“Антигептил" белсендісі Біләлов Мұсабаевты жекпе-жекке шақырды
2014 ж. 21 қаңтар
2320
1
«Жас Алаштың» коллажы
Астаналық “Антигептил” азаматтық қозғалысының мүшелерi “Қазғарыш” ұлттық ғарыш агенттiгiнiң ғимараты алдына жеке-жеке шығып, қарсылық акциясын өткiзуде. Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыран ұшырылуын тоқтатуды талап еткен олар кеше агенттiк төрағасы Талғат Мұсабаевты жекпе-жекке шақырды.Кеше “Антигептил” қозғалысының мүшесi, құқық қорғаушы Болатбек Бiләлов “Қазғарыш” ұлттық агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаевпен кездесуге келдi. Ол төрағаға Байқоңырдан ұшып жатқан ресейлiк зымырандардың улы гептил жанармайын қолдануына шектеу қоюды талап еттi. Құқық қорғаушы “Қазғарыш” төрағасы бұған дейiн сан рет ресми түрде айтылған шартты орындауды қолға алмаса, онда онымен жұдырыққа жүгiну арқылы түсiнiсуге дайын екенiн жеткiздi.
Болатбек Бiләлов,
“Антигептил” азаматтық қозғалысының мүшесi:
– Талғат Мұсабаев жылы кабинетiнде отырып алып, құлаған “Протонның” залалы жоқ деп мәлiмдейдi. Ол түгiлi, ұшпай жатып жарылған зымыраннан тарайтын гептилдiң мутогендi, адам денсаулығына аса қауiптi улы зат екенiн қазiр бәрiмiз бiлемiз. Тiптi, аман-есен ғарышқа самғап кеткен зымыранның өзiнен табиғатқа қаншама зиян келетiнi айтпаса да түсiнiктi. Сондықтан бiз қазақ жерiнде ұшырылып жатқан зымырандардың гептил пайдалануына қарсымыз. Мұсабевқа осыны түсiндiру үшiн талай рет оны жиналысымызға шақырдық. Хат жаздық. Түк шықпады. Жауап болмады. Сол себептi, кейiнгi кездерi “мүмкiн, оған басқаша түсiндiру керек шығар” деген қорытынды жасадым. Жуырда атақты боксшы – украиналық оппозиция өкiлi Владимир Кличко өз президентi Януковичтi төбелеске шақырды. Әрине, ол кәсiпқой боксшы ғой. Ал мен боксшы емеспiн. Дегенмен, мен де елiм үшiн кез келген Ресейдiң батыры мен жұдырықтасуға дайынмын.
Талғат Мұсабаев iссапарда екен. Ал қозғалыс мүшесi агенттiк қызметкерлерiне қайта айналып соғатынын ескертiп кеттi.
Айта кетейiк, “Антигептил” азаматтық қозғалысының құрылуына 2013 жылдың 2 маусым күнi Байқоңырда ұшпай жатып құлаған “Протон-М” зымыран тасығышының жарылуы себеп болды. Сол кезден бастап Астанадағы қоғамдық белсендiлер де бiрiгiп, бұл жағдайды Ресейдiң қазақ халқына жасап отырған қастандығы деп бағалады. Сөйтiп, бiр топ адам қарсылық жұмыстарын бастаған болатын.
“Антигептил” азаматтық қозғалысының тағы бiр мүшесi, журналист Санат Орын Әли Ресей әскери-полигондарының жұмысын тоқтату қажет деп санайды.
Санат Орын Әли,
“Антигептил” азаматтық қозғалысының мүшесi:
– Қазақстанда КСРО мен оның заңды мұрагерi Ресей федерациясының уламаған жерi қалмады. Олар – Семей, Арал, Байқоңыр, Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған, Сарышаған, Ембi т.б. Әлбетте, бiз көп нәрсенi бiлмеймiз. Өйткенi, көп нәрсе қоғамнан жабық күйiнде ұсталады. Ал ендi жоғарыда тiлге тиек етiлген Ресей әскерiне жалға берiлген мыңдаған шаршы шақырымдық қазақ жерi күн сайын мыңдаған отандасымыздың денсаулығын улауда. Ресми деректерге сүйенсек, елiмiзде қатерлi iсiк ауруларына шалдыққандар 30 мыңға жеткен. 2012 жылы онкологиялық тiркеуде тұрғандар тiзiмi 140 мың адамнан асқан. Бұл шамамен ел тұрғындарының 1 пайызын құрайды. Мiне, сондықтан, бәрiмiз бiр жағадан бас шығарып, полигондардың жабылуын талап етуiмiз керек.
«Антигептил» азаматтық қозғалысының құрамында экологтар, құқық қорғаушылар, саясаткерлер, азаматтық белсендiлер, жазушылар, журналистер, үкiметтiк емес ұйым мүшелерi мен түрлi партия өкiлдерi бар. Қозғалыс мүшелерi Қазақстан экологиясына қатысты 4 мәселенi шешудi көздеп, билiкке мынандай талаптар қойып отыр:
Бiрiншi – Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын зымырандардың мутогендi гептил жанармайын қолдануына тыйым салу. Себебi, мұндай зиянды жанармаймен ұшырылатын зымырандар бiрiншi рет құлап тұрған жоқ.
Екiншi – Ресейге қарасты барлық әскери-сынақ полигондарын жабу. Өйткенi КСРО құлағаннан кейiн оларды Ресейге қайтадан жалға бердi. Ол жерлерден әлi күнге белгiсiз зымырандар ұшырып, белгiсiз қаруларды сынауда. Соңғы 20 жыл бойы бiз алданып келдiк.
Үшiншi – Маңғыстау облысында Атом электр стансасын (АЭС) салудан бас тарту. Бiзде жарық алуға қажеттi мұнай мен газ, көмiр және одан да басқа пайдалы қазбалар толып жатыр. Бiзге екiншi Чернобыльдiң түкке де қажетi жоқ!
Төртiншi – Шығыс Қазақстан облысында ядролық қалдықтар қоймасын жабу. Қазақ жерi әлемнiң әр түкпiрiнен әкелiнетiн ядролық қалдықтар қоймасы емес.
“Антигептил” қозғалысының мүшелерi зымыран мен ресейлiк полигондарды жабу жолында жұмыстарын одан әрi жалғастыратынын мәлiмдеуде. “Қазғарыш” ұлттық агенттiгiнiң алдында өтiп жатқан жалғыздың акциясы осы айдың соңына дейiн жалғасады.
Түйiн: Дүйсенбi күнi “Қазғарыш” ұлттық агенттiгiнiң алдында плакат ұстап, қарсылық шарасына шыққан қозғалыс мүшесi Мақсат Iлиясұлын Астана қалалық әкiмшiлiк соты заңсыз митинг ұйымдастырды деп айыптап, оған 20 АЕК (айлық есептiк көрсеткiш) көлемiнде айыппұл салды. Сейсенбi күнi қарсылық бiлдiре келген тағы бiр белсендi Асхат Рахымжановқа 25 АЕК айыппұл салу туралы шешiм шығарды.
Өркен ЖОЯМЕРГЕН,
Астана
Жас Алаш
*Тақырып өзгертілді