"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЗІРШЕ ЕШБІР ОДАҚҚА КІРМЕГЕНІ ЖӨН..!"
2014 ж. 11 наурыз
1980
8
Әміржан ҚОСАНОВ, тәуелсіз саясаткер:
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЗІРШЕ ЕШБІР ОДАҚҚА КІРМЕГЕНІ ЖӨН..!
-Ресейдің кейбір саясаткерлері Украинадағы жағдайдың Қазақстанда қайталануы мүмкін екендігін ескерте бастады. Осыған тоқталайықшы, өйткені бұл жай әшейін мәлімдеме емес. Осындай мәлімдемелер нені аңғартады?
- Ондай жағдай қайталануы әбден мүмкін деп мен де айта аламын. Мәселенің екі жағы бар. Осы күнге дейін біз (жалғыз біз ғана емес, барлық елдер де!) «әрбір елдің тәуелсіздігіне дүниежүзілік деңгейде кепілдік бар», «халықаралық қауіпсіздік жүйесі бар», «енді ешбір ел басқа елдің жеріне көз алартса да, басып кіре алмайды», «басқасын айтпағанда өзара келісіммен қол қойылған шарттар мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бар» деген сеніммен келдік. Енді, міне, екінші дүние жүзі соғысынан кейін қалыптасып, орнығып қалған халықаралық қатынастың бір күнде быт-шыты шықты! Яғни, бір мемлекет тапа-тал түсте екінші мемлекеттің жеріне қол сұғып жатыр! Мұны дипломатияда «прецедент» дейді. Ал оның аржағында «бір рет орын алған оқиғаның қайталануы әбден мүмкін» деген терең ой жатыр. Оның үстіне Путин мырзаның өзі «Біз орыстар мен орыстілділерді, отандастарымыздың құқықтарын қорғаймыз» деп шегелеп айтып жатыр. Осы тұрғыдағы Қазақстанның өз ерекшелігі бар екені әмбеге аян. Екінші мәселе өзімізге де байланысты. Оның мәнісі мынада: 22 жыл жыл ішінде шын мәніндегі, Қазақстанға адал патриотизм сезімін біз елімізде тұрып жатқан барша ұлт өкілдерінің санасына сіңіре алдық па? Мәселен, қазір бір күннің ішінде Украинадан бас тартып жатқандардың бәрі де осы күнге дейін сол елдің азаматы боп, сол елдің нанын жеп келді емес пе?! Керек десеңіз, Украинаға, оның Конституциясына адалмыз деп ант берді емес пе? Ал қазір Кремльге қарап, байбалам салып, өз мемлекетін сатып кетіп жатыр! Бізде «Қазақстанның шынайы патриотизмі» деген киелі ұғым «Нұротан» партиясының даңғаза жиындары мен Қазақстан халқы Асссамблеясының ұлттық нақыштағы костюм киіп, ән салып, би билеген жалпақшешей концерттерінің көлеңкесінде қалып қойды! Оның үстіне, біздің билік осы күнге дейін Ресейдің Украинаға қатысты теріс саясатына жөнді баға бере алмай отыр. Әрине, халықаралық ресми қарым-қатынастардың өз заңдылықтары бар. Сол тұрғыдан алғанда, белгілі бір дәрежеде сабырлық пен салқынқандылық қажет болар. Бірақ та Ресей Украинаның тұтас бір бөлігін өзіне қосып алу туралы ашықтан-ашық айтып жатқан тұста, ең болмаса, «Қазақстан кез келген елдің жерінің тұтастығына басқа біреулердің қол сұғу саясатына қарсы тұрмақ» деп батырыңқырап айту керек еді ме, кім білсін... Өйткені, Украинаның басына түскен күн ертең біздің басымызға да тумайды деп ешкім де кепіл бере алмайды?
- Саясаткер ретінде айтыңызшы, Қазақстанда сіз үшін ең негізгі шешімін таппаған мәселе не?
Әрине, ондай мәселелер шаш етектен! Бірақ соның бәрін шартты түрде бір ұғымға сыйғызуға болады: бізде қоғам өмірінің көп саласында Әділеттік жоқ! Экономикада ол жер асты байлықтарын сатудан түскен табыстың халықтың емес, ат төбеліндей бір топтың ғана қалтасына кетуі секілді әділетсіздікке кеп тіреледі. Осы жайтты өзгертпей, қоғам өмірінде қордаланып қалған барлық мәселелерді шеше алмаймыз. Әлеуметтік саладағы әділетсіздік те осыдан туады. Неліктен осыншама байлығы бар халық соншама кедей тұрады?! Бұл әділетсіздікті жою үшін, ең алдымен, халықтың өз ішінен шыққан, әсіресе, ауылдағы ағайынның жағдайын білетін, жүрегімен сезінетін өкімет керек. Әзірше біздегі билік институттары тек қана олигархтық не кландық принциппен түзеліп жатыр. Сондықтан олар калың елдің емес, өзін сол қызметке отырғызған топтардың сойылын соғады! Қоғамдық-саяси өмірдегі әділетсіздік тағы бар. Ол болса, билік пен халық арасындағы жанды байланыс жоқтығынан туып отыр. Өз шенеунігіне бақылау жасай алмаған қоғамнан не сұрайсыз? Оған соттың атқарушы билікке тәуелділігін, кім көбірек пара берсе, соның жағына шығатынын тағы қосыңыз. Ол болса, құқықтық әділетсіздікке жатады. Көрдіңіз бе, әділеттіктің жоқтығы қоғамның барлық саласынан көрініп жатыр. Сондықтан осы кесірлі жағдайды өзгерту үшін қоғамның барлық саласының өз реформасы қажет! Бір сөзбен айтқанда, әділетті қоғам орнату үшін әділеттік туралы түйсігі мен түсінігі бар және әділеттікті шын ниетімен қалайтын өкімет керек!
-Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясаты айналысатын ең негізгі мәселе қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Меніңше, кез келген елдің сыртқы саясатының басымдықтары өзгеріп жатқан дүниенің талаптарына сай болып, заман ағымынан кеш қалмауы тиіс. Өкінішке орай, біздегі дипломатияда жан жоқ, Чеховтың «футлярдағы адамы» сияқты қатып-семіп қалған, уақыт пен өркениет заңдылықтарына ілесе алмай, формальды сипатта жүріп жатқан бірнәрсе. Және де қоғамның, ондағы салауатты күштердің сыртқы саясатты қалыптастыруға тіпті де қатысы жоқ. Меніңше, мұндай жағдайды күрт өзгерту керек. Қазір ғаламдық саясатта терең өзгерістер боп жатыр. Тұтас бір кезеңдер бойына үстемдік еткен геосаяси басымдықтар қайта қаралып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, төрткүл дүниенің картинасы қайта жазылуда. XXI ғасырда әлемдік саясаттың басқаша, ешкім күтпеген полюстары пайда болуы мүмкін: ол процесс үздіксіз жүріп жатыр. Оның үстіне әлемдік қаржылық дағдарыс та, елдердің геосаяси таңдауына өз әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, кешегі Украина басшылығы өз басымдық бағытын анықтағанда не Ресейден алар 15 миллиард доллар несие, не сол сомадан аз не көп Еуропадан алар несие арасында біраз бас қатырды емес пе? Бұл да Қазақстанды ойландыратын жайт. Мен жақында Қытайдан алған ондаған миллард доллар қарызды айтып отырмын. Судың да сұрауы бар емес пе? Меніңше, сыртқы саясат секілді аса жауапты салада асығыстықтың керегі жоқ. Жеті рет өлшеп, бір рет кесу қажет. Шынымды айтсам, сол «кесудің» әзірше уақыты келе қойған жоқ. Сондықтан қазіргі дипломатияда Қазақстан әзірше «ешбір саяси Одаққа кірмеу» секілді бағыт ұстана тұрғаны ләзім болар деп ойлаймын. Қалғанын уақыттың өзі көрсете жатар...
- Қазаққа қауіп қайдан, аға? Бүгінгі таңда қазақтың ең негізгі проблемасы не деп ойлайсыз?
- Кез келген ұлтқа қауіп өз ішінен және сыртынан келеді! Қауіптің осы түрлеріне төтеп бере алмаған әрбір ұлттың болашағы жоқ. Өз ішіміздегі қауіп дегеніміз, ең алдымен, өз енжарлығымыз, әсіре шүкіршілігіміз. Ұлтқа қатысты мәселе қозғалса, барша жұрт іштей қолдаса да, я белгілі бір мәселе бойынша ашық хатқа қол қоймайды, я біз шақырған митингке шықпайды. Осыны билік өз пайдасына жаратып жүр: өзіне қажетті шешімдерді қоғамның қатысуынсыз қабылдап жатыр. «Бас басына би болатын» әдетіміз тағы бар. Ол, әсіресе, қазіргі саяси оппозицияның әлсіреуіне, ел ішінде беделінің төмендеуіне әкеп соқтырғаны тағы да рас. Соңғы кездегі «әсіре құрылтаизм» де осының бір көрінісі емес пе? Сырттан төнген қауіптің орны тіпті бөлек. Мен, ең алдымен, Қазақстан билігінің сыртқы тәуелділігі туралы айтып отырмын. Біздің өкімет басындағылардың үш түрлі тәуелділігі бар. Біріншіден, мемлекеттік деңгейде қол қойылған келісім-шарттар. Соның ішінде ең бастысы – Кеден Одағы және болашақ Еуразиялық Одақ туралы шешімдер. Халықтың қатысуынсыз қол қойылып жатқан осы құжаттардың қаупін біз әлі түсіне қойған жоқпыз. Ең бастысы – сыртқы саясатымыз біржақты боп барады. Алуан түрлі әлемде біржақтылық береке бермейді! Оның үстіне Ресейдің басқыншылық сипат ала бастаған саясатын сол Одақтың ішінде жүріп қалай сынай алады біздің билік?! Осы біржақтылық қоғам өмірінің барлық саласына өз әсерін тигізіп жатыр. Екіншіден, біздегі ат төбеліндей миллиардерлер тобының да шетелге өзіндік тәуелділігі бар, өйткені олардың тапқан-таянған қаржысы Қазақстанның емес, шетелдің банкілерінде сақтаулы. Ол дегеніңіз ертең, жаман айтпай жақсы жоқ, бір шаруа шыға қалса, немесе геосаяси тұрғыдан нақты бір шешім қабылдау керек болса, олар сол елдерге шын мәнінде тәуелді боп қалады! Бұл да аса зор қауіп! Үшіншіден, біздегі билік басындағылардың сана-сезімі не кешегі советтік «совокпен», не өздері терең ұғына қоймаған әсіре батысшылдықпен уланған. Мұның өзі ішкі және сыртқы саясатымызға өз әсерін тигізуде. Ал қазақтың ең негізгі проблемасы мынау: біз әлі өз еліміздің шынайы қожайынына айналған жоқпыз! Басқа проблемалардың барлығы осы маңызды жайттан туындап отыр!
- Саясаткер ретінде Қазақстанның болашағын қалай көресіз? Қазақтың болашағы бар ма?
- Әрине, кез келген ұлт секілді қазақтың да болашағы бар! Бір айтарым – біздің, билік сыншыларының, қазіргі өкіметтің өзіне не мемлекет саясатының жекелеген бағыттарына қатысты ащы ойларымыз бүкіл ұлттың болашағына күмән келтірмеуі тиіс! Жалпыұлттық мүдде төңірегінде баршамыз – билік болсын, оппозиция болсын, осы екеуіне де қосылмайтындар болсын – бірігіп қызмет жасауға міндеттіміз! Сонымен бірге балама пікір айтушылардың орынды сыны ескерілмесе, ұлт болашағының бір тұстары кемшін соғып жатары хақ. Сондықтан да ондай, ілгерілеуге жетелейтін сын айтылып тұруы тиіс. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Міні түзелмей, билік те, қоғам да түзелмейді! Ал жақын-алыс болашақ туралы айтар болсам, біз халықтың болашағын жекелеген ықпалды топтардың қолына бермеуіміз керек! Өз болашағын халық өзі ашық та бәсекелі сайлауда анықтап алуы тиіс!
- Қазір қиналған қазақ Алматыдағы Абай атасының ескерткішіне барып арыз айтатын болды. Осының негізгі сыры неде?
- Жалпыадамзаттық, өркениеттік бір ұстаным бар. Оның аты – «Дат, тақсыр!». Яғни әрбір саналы да салауатты азамат өз салығын төлеп, өзі асырап отырған өкіметке (парламент, хан, президент, премьер және тб.) «менің де саған айтар бір уәжім бар» деп айтуға заңдық қақы бар. Және солай болуы керек те. Оның үстіне Ата заңымыз баршамызға сондай мүмкіндік береді. Сондықтан ол қай жерде көшеге шығады – Алматыдағы жиын жасауға рұқсат берілмейтін Абай ескерткіші ме, рұқсат берілген Сарыарқа кинотеатрының маңы ма – әр азаматтың өз еркі! Десем де мен өзімнің азаматтық наразылық таныту туралы өз ойым бар. Бізде билік митингтерге шыққан адамдармен күресіп, соттап, абақтыға жауып жатады. Неге билік сол наразылықтарды тудырып жатқан себептермен күреспейді?! Сол себептерді жойса, наразылық та, митинг те болмайды ғой! Меніңше, толыққанды митингілер мен бірді-екілі адам ғана қатысатын флэш-моб арасындағы айырмашылықты анықтап алуымыз керек. Мәселен, қоғамды толғандырған аса маңызды мәселелер бойынша митинг жасау үшін біршама уақыт, қаржылық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктер, маңдай тер төгу қажет. Баршаға ортақ бір тақырып не идея төңірегінде көптеген қоғамдық ұйымдар бірігуі шарт. Сонда наразылық акциясына адам жөнді жиналады. Ал бірнеше адамның қатысуымен өтетін флэш-мобқа ондай дайындықтың қажеті жоқ. Ғаламторда хабарлама бере салып, сол шағын топ шығып жүр ғой көшеге. Қоғамдық сана даму үшін ол да керек болар...
Сұқбаттасқан Сейілбек АСАН
www.qazaquni.kz