Қазыбек Иса: Су саласында суды білмейтін, жол саласында жолды білмейтіндер отыр
2023 ж. 14 қыркүйек
6267
12

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жол саласындағы тамыр жайған кемшіліктер мен жемқорлықты жоюды талап еткен депутаттық сауалы "Қазақ үні" порталында кеше жарияланған болатын.
Мәжіліс депутаты өз сауалында "қай сала болмасын, біз жаңалық күтуіміз үшін жаңа адамдар керек" екенін алға тартты.
- Ал бізде Үкіметтен бастап, ешқайсысы өзгерген жоқ. Тек орындарын ауыстырды да қойды. Ең басты кінәміз – бізде әр салада өз маманы отырған жоқ. Су саласында суды білмейтін, жол саласында жолды білмейтіндер отыр, - деді Қ. Иса.
Ол, сондай-ақ, республика көлеміндегі ірі жолдардың құрылысы да жылдар бойы созылып жатқанына наразылық танытты.
- Талдықорған – Өскемен, Қызылорда – Қарағанды жолдары әлі жыр болуда. Республика көлеміндегі ірі жолдардың құрылысы да жылдар бойы созылып жатыр. Талдықорған – Өскемен, Қызылорда – Қарағанды жолдары әлі жыр болуда. Астана-Алматы жолындағы Бурылбайталдан Алматыға қарай жүретін жолдың 140 шақырымы ой-щұңқырға толы, әлі бітпеуде. Қызылорда – Жезқазған жолының Жезқазған жағындағы 208 шақырымға әлі де ие жоқ. Тағы келесі жылға қалды. Алдында 2021-22 жылға 208 шақырымға 90 млрд. теңге есептеген. Енді инфляция деп, 130 млрд-қа көтеріп, Азия даму банкі арқылы тағы да қарыз алмақшы. Бұл жол салынса, оңтүстік аймақ тігінен солтүстікке шығынсыз тауар тасымалдау мүмкіндігіне ие болар едік. Жезқазған-Арқалық 320 шақырым, Жезқазған-Қарағанды 520 шақырым жолдардың да жағдайы мәз емес, - деді депутат.