Төлен ӘБДІКҰЛЫ: "Еуразиялық одаққа кіру - өзі қазған апанға өзі секірумен тең".
2014 ж. 01 ақпан
2691
6
РУХЫ АСҚАҚ ЕЛ ӘРҚАШАН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕДІ!
- Төлен аға, қазір ең басты мәселе - ұлттық мүдделеріміздің ұпайын түгелдеу жайы болып тұр. Осы орайда өткен жылғы Ұлттық Кеңестің құрылтайы туралы көзқарасыңыз қалай? - Мемлекеттік тіл төңірегіндегі әңгіме қозғалса, Мұхтар Шахановты айтамыз, өйткені көп жылдардан бері Мұхтар айналысып жүр. Жалпы, қазақ тілі туралы әңгіме өте көп. Ол бала бақшадан бастап мектепте және жоғарғы оқу орындарынан бастап жоғарғы мемлекеттік қызметте қалай орындалу керек деген проблемалар шаш-етектен. Өзге ұлт өкілдеріне қалай үйрету қажет? Оқулықтар мен материалдық-әдістемелік құрал жабдықтарымыз қай деңгейде? Қырық мәселені бір жерге үйе бергеннен түк өнбейді.Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырсақ, қалған проблемалар өзінен-өзі шешіледі. 2006 жылы Ресейде орыс тілі туралы заң қабылданды. Қарап тұрсаң, орыстың тілі халықаралық тілден басқа, шет елдерде орыс тілін үйрету курстары жақсы жұмыс істеп жатыр. Оның дамытуға қыруар қаржы шығындап отыр. Бізге ауадай қажет. Құрылтайға келетін болсақ, өте асығыстықпен болды. Оны ұйымдастырған ешкім танымайтын үш жігіт екен. Меніңше, сол үш жігітті де Ақ орда дайындап жібергенге қатты ұқсайды. Өздерін ешкім танымаған соң, Мұхтарды пайдаланып отырған секілді. Бүкіл қоғамдық ұйымдар әртүрлі партия белсенділері мен қоса ұлт зиялылары бір адамның баласындай ымыраға келіп биліктен талап етсе, сонда ғана олармен лауазымды шенді мен шенеуніктер санасар ма еді кім білсін. Ал біз болсақ, бір-бірімізбен тіл табыса алмай жатырмыз. Тас дәуірі секілді ол кезде сырттан жау келгенде барлығы өзінен-өзі бірігіп жаудан қорғанған. Қазір XXI-ғасыр мемлекетті қорғайтын арнайы әскер жабдықталған. Сондықтан бір елде тұрып бөлінудің мүлдем қажеті жоқ. Өздерінің дүниетанымы рухани көзқарасы арқылы біріккен абзал. - Украинада болып жатқан билікпен текетіреске байланысты не айта аласыз? - Бұл тұтастай украин халқының оянғандығының айғағы. Кеңестік санадан айырылып, өз алдына мемлекет болғысы келетін елдің тірлігі. Үш айға жалғасып барады, премьер-министр Николай Азаров отставкаға кетсе де, майданға жиналғандардың тарқайтын түрі жоқ. Украинаның Еуроодақ табалдырығын аттағалы тұрғанын естіп, барлығы бір ауыздап қолдап, болашақта еуропаша білім алып, өмір сүрудің тиімділігін тілге тиек еткен болатын. Еуроодақ келісімінен бас тартқан билікке өкпелері қара қазандай. Бұл келісімге Ресей шовинисттік көзқараспен қысым жасағанын жеті жастан жетпіс жасқа дейін өте жақсы біледі. Әуелі кәмпиттердің құрамында зиянды заттар бар деп дабыл қатты, одан кейін газдың бағасын үш есеге көтермін деп тағы шулады. Оған пысқырып жатқан украиндер жоқ. Еуромайдан украина ұлтының ертеңіне елеңдейтін, саяси ұстанымы нық нағыз саясаткерлерді дайындап берді. Украина жастары көкірек көзі ашық, саяси жағынан сауатты. В. Жириновский болса, бұл сәтті пайдаланып, «Украина халқы 48 млн-ға жуық халық, оның 8 млн-ы ғана орыстар. Украин деген ел ешқашан болмаған. Олар Ресейдің көлеңкесі іспеттес. Католиктерді Батысқа, православтарды Шығысқа топтастыру керек немесе Ресейге қосып жіберуге болады» деп араңдатушылық танытып отыр. Бұның соңы немен аяқталатыны уақыттың еншісінде. Негізі, украиндер жеңісіне сенімім мол,түптің түбінде жеңетініне күмәнім жоқ. Өйткені, рухы асқақ ел әрқашан дегеніне, жеңіске жететін ақсақал тарих мың рет дәлелдеген. - Биыл 17 сәуірде үш елдің президенттері Еуразиялық одаққа қол қояды. Оның соңы бір парламент, бір валюта болуы мүмкін бе? - Кедендік одақтың ақыры Еуразиялық одаққа алып келетінін сезгенбіз. Өйткені, Ресейдің мақсаты Қазақстан мен Белорусияны өз уысынан шығарып алмау. Ресейдің пиғылы белгілі, сол баяғы Кеңес одағына ұқсаған империя құру. Оны өздері ашық айтып та жүр, аңсайды, армандайды, жымысқы саясатын жүргізгісі келеді. Біздің мемлекеттің басшыларының соларды қолдайтындықтарын екі дүниеде де түсіне алмайтын шығармын. Бұл - өзі қазған апанға өзі секірумен тең. Неге олар Назарбаев "Түркияны одаққа қосайық" дегені сол-ақ еді, ат-тондарын ала қашты. Өйткені, Ресейге Түркия секілді бәсекелес керек емес. Абыройы асқақ ел төмендегісі жоқ. Өзінен төмен елге доқ көрсетіп тұру ғана Ресейдің қолынан келеді. Өзінен жоғары АҚШ-қа, Еуропаның елдеріне немесе Жапонияға ол әдісі жүрмейді. Ресей Белорусияға немесе Украинаға одақ боламыз десе, тілі де, діні де шекарасы да барлық жағынан келіп тұр. Ал бізге не жоқ, үш қайнаса сорпамыз қосылмайды. Біз одақ болсақ, өзімізге жақын ағайындар қырғыз, өзбек, түркімен, әзірбайжан, түріктермен одақ құрсақ барлық жағынан жарасады. Тілмашсыз бір-бірімізді түсінеміз, дініміз мұсылман, шекарамыз тиіп тұр. Өйткені, біздің ел басқарып отырған шенеуніктер құлдық санадан арылмаған. Құлдық қамытын киген, орыссыз өмір сүруді көз алдына елестете алмайтын ұлттық намысы жоқтар отырғанда толыққанды тәуелсіз болу мүмкін емес. Олардың көбісі қазақша білмейтін, рухсыз болғаннан соң, ертең балаларының болашағына алаңдайды. Орысшадан айырылмай отырғанымыз да сондықтан. Олардың бойында үрей бар, ертең ел басына қазақтілді басшы келсе, барлық мемлекеттік игіліктерден құр қаламын деп ойлайды. Оларға салсаң, бәрібір «Ләббай тақсыр» дегеннен әрі аспайды. Ақша, лауазым берсең, шайтанның да одағына кіріп кете береді. Еуразиялық одақ қазаққа жақсылық әкеледі деп өз басым ойламаймын. Енді қазақ тәуелсіздігінен айырылса, қайта келеді деп ойлаудың өзі қорқынышты. - Парламент қабырғасында депутат Бақытбек Смағұл діни бірлестіктердің ушығып бара жатқандығы туралы дабыл қақты, сіз сол туралы не айтар едіңіз? - Расында кейінгі уақытта діни ағымдардың шамадан тыс еркінсіп бара жатқандығы ойланарлық жайт. Әрине, біз зайырлы мемлекетте өмір сүргеннен кейін, әркім өзі біледі, қай дінге сыйынамын десе, өз еркі. Бірақ, біз 70 пайызы мұсылман елінде тұрғаннан кейін, ата-бабамыздан келе жатқан сара жолымыз бар. Дін адамның санасынан тыс дүние. Адамның ішкі жандүниесін тазарту үшін, хайуан болмауы үшін, иман әр адамның жүрегінде болуы керек. Содан кейін барып, Алладан үміт күтіп жүресің. Біздің кейбір шаласауат имамдарымыз мешітке барып пітір-садақаңды беріп, Мекке мен Мәдинеге қажылыққа барып келсең, дұға оқысаң болды, мұсылмандық деп ойлайды, мен онымен мүлдем келіспеймін. Барлық дін рәсімдерін бұлжытпай орындап, күнде бес мезгіл намазын оқып, кісіге қиянат жасаса, түнде адам өлтірсе немесе моншада қыздармен зина жасаса, ондай адамға қарағанда, құдайға құлшылыққа уақыты жетпей жүрген, жүрегі таза, біреудің ала жібін аттамайтын, ешкімге қиянат жасамайтын адам Аллаға бір табан жақын деп ойлаймын. Кезінде Еуропаны Ватикан католик дінімен алақанында ұстаған уақытта, Осман империясына салық төлеп тұрды, кейін дін өз алдына қалғаннан соң, ғылым техника шарықтап дамыды. Дінді мемлекеттің істеріне араластырмаған дұрыс, өйткені ол мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді. Мұсылман елдеріндегі қақтығыстардан неге сабақ алмаймыз. - Соңғы уақыттағы шығармашылық қарқыны қалай болып жатыр? - Кейінгі кезде «Өлара» романымның екінші томын жазып қойып едім. Одан кейін «Көрші» деген әңгіме бастап қойдым. Алла өмір берсе, бір жылда жазып шығамын. «Өлара» романымды аяқтаптастаймын деген жоспарларым бар.Барлығы уақыттың еншісінде. Ой көп, бірақ, оның жүзеге асу жағы тағы бар. Адам адам болған соң, жоспар құрмай отыра алмайсың. Әдебиет те - өмір секілді күрес. Біреуді біреу қолдайды, біреуді қолдамайды, жатқан қарама-қайшылықтар. Кезінде Асқар Сүлейменов айтып еді, "онсыз да миы ашып жүрген қазақтың миына мипалау жасайды", сол секілді халық ара жігін ажырата алмай дал болады. 1978 жылы адамгершілігі мол Исламбек Таукенов деген азамат мені көшеде көріп, "Төлен аға, сіздің спектакліңізді көріп, кір жуғыш машинадан шыққандай тазарып келе жатырмыз" дегені әлі есімде. Шын әдебиетте де солай, адамның жанына мөлдір суға шомылғандай әсер етуі қажет. Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты www.qazaquni.kz