Елдің жартысы суға батып жатқанда, футболға халықтың миллиардтарын шашуды тоқтату керек! - Қазыбек Иса (видео)

Елдің жартысы суға батып жатқанда, футболға халықтың миллиардтарын шашуды тоқтату керек! - Қазыбек Иса (видео)
  • Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Франциядан 8:0 болып ұтылса, биыл Грекиядан 5:0 болып ұтылды. Үш жылда, үш гол азайтып ұтылған “жетістікке” жетіппіз. Бұлай кете берсе, 8 гол салғызып ұтылмау үшін енді бес жыл ғана қалыпты…
  • Еліміздегі кәсіби футбол клубтарына тек облыстық бюджеттен ғана 111,2 млрд бөлініпті! Не деген ақша бұл?!. Ал әлемдік спортты, футбол ақпараттарын жинайтын Transvertmarkt.com сайтының мәліметі бойынша 133 млрд доллар бөлінеді екен…
  • Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын, легионерлерді байытып жатыр. Премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і легионер. Тіпті бірінші лигада да 16 легионер бар. Сонда Премьер-лиганың жартысына жуығы легионерлер! 
  • Футболға олимпиада мен әлем чемпионатынан алтын-күміс әкелетін бокс, күрес, ауыр атлетика үшеуін қосқандағыдан 3 есе көп қаржы бөлінеді. Ол үш есе көп қаржының 80 пайызы жеке футболшыларға төленетін ақша. Ал ол жеке футболшылардың көбісі - легионерлер.
  • Біздің елдің спорт министрлігі мемлекеттен қаржы төленетін 180 түрін қайдан тауып алған? Бізде 20 млн халық бар. Ал Ұлыбританияда 80 млн халық бар. Ұлыбританияда да, Францияда да, Германияда да 17 спорт түрі ғана бар. Сонда біздің ел басқа еш елде жоқ, олардан 10 есе артық 167 спорт түрін қайдан тауып алған және қалай ойлап тапқан?!. Бұл барып тұрған мемлекетті сауын сиырға айналдыру!

Кеше, 2024 жылдың 18 сәуірінде ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың есебі тыңдалды. Баяндама жасаған министр депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Біз ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.

- Баяндаманы жаңа төрағамыз айтқандай, қатырыпсыз Ереке, бәрі қамтылыпты. Бірақ сұрағымыз одан да көп. Өйткені, сізді енді көріп отырмыз, орынбасарларыңызға айтылған. 

Бізге Ұлттық спортқа қаржы екі есе көбейтілді дегеніңіз ұнады. Көшпенділер жарысына дайындық туралы жақсы айтып өттіңіз жаңа. Депутат Ардақ Назаров айтып өткендей, бұған дейін өзіңізге кіріп те айтқандай, Көшпенділер сайысына Темір Сыпатай бауырымыз басқаратын “Алыптар айқасын” қосқандарыңыз дұрыс болыпты, рахмет. Бірақ сол “ Алыптар айқасын” елімізде өткізіп тұру үшін қолдау қажет. Сіз айтқан, екі есе көп бөлінген қаржы Ұлттық спорт федерацияларына әлі түскен жоқ. Мысалы, біздің сақтардан бері садақ тартып, ат үстінде шауып келе жатып жамбы ататын керемет өнеріміз бар. Сол Жамбы ату федерациясымен жаңа ғана хабарластым, әлі ешқандай қаржы түспеген. Өйткені “Спортты қолдау қоры” Қамқоршылық кеңесі әлі өтпеген. Қаржыны сол кеңес шешеді. Солай ғой министр мырза?! Ал Көшпенділер ойыны таяп қалды, төрт айдан кецін басталады. Қаржы жоқ болса, қалай дайындалады спортшыларымыз?! Көшпенділер ойыны түркілердің қарашағырағында Қазақ Елінде өтіп жатқанда жеңіске жетуіміз керек емес пе?!. 

-Иә, дұрыс айтасыз Қазыбек Жарылқасынұлы. Келесі аптада қордың отырысы болады, сонда бөлінеді қаржылар.

-Дұрыс екен! Солай жауап береміз онда.

-Ал енді “Едігеден бастасам, Ертегіге кетермін” дегендей, футболға келсек, айтатын сөз көп. Өйткені, спорттағы ең көп қаржы осы футболға бөлінеді.

Осыдан үш жыл бұрын 2021 жылы Қазақстан Франциядан 8:0 есебімен масқара болып ұтылғанда, біз “Сонда футболға жұмсалған миллиардтар қайда кетіп жатыр?!" - деген депутаттық сауал жасап едік?!.

“Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ!

Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті! - деген өткір сұрақтар көтерілген болатын.

Содан бері не өзгерді?!.

Осыдан үш жыл бұрын 8:0 болып ұтылса, биыл Грекиядан 5:0 болып ұтылды. Үш жылда, үш гол азайтып ұтылған “жетістікке” жетіппіз. Бұлай кете берсе, 8 гол салғызып ұтылмау үшін енді бес жыл ғана қалыпты…

Сол кезде, 2021 жылы біз футболға бөлініп жатқан миллиардтарды санағанбыз. 

Бір ғана “Астана” клубына 15 млрд бөлінеді деп баспасөзде жазды. Ал нақты ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі кәсіби футбол клубтарына тек облыстық бюджеттен ғана 111,2 млрд бөлініпті! Не деген ақша бұл?!. Ал әлемдік спортты, футбол ақпараттарын жинайтын Transvertmarkt.com сайтының мәліметі бойынша 133 млрд доллар бөлінеді екен…

Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын, легионерлерді байытып жатыр. Премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і легионер. Тіпті бірінші лигада да 16 легионер бар. Сонда Премьер-лиганың жартысына жуығы легионерлер! 

Футболға олимпиада мен әлем чемпионатынан алтын-күміс әкелетін бокс, күрес, ауыр атлетика үшеуін қосқандағыдан 3 есе көп қаржы бөлінеді. Ол үш есе көп қаржының 80 пайызы жеке футболшыларға төленетін ақша. Ал ол жеке футболшылар - легионерлер екенін жаңа айттым. Сонда жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын байытып жатыр…

Қазіргідей еліміздің жартысын топансу қаптап, бұл бірнеше республиканың жері, халық үйінен айрылып, мал-мүлкінен айрылып, тиын таппай отырғанда қызығын шетел футболистері мен сыбайласқан жемқорлар көретін футболға бөлінетін миллиардтарды тоқтату керек! Еліміздегі күрделі су тасқыны жағдайын ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырды. Ешқандай елде кәсіпби футбол клубтарына мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Бұдан өз күнін өзі көретін футбол қайта дамитын болады. Әлемдік тәжірибе солай!

Мысалы, Астанада “Арландар” клубын құрған Фазылбек Әбсаттарұлы мемлекеттен бір тиын алмай-ақ клубы Португалияда халықаралық жарыста жүлде алды. Фазылбектің өзі қазір Португалияда футбол клубын алып, жаттықтырып жүр. 

Біздің елдің спорт министрлігі мемлекеттен қаржы төленетін 180 түрін қайдан тауып алған? Бізде 20 млн халық бар. Ал Ұлыбританияда 80 млн халық бар. Ұлыбританияда да, Францияда да, Германияда да 17 спорт түрі ғана бар. Еуропада спорт дамымай қалған деп ойласақ, көрші, туыс ел Өзбекстанды қарайық. Олардың халқы бізден екі еседей көп, 36 млн болса да, қаржыландыратын спорт түрі 19. Тек бізде ғана бәрінен 10 есе көп спорт түрі. Сонда біздің ел басқа еш елде жоқ, олардан 10 есе артық 167 спорт түрін қайдан тауып алған және қалай ойлап тапқан?!. Бұл барып тұрған мемлекетті сауын сиырға айналдыру!

Қазір Мәжілісте талқыланып жатқан спорт туралы заң жобасында біз осы мәселелердің бәрін шешуіміз керек!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың жауабын видеодан көресіздер.