РИДДЕРДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАЙТЫН ЖАН БАР МА? – Қазыбек Иса

РИДДЕРДЕГІ ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ ЖАҒДАЙЫН ОЙЛАЙТЫН ЖАН БАР МА? – Қазыбек Иса

Шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебіне салынған жаңа мектепті «аралас» мектепке айналдырып жібергендер жауап беруі тиіс! 

Өйткені, мұндай мемлекеттік мүддеге қарсы шенеуніктер әр қалада жетеді. 

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевқа,

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниял Ахметовке 

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы барлығы 16 мектептің ішіндегі жалғыз қазақ мектебі - «Шаңырақ» мектебінің апатты жағдайы туралы қала тұрғындарының жанайқайын жеткізген Назбура Садықованың хатын оқығанда, біз әлі Тәуелсіздік алмай, Кеңес одағы құрамында келе жатырмыз ба деген ой келеді.  

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне «Халықаралық «Қазақ тілі» коғамы» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Риддер қалалық филиалы» төрайымы Назбура Садыкова бастаған Риддер қаласының тұрғындарынан өтініш келіп түсті.

Риддер қаласындағы 550-ден аса қазақ баласы бар жалғыз қазақ мектебі 1936 жылы және 1952 жылы салынған екі тозығы жеткен, құлайын деп тұрған «ғимаратта» отыр. 18 жылдан бері жаңа мектеп салып беруді сұрап зарлап келеді. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында қазақ тілді мектептердің жетіспеушілігінен (1 қазақ тілді «Шаңырақ» мектебі, 4 мектеп аралас, 11 мектеп таза орыс тілді) қазақ балаларының оқуына дұрыс жағдай жасалмай, ел зардап шегуде. Шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» мектебіне сыймай жатқан 550 баладан басқа тағы 700-800 бала аралас 4 мектепте оқып жатыр. Осыған байланысты өтініш берушілер аталған мәселені шешіп беруін, қазақ мектептердің ашылуын және жаңадан салынуын талап етуде. 

         2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебіне жаңа ғимарат салуға жер де бөлінген. Ол жердің құжаттары бұрмаланып, басқа аралас мектеп салынған. Ол мектепке бала толмай жатыр. Ал ашылған жаңа мектепті қаладағы оқушылары апатты мектепке сыймай жатқан жалғыз қазақ мектебіне бермей келеді. Сондықтан мәселе әлі шешілмей, өткір күйінде қалып тұр. 

«Қала халқының арасында ешқандай кикілжің жоқ. Қала билігі айтып отырған ұлтаралық қақтығыс туыуы туралы сөз бос сөз. Әлеуметтік желіде мектеп туралы мәселе көтерілгенде өзге ұлт өкілдері де «жанадан салынған мектепті қаладағы жалғыз қазақ тілді мектепке беру керек» деген пікірлер жазды. Әрине, қала билігі бұл комменттерді алдырып тастады. Мұндай құбылыс бізде жиі болып тұрады. Біздің қоғам мүшелеріне де жекеге жазған өзге ұлт өкілдері бар. 

Қала билігі өз қателіктерін түзете алмай отырғандықтан 550-ден аса қазақ баласы типтік емес, апаттық ғимаратта оқып отыр. Тағы 700-800 бала аралас 4 мектепте оқып жатыр.

2008 жылы қазақ «Шаңырақ» мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда оған негіз керек болды. Әрине сол кезде мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, «Шаңырақ» типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды. «Шаңыраққа» бөлінген жер телімінің «целевой назначениесі» әлі күнге дейін VKOmap геопорталында «Для строительства и обслуживания школы «Шаңырақ» деп тұр.

Кейін 2019 жылы қала билігі не себепті екені белгісіз бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектепте ұйымдастырылған жиналыстағы ата-аналарының көзінше сол кездегі Риддер қаласының білім беру бөлімінің басшысы Ильясов Д. өз қолымен алып кетіп, кейін жоқ қылған. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарған. Ол қаулы бойынша 6 ықшамауданда салынатын мектеп 600 орындық мектеп болады деп көрсетілген. Бұл шешімді қаладағы екі шенеунік (архитектура бөлімінің басшысы Е.А. Маслакова мен қазірде депутат болып сайланған, сол кезде қала әкімінің орынбасары м.а. болған Е. Нужных) өз беттерімен қабылдаған. Ешқандай жалпыхалықтық тыңдаулар өткізбеген. Ал ол мектептің аралас не бір тілді болуын тағы біздің қала билігі 2022 жылы халықпен ақылдаспай өз бетінше шешім қабылдаған. Сол кезде талқыға салса, әрине халық ұлтына, тіліне қарамай айтушы еді ғой мектептің қай білім ордасына тиесілі екенін. Бүкіл ел біледі жаңа салынған мектептің «Шанырақ» мектебіне тиесілі екенін.»-деп шырылдайды Риддер қаласының тұрғындары?!. 

1.Қазақ мектебінің құрылысына бөлінген жер мен қаражатты қандай саясатпен халықтан ұрлап, өтірік қажеттілік тудырып, баска мектеп ашып отыр?

2.Жана мектепті әлі күнге дейін орыс сыныбына толтыра алмай отырса, неге казак «Шанырак» мектебіне бермейді? Біз алғаш сұрақ көтергенде 600 орындык жана мектепте небәрі 210 бала оқыды. Бір сыныпта 4 баладан отырған сыныптар болды. Бұл елдің каражаттын тонау гой. Ашық түрде көзді бакырайтып отырып қашан жемқорлық жасауды тоқтатады кала және облыс билігі? 

Қабырғаңды қайыстырар қаптаған сұрақтардың ішінде әсіресе, осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған екі қарекетке кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Осы сұраққа ашық жауап талап етеміз. 

Риддер қаласында Тәуелсіздік алғаннан, осы уақытқа дейін 32 жылда қанша әкім болды? Неге олар өз жұмысына жауапсыз қараған? Осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Оқу-ағарту министрлігі қазақ балаларын шырылдатып, ата-аналарды зарлатып, бұл мәселені неге шешпей келеді?

2008 жылы қаулы қабылдап, Үкімет жаңа мектеп салуға қаражат бөледі. “Ал 2019 жылы сол кездегі Риддер қалалық білім бөлімінің басшысы болған Ильясов Дәулеттің тапсырмасымен ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, Ильиясов сол жиналыс үстінен құжаттары бар қалың папканы алып кетіп, ішіндегі құжаттарды алып тастап, мектепке кейін қайтарған”-деп, Ашық хатта ашынған ел жазғандай, қалалық білім бөлімі басшысы болған Дәулет Илиясовтың басына не күн туды қазақ мектебіне, қаладағы 8 мың қазақтың талабына - ұлттық һәм мемлекеттік мүддеге, өз ұлтына қарсы шығып?!.   

Д. Илиясов осы қазақ мектебіне арналған құжатты жойып жіберген қастандығы үшін, мемлекеттік мүддеге қарсы заң бұзғаны үшін мемлекеттік қызметтен қуылыпты!?. Бұл заң жазасы! Ал мәңгілікке кететін ар жазасы, халық наласынан қалай құтылмақ? 

Осы біздің елде қазақ мектебін ашамыз десе, “аралас ашайық” деп, араласып шыға келетін құлсаналы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз?

Өзге диаспоралары көп Риддерді айтамыз, қазағы қалың оңтүстікте, Талғар қаласындағы Т.Рысқұлов мектебі үшін салынған жаңа мектептің “қазақ тілі мектебі” деген паспортын ауыстырып жібергендер де жайбарақат жүр. Алматы қаласы Наурызбай ауданында да қазақ мектебі үшін салынған жаңа мектепті “аралас қыламыз” деп араласып жүргендер аз емес… Оларды да халық наласы күтіп тұр, қайда, қай қызметте отырса да, қазақ мектебіне қарсы шыққандардың барлығы, қазақ тіліне, қазақ ұлтына қарсы шыққандар ретінде әшкере болады. 

Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Хаттың толық мәтіні қосымша ұсынылады. Ондағы 9 сұраққа толық жауап күтеміз.

Риддер қаласы тұрғындарының Ашық хаты Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес, жолданымда қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кіретін әкімшілік органға жолданады.

Осыған байланысты, аталған мәселені қарастырып, нәтижесі туралы хат иесіне және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын. 

Қазыбек ИСА, ҚР Парламеті Мәжілісі депутаты 

Біз төменде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне «Халықаралық «Қазақ тілі» коғамы» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Риддер қалалық филиалы» төрайымы Назбура Садыкова бастаған Риддер қаласының тұрғындарынан келген Ашық хатты толық жариялап отырмыз 

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжілісі депутаты

Қазыбек Иса Жарылқасынұлына 

Ашық хат

Мәжіліске Сіз сынды депутаттар келгелі халықта «Жаңа, әділетті Қазақстан» құру идеясы нығая түсті! Қазақ халқы қашан да жақсылыққа бәрін жоритын. Біз Сіздерге сенеміз! Президентіміздің жаңа жүйені құру ісін толықтай қолдаймыз. Қарапайым халық ретінде еліміздің көркеюін қалаймыз!

Риддер қаласының 8 000 қазақ халқы атынан «Жаңа, әділетті Қазақстанды» ел Президентімен бірге құрысамыз деп биылғы жылдың қаңтар айынан бастап заң аясында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ арқылы Риддердегі жалғыз қазақ тілді мектептің мәселесін көтеріп келеміз. Бұл тақырып көтерілгелі 18 жыл болды.

Жергілікті қала деңгейіндегі және облыс деңгейіндегі билік өздерінің қателіктерін көрсетпеу үшін халықты ақымақ қылып отыр. Біз сұрақ ретінде қойған сауалға «бас десе, құлақ» деп жауап қайтарып отыр. Екі мәрте барлық инстанцияға хат түсірдік. Нәтиже нөл.

Жергілікті биліктен бейбіт митингіге рұқсат та сұрадық осы жолы. (Е-өтініш арқылы 2023 жылғы 14.04. жолданған хаттың тіркеу №ЖТ-2023-00649679). Шарасыздықтан енді міне үшінші мәрте заң аясында СІЗГЕ ЕЛДЕГІ ӘДІЛЕТТІЛІКТІ іздеп үндеу салып отырмыз. Сіз бізге көмек көрсетесіз деп сенеміз. Үмітіміз Сізде және ел Президентінде ғана. Сотқа берейік десек, оған да сенбейміз. Оған себеп бар.

Риддер қаласындағы 16 мектептің тек біреуі ғана қазақ тілді «Шаңырақ» мектебі. 4 мектеп аралас, 11 мектеп таза орыс тілді. Жалғыз қазақ тілді мектептің жағдайын жасай алмау деген мынау Тәуелсіз Қазақстандағы не сорлылық? Нендей күн туыпты басымызға өз елімізде отырып бір қазақ мектебінің жағдайын жасап бере алмасақ? Қаладағы барлық мектептің халы мүшкіл. Енді дәл осы «Шаңырақ» мектебіндей еш бір мектеп 18 жыл бойы өзіне ғимарат сұрамаған сірә. Қазір тозығы жеткен 1938 жылы және 1952 жылы салынған «арғы апамның мәсісіндей» екі ғимаратта отыр. Бұл мәселені кезінде Нұртай Сәбиләнов арқылы көтеріп мектеп салуға рұқсат алған сол кездегі мектеп басшылығы.

Қала халқының арасында ешқандай кикілжің жоқ. Қала билігі айтып отырған ұлтаралық қақтығыс туу туралы сөз – бос сөз. Әлеуметтік желіде мектеп туралы мәселе көтерілгенде өзге ұлт өкілдері де «жаңадан салынған мектепті қаладағы жалғыз қазақ тілді мектепке беру керек» деген пікірлер жазды. Әрине, қала билігі бұл комменттерді алдырып тастады. Мұндай құбылыс бізде жиі болып тұрады. Біздің қоғам мүшелеріне де жекеге жазған өзге ұлт өкілдері бар. Қала билігі өз қателіктерін түзете алмай отырғандықтан 550-ден аса қазақ баласы типтік емес, апаттық ғимаратта оқып отыр. Тағы 700-800 бала аралас 4 мектепте оқып жатыр.

2008 жылы қазақ «Шаңырақ» мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда оған негіз керек болды. Әрине сол кезде мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, «Шаңырақ» типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды. «Шаңыраққа» бөлінген жер телімінің «целевой назначениесі» әлі күнге дейін VKOmap геопорталында «Для строительства и обслуживания школы «Шаңырақ» деп тұр.

Кейін 2019 жылы қала билігі не себепті екені белгісіз бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектепте ұйымдастырылған жиналыстағы ата-аналарының көзінше сол кездегі Риддер қаласының білім беру бөлімінің басшысы Ильясов Д. өз қолымен алып кетіп, кейін жоқ қылған. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарған. Ол қаулы бойынша 6 ықшамауданда салынатын мектеп 600 орындық мектеп болады деп көрсетілген. Бұл шешімді қаладағы екі шенеунік (архитектура бөлімінің басшысы Е.А. Маслакова мен қазірде депутат болып сайланған, сол кезде қала әкімінің орынбасары м.а. болған Е. Нужных) өз беттерімен қабылдаған. Ешқандай жалпыхалықтық тыңдаулар өткізбеген. Ал ол мектептің аралас не бір тілді болуын тағы біздің қала билігі 2022 жылы халықпен ақылдаспай өз бетінше шешім қабылдаған. Сол кезде талқыға салса, әрине халық ұлтына, тіліне қарамай айтушы еді ғой мектептің қай білім ордасына тиесілі екенін. Бүкіл ел біледі жаңа мектептің «Шаңырақ» мектебінікі екенін.

Мына сұрақтарға жауап таба алмай сізге жүгініп, сіз шешеімін тауып бере аласыз деп отырмыз:

1. Не себепті аралас немесе орыс тілді мектептерді ашуға болады да халық қалауымен таза қазақ тілді мектептерді ашуға болмайды?

2. Егер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейткіміз келсек, не себепті жаңа мектеп ашылуда немесе білім алу топтарын қалыптастыруда мемлекеттік тілге басымдылық берілмейді?

3. Не себепті толеранттылық біздің қалада бір жақты болуы тиіс? Яғни қазақ тілділер аралас метепте оқығылары келмесе де, қала билігі жаңа аралас мектепке бару ұсынысын жасай береді.

4. Қашан Президент немесе Сіздер ішкі саясат пен тіл туралы ахуалды тексеруге біздің қалаға тексеріс жібересіздер? Заңсыздық атой салып тұрған жер.

5. Қашан «бездействие» жасап отырған мемелекеттік қызметкерлерге жаза қолданылады?

6. Қазақ мектебінің құрылысна бөлінген жер мен қаражатты қандай саясатпен халықтан ұрлап, өтірік қажеттілік тудырып, басқа мектеп ашып отыр?

7. Жаңа мектепті әлі күнге дейін толтыра алмай отырса, неге қазақ «Шаңырақ» мектебіне бермейді? Біз алғаш сұрақ көтергенде 600 орындық жаңа мектепте небәрі 210 бала оқыды. Бір сыныпта 4 баладан отырған сыныптар болды. Бұл елдің қаражаттын тонау ғой. Ашық түрде көзді бақырайтып отырып қашан жемқорлық жасауды тоқтатады қала және облыс билігі?

8. Қашан қала билігі ел қажетін білу үшін халықпен тең дәрежедегі диалогқа шығады?

9. Қазақ халқының қажетін көтеріп жүрген қоғам мүшелеріне мемелкеттік қызметтегі шенеуніктер лауазымын пайдаланып, қысым жасауды қашан тоқтатады? (Бұл хатқа қол қойғандардың бәрін тексеріп, жұмысынан қысым жасататыны сөзсіз. Облыстық қоғамы басшысы арқылы да бізге қалалық қоғамға қысым жасалып жатыр.)

Сайлау уақытында сондай сертбергіш болып кететін басшыларға халықты менсінбейтіндей не көрінді? Біздің қала әкімшілігі бір рет те қоғам мүшелерімен осы тақырыптар бойынша адамша отырып сөйлескен емес.

Себебі олар халықты қара, надан деп санайды. Бұл әрекеттерін басқаша түсінуге болмайды.

Бұл бассыздықтарды жою үшін көзбояушылыққа көнбейтін, заңды мықты білетін, мемлекетшілдік түсінікке адал, әділ, осының шындық түбіне жететін қызметкер жіберіңіздер. Мәселені жан жақты зерттесін. Бір тарапты ғана тыңдап қоймай, екі жақты естісін. Шындықтың бетін бір көрейік те.

Одан кейін ол адам тексерістен кейін әкімшіліктің бір табақ еті мен бір шыны шайын ішіп, бүкіл жұмысын жоққа шығарып, соңғының сөзіне еріп кететін адам болмасын. Көргенбіз мұндайлардың талайын. ТЭЦтың мәселесін шешуге келгендер, қыстың аязында «Синигорьеде» жатып демалғандарын.

Атбасындай алтын сұрап отырған жоқпыз.

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Риддер қалалық филиалының төрайымы Назбура Садықова және 19 қоғам мүшесі қол қойған.