Халық отыз бес жыл күткен қазақ мектебі ақыры ашылды
2026 ж. 01 қыркүйек
87
0
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 600 оқушыға арналған жаңа қазақ мектебі пайдалануға берілді, деп хабарлайды "Қазақ үні" тілшісі.
Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Биыл облысымызда 10 мыңға жуық жас бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Оның 60-тан астамы осы Шаңырақ мектебіне қабылданды. Жаңа оқу жылында шекаралық аймақ саналатын Марқакөл ауданы, жаңадан құрылған Самар ауданы және өндірісі қуатты Риддер қаласында үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. 600 орындық заманауи «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы – келешекте білім мен инновацияның көшін бастап, еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелейтін іргелі білім ордасына айналсын. Жаңа оқу жылы құтты болсын!», – деді аймақ басшысы.

Жаңа мектеп – қаладағы жалғыз қазақ мектебі саналатын «Шаңырақ» білім ордасының 35 жылдан бері шешімін күткен мәселесінің нәтижесі. Бұған дейін мектептің ескі ғимаратының жағдайы, оқу орындарының тарлығы және оқушылардың екі корпусқа бөлініп білім алуы ата-аналар тарапынан көтерілген.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса "Ақ жол" фракциясы атынан депутаттық сауал жолдаған болатын. "РИДДЕРДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАЙТЫН ЖАН БАР МА?" деген тақырыппен порталымызда жарияланған бұл сауал және "ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНЕ ҚИЯНАТ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?" атты сауалы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
"Шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебіне салынған жаңа мектепті «аралас» мектепке айналдырып жібергендер жауап беруі тиіс!" деп жазған еді Қазыбек Иса сол сауалында.
Енді, міне, неше жылдан бері Риддер халқы күтіп жүрген қазақ мектебі ашылды. Шырайлы Шығыстағы ағайынға құтты болсын айтып, әрдайым Ақ жол тілейміз!