Қаралы үйдің дастарқаны мен мерекелік дастарқанның айырмашылығы жер мен көктей болуы керек
Қостанайға көшіп келгеніме жыл жарым болса да, пауладарлық дос-жараннан қол үзіп қалған жоқпын. Жуырда бір танысым телефон шалды. Әдеттегідей, амандық-саулық сұрасып отырып, мынадай қуанышты хабар естідім. Пауладар облысы имамдары мынадай шешімге (пәтуаға) келген екен. Құдайы асқа (қаралы үй ас бергенде, жетісі, қырқы, жылы т.б.) тек ет, бауырсақ, сүтпен шай, қант, құрт пен жент қойылса болды. Ал, дастарқанның көркін ашып, мерекелік реңк беретін алма, апельсин, арахис, мейіз, өрік, шабдалы, қияр, қызан сияқты жеміс-жидектер мен көкөністер, тіпті, кәмпит-пешене, вафли, халуа, түрлі салаттар, лимонад, торт сияқты "басы артық - мерекелік" тағамдардың қойылуына имамдар бірауыздан қарсылық білдірген. Қазақта: "Өлім байдың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген сөз бар. Соңғы кездері
бірінен-бірі қалғысы келмеген жұрт бәсекеге түсіп, Құдайы ас бергенде қарызданып, немесе несие алып, кейін төлей алмай қиналатын еді, енді мына шешім көпшіліктің көңілінен шықса керек. Соңғы жылдары: "Той мен Құдайы астың айырмашылығы болмай қалды" деп, өкпе-назын айтып жүрген тұрғындар үшін бұл айтарлықтай жақсы жаңалық болды. Сондықтан, керекулік имамдардың бұл бастамасын өзге аймақтарға - Қазақстан бойынша үлгі ету керек. Сөз орайы келгенде айта кетейік, бұрын, 1970-80 жылдары, тіпті тоқсаныншы жылдарға дейін қаралы үйдің дастарқаны мен мерекелік дастарқанның айырмашылығы жер мен көктей болатын еді. Сол талапқа қайта оралғанымызға тұрғындар риза болып жатқан көрінеді...
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ
qazaquni.kz