші рет губернатор болды.
Аман Төлеев 2012 жылы Кузбасста (Ресей) ең алғаш "Жетім балаларды шетелдіктердің және АҚШ азаматтарының асырап алуына тыйым салу туралы" аймақтық Заңын қабылдатқан. Осы заңның аясында Кемеров облысының балаларын американдықтармен, шетелдіктермен асырап алуына тыйым салған еді. Алайда, жергілікті прокуратура бұл заңның күшін жояды. Бірақ, уақыт өте келе осы заңның үлгісінде федералдық деңгейде Дума арнайы заңды бүкіл елге қабылдайды. Өкінішке орай, біздегі әкімдерді айтпағанда, Үкіметтің өзі мұндай қадамға бармақ түгілі, пысқырмай да отыр. Осы уақытқа дейін 8500-ден астам балаларымызды шетелге сатып үлгердік. Жетісер елдің қылығына салып, Заңымызбен мүмкіндік те бердік. Шетелдік конвенцияларды мойындаймыз деп, Жансейт Түймебав ҚР БҒМ министрі болып тұрғанында осы заңды "уралап" Парламентте қабылдатып жіберген. Айтпақшы, сол кезде Мәжілісте аты-шулы ақын, әнші-жырау ағаларымыз да отырған депутат болып?! Әлгі заңда "егер шетел асқан бала 18 жасқа келсе, қай елдің азаматтығын алса да ерікті" деген баптары бар. Ал енді ойлаңыз, бала бауырына басып, өсірген шет елдің азаматтығын таңдайды ма? Әлде, керек етпей, сәбиін сатып, қазынасына пайда түсірген тасжүрек Отанының азаматтығын алады ма? Соңғысын 100% таңдамайды! Сонда "елге қызмет - мінезден" деп тапқан Төлеевтің ерлігін неге осы уақытқа дейін қайтала алмай жүр биліктегілер?! Бұған бар болғаны, әлгі саудагер безбүйрек заңның күшін жойығызатын шешімді шығару ғана, одан ұтпасақ, бюджетіміз тесіліп, шетелдіктердің алдында халықаралық абыройымыз түспес?! Онсыз да, санымыз аз халыққа экономикалық қауіпсіздікке жауап беретіндей 25 миллиондық санға жетуіміз керек. Өйтпесек, санға шықпай, сапаның да ауылы алыс болары анық. Бір ерліктен қағылып отырған осындай жайымыз бар. Қайран, Аман Төлеевтей ағаларымыз, бізге де керек-ақ... Айтпақшы, жақында ғана Аман Төлеев тағы да бесінші рет Кемеров облысының губернаторлығына сайлауға түсіп, рекордтық 96,76 пайыз дауыс жинап, губернатор болды. Сыртта жұрген сұңқарымыздың жұлдызы жарқырай берсін! Мақсат Жақау, «Ақ жол» ҚДП төраға кеңесшісі, саясаттанушы