Балалар үйі жабылатын күн қайда?..
2014 ж. 14 сәуір
2880
1
Алға балалар үйінде осыдан бес жыл бұрын 500 бала тәрбиеленсе, бүгінде бұл көрсеткіш — 250. Заңмен белгіленген жасқа келген соң, облыс орталығындағы жасөспірімдер үйіне ауысқандары бар. Отбасылы болып, аяққа тұрып кеткендерде көп. Тағдырдың тауқыметін сезініп өскендер арасында дұрыс жолға түсе алмай, заңның ала жібін аттағандары да жоқ емес.
Мұндағы балалар санының соңғы бес жылда жылына орта есеппен 50-ге кеміп отырғаны, әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Егер осы райынан қайтпай, тәрбиеленушілер саны азаяр болса, күндердің күнінде жетімдер үйі мүлдем жабылуы да мүмкін шығар. Сондай бір қуанышты күнге жеткізсін! Бәлкім, біздікі арман шығар… Бірақ кім біліпті?!
Сенбі күні бір топ ақтөбелік жас балалар үйіне ат басын бұрды. Теміржол саласының 23 жас қызметкері сый-сияпатқа толы дорбаларын арқалап, жолға шықты. Облыстың бірнеше елді мекенінен жиналған жастар концерттік бағдарлама әзірлепті. Күй күмбірлеп, ән шырқалды. Көңілділер мен тапқыштар отауы ойын балаларына бір сәт күлкі мерекесін тарту етті.
Қонақтар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері баскетбол мен волейболдан сынға түсті. Мұнда спорттың түрлерінен күнде дайындық мықты болғандықтан, балалар үйінің жоғары сынып оқушылары алғашқы минуттардан-ақ өздерінің оңай шағылмайтын жаңғақ екендіктерін көрсетті. Ал, жеңіліс тапқан меймандар тобы аяқасты флешмоб ұйымдастырды. Бірнеше танымал әндерге ойын алаңында керемет би өнерін көрсетті.
Ауданы шамамен бір шаршы метр болатын алып торт кесіліп, балаларға үлестірілді. Қамқор болған аға-апалары да мәз-мейрам, балалардың жүзінде де қуаныш. Демалыс күнін балалар үйінде өткізген жас теміржолшылардың арасында, жасыратыны жоқ, көздеріне жас алғандар да болды. Білдірмеуге тырысты. Балалар үйінің әрбір қабатын аралаған қонақтар мұндағы тұрмыспен танысты.
Алды әлі 30 жасқа да тола қоймаған жастар балалар үйіне 3D форматтағы смартвизор, «Отау-ТВ» спутниктік антенна, караоке, сонымен бірге, балаларға қажетті спорттық киім үлгілері мен бас-
кетбол, волейбол, футбол доптары, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар, мектеп жиынтықтары, кеңсе тауарларын тарту етті.
– Студент кезімде балалар үйіне келіп жүрдім. Сәбилер үйінің қонағы да болдық. Сәбилер үйінде негізінен 3-4 жасқа дейінгі балалар қасыңа келіп, көтерші деген ишара танытқанда елжіреп кетесің. Бүгін де өте әсерлі кездесу өтіп жатыр деп ойлаймын. Жалпы, балаларға көңіл аударып, жағдайын сұрастырудың өзі сауапты іс сияқты. Жастар жағы ақылдасып, алдағы уақытта бұл игі шараны дәстүрге айналдыру керек шығар, — дейді Ізімбет стансасынан келген жас Нұрсұлтан Жақұдаев.
Ал, ақтөбелік Асқар Тасқараев жақында әке атаныпты. Сондықтан ата-анасыз балаларды көргенде қатты толқығанын жасырмады.
– Студент кезімізде балалар үйіне келдік. Бірақ ол уақытта бойдақ болғасын, ерекше әсер етті дей алмаймын. Ал енді өзім әке атанған соң, ата-ананың қадірін де түсіне бастайсың ғой. Мына балаларға қарап отырып, қатты толқып отырмын, — дейді Асқар Тасқараев.
Балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин шексіз алғысын білдіре отырып, өз ұсыныс-тілегін де білдіріп қалды:
– Сіздерді көріп, бәлкім, балаларымыз теміржолшы болғысы келетін шығар. Басшыларыңызға «екі-үш баламызды мектеп бітірген соң теміржолшылардың қатарына алса» деген өтінішім бар. Бүгінде Хромтауда бірнеше шәкіртіміз тау-кен колледжінде білім алып жатыр. Тау-кен комбинатының басшылығы өз қамқорлығына алды. Атырауда бір азамат жыл сайын бірнеше баланы оқуға түсіріп, кейін өз қарамағына жұмысқа алды. Ірілі-ұсақты компаниялар да қалыс қалмай, өтінішімізді жерге тастамады, жұмысқа орналастыру жағынан көмектесіп келеді, — дейді Кенжеғазы Байғазин.
Ес білетін тұлдыр жетімдерге бас-көз болған, ана орнына ана, әке орнына әке атанған Кенжеғазы Байғазин бірнеше жыл көз алдында жүрген балаларының тағдырына бей-жай қарай алмайды. Тіпті жұмыссыз қалды деген түлектеріне мүмкіндігінше Алға балалар үйінен жұмыс орнын тауып беруге тырысады. Бәлкім, жетімдерді жетімдерден артық ешкім түсіне алмайды дегені шығар…
Асқар Ақтілеу, "Алаш айнасы"