"Аттан Қазақстан" қозғалысының жетекшісі, Амантай қажы Асылбек Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс президент сайлауына өзін-өзі ұсынған үміткер ретінде тіркелуге өтініш бергенін мәлімдеді.
Амантай қажы
71 жастағы Амантай қажы президенттікке түсуге бірінші рет өтініш білдіріп тұрған жоқ. Ол 1998, 2005 және 2011 жылдардағы сайлауда өзін-өзі ұсынған.
Бірақ ОСК оны бірде қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын емтиханға келмегені үшін, бірде өзін қолдайтындар қолын жеткілікті түрде жинай алмағаны үшін тіркемей қойған. Президенттікке кандидаттарды ұсыну 15 наурызда аяқталады.
Қазірге дейін төрт үміткер - өзін-өзі ұсынған Лимана Қойшиева, Қанат Төрегелдиев, "Нұр Отан" партиясы атынан президент Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы атынан Тұрғын Сыздықов қазақ тілі сынағынан өткені хабарланған.
Оларға өздерін қолдайтындар қолын жинайтын парақшалар берілген. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуірде өтеді.