ЖОЛ САЛАСЫНДА ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ ҚАЖЕТ! – Қазыбек Иса

ЖОЛ САЛАСЫНДА ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ ҚАЖЕТ! – Қазыбек Иса

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жол саласындағы тамыр жайған кемшіліктер мен жемқорлықты жоюды талап еткен депутаттық сауал жолдады.

***

XXI ғасырда Еуропадан шыққан көліктер Қазақстанға келгенде XIX ғасырдың жолына түсіп кетеді...

Жол мәселесіндегі сөзімізді осылай бастауға тура келеді. Иә, «Көрмегенім Қазақстанның жолдары болсын» дейтін шетелдік көлік жүргізушілер көп...

Мемлекет басшысы да таяуда Жолдауда жол мәселесіне тағы да арнайы тоқталды.«Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер.Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет», – деді Тоқаев.

«Жол мұраты –жету»-десек, біздегі сапасыз жолдармен жүргенде бұл мақалды ұмытып қаласың...

Ел жағдайын жол жағдайынан білуге болады дейтін қағидаға сүйенсек, біздің жағдайымыз африкалық елдер Кения мен Танзаниядан да кейін қалған. Өйткені, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 93 орында екенін әшкереледі..Ал сарапшылар біздегі жолдардың сапасын Моңғолия, Уганда, Эфиопиядан да төмен бағалауда.

Жол жағдайы жақсарса, ел жағдайы да жақсарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызы жөнделіп бітуі қажет.

Елімізде автожолдардың жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырымы — республикалық маңызы бар күре жолдар, 71 мың шақырымы — жергілікті жолдар. 

2007 жылы басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы әлі бітпей жатыр.

Мысалы, Қордайдан Алматы облысына шыға берістегі бас мердігерлері басы ауған жаққа қашып кеткен 42 шақырым жолдың 3 шақырымы шаңы аспанға шығып жатқан қаражол, 39 шақырымы ой-шұқыры бітпейтін кеңес заманындағы ескі жол. Жұмыссыз, тоқтап тұрғанына бірнеше ай болды.

228 шақырымды құрайтын Ақтөбе –Хромтау-Ұлғайсын жолы әлі біткен жоқ. Хромтауға дейін 200 шақырымды құрайтын үлкен машина 10-12 сағатта зорға жүріп өтеді.

Атырау мен Астрахан арасындағы жыр болған 100 шақырымдай жол әлі бітетін түрі жоқ. Дәл осы жолмен жүргендер оның азабын айтып тауыса алмайды. Көрші елдің соғыстан қашқан қашқыны Атыраудың жол азабын көргенде, «Бұдан да соғыста өлгенім, көр азабын көргенім жақсы екен» ғой, дегені ащы шындық…

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша 2015 жылдан бері несие 4 рет ұзартылған.. 

Мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстан тас жолдарының 17 пайызы халықаралық стандарттарға сай емес. Тас жолдардың тек 3 пайызы ғана жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жергілікті маңызы бар жолдардың 18 мың шақырымында немесе 26 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Ал қалған 74 пайызы қиыршық тас, топырақпен жабылған. 

Жол сапасының нашарлығының тағы бір себебі «Ақ жол» талай көтерген битум жетіспеушілігінен.

Мұнайымен мақтанатын елде жол битумының тапшылығы 2022 жылы 200 мың тоннаны құраған... Президент өз Жолдауында Үкімет бұл мәселені түбегейлі шешуі керектігін айтқан болатын, бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ.

Ақылы жолдардан түскен алымдар бір жылда 9,1 млрд теңгені құраса, оның 45 пайызы немесе 4,1 миллиард теңгесі ғана сол учаскелерді жөндеуге және күтіп ұстауға кеткен.

Біздің елде жөнделген жолға кемінде 3 жыл, ал жаңа жолға 5 жыл кепілдік беріледі.. Әрине, бұл жолдың кепілдігі 15-20 жыл, тіпті 25 жылға берілетін Еуропамен салыстырсақ, бес еседей аз. Сарапшылардың айтуынша, жол салатын компаниялар мен мемлекеттік мекемелер үш жыл сайын жол жөндетуге ақша бөлгізіп отыру үшін осындай саясат ұстануда. Жыл сайын жол жөндеу үшін кемінде 500-600 млрд теңге бөлінеді. Бір шақырым жолды салу құны біздің елде, орта есеппен, 600-700 млн теңге екен. Бұл Еуропадан екі есе қымбат. Яғни олар екі есе аз ақшаға 5 есе көп жыл шыдайтын жол салады. Керісінше айтсақ, бізде екі есе көп ақша алып, бес есе нашар жол салады...

Жол салушылар жоба қандай болса, сондай жол салып беріп отырмыз дегенді айтады. Ал кейбіреулер техникалық бақылаушылар жол салатын компанияларға тәуелді, сондықтан кемшілігін көрсетіп бермейді дейді.

Қазақстанда жол сапасын екі-үш есе артыратын полимер қоспалар бар. Бірақ оны біздің компаниялар қолданбайды. Себебі оларға жол ұзаққа шыдауы қажет емес, жолға бөлінетін миллиардтар қажет. 

Бұл жол саласындағы жолға қойылған сыбайлас жемқорлыққа жалғасып жатыр. Миллиардтаған залал келтіріп жатқан жемқорлық тыйылмаса, жолдың сапасыздығы да жалғаса береді. Жол саласына қалай қаржы құйыла бастады, солай бұл жерге жолға еш қаитысы жоқ жемқорлар да жыйыла бастады... 

Қай сала болмасын, біз жаңалық күтуіміз үшін жаңа адамдар керек. Ал бізде Үкіметтен бастап, ешқайсысы өзгерген жоқ. Тек орындарын ауыстырды да қойды.

Ең басты кінәміз – бізде әр салада өз маманы отырған жоқ. Су саласында суды білмейтін, жол саласында жолды білмейтіндер отыр. 

Республика көлеміндегі ірі жолдардың құрылысы да жылдар бойы созылып жатыр. Талдықорған – Өскемен, Қызылорда – Қарағанды жолдары әлі жыр болуда.

Республика көлеміндегі ірі жолдардың құрылысы да жылдар бойы созылып жатыр. Талдықорған – Өскемен, Қызылорда – Қарағанды жолдары әлі жыр болуда.

Астана-Алматы жолындағы Бурылбайталдан Алматыға қарай жүретін жолдың 140 шақырымы ой-щұңқырға толы, әлі бітпеуде.

Қызылорда – Жезқазған жолының Жезқазған жағындағы 208 шақырымға әлі де ие жоқ. Тағы келесі жылға қалды. Алдында 2021-22 жылға 208 шақырымға 90 млрд. теңге есептеген. Енді инфляция деп, 130 млрд-қа көтеріп, Азия даму банкі арқылы тағы да қарыз алмақшы.

Бұл жол салынса, оңтүстік аймақ тігінен солтүстікке шығынсыз тауар тасымалдау мүмкіндігіне ие болар едік. Жезқазған-Арқалық 320 шақырым, Жезқазған-Қарағанды 520 шақырым жолдардың да жағдайы мәз емес. 

Алматы-Нарынқол бағытындағы Шарын шатқалынан кейінгі жолдар Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген. Былтыр жергілікті тұрғындар жолды жауып, БАҚ өкілдерін шақырып айғай-шу шығарып еді, әкімшілік өтірік жол жасаған болатын. Қазір сол жолдар бомба түскендей болып жатыр. «Кеген - Нарынқол» және «Көкпек - Кеген - Қырғызстанның шекарасы (Түп)» учаскелерінде жөндеудің бітер түрі жоқ. Текес аумағында Нарынқолға дейін жол жағдайы өте нашар. Ол жаққа бір барып келген жолаушы көлігің жөндетуге тура келеді

Алматы облысы Күрті ауданы орталығы Ақшиден Қонаев қаласына дейін 60 шқ жол жоқ.

Балқаштан Ақжайдаққа дейінгі 70 шақырымда жол жоқ. 

Жол сапасының нашарлығы – елдегі адам өлімінің ең басты себептеріне айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қауіпсіздігі бойынша 52 мемлекетте жүргізген зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан жол апатынан қаза табу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Адам өлімі жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылы, бір жылда ғана 1064 адам қаза тауып, 4098 адам жараланған. Тек Алматы мен Астана арасындағы жолда талай танымал таланттар апат болғаны белгілі...

Еліміз жыл сайын жол апатынан 9 миллиард доллар жоғалтады, бұл – ЖІӨ 4 пайызына тең.

Біздің ұсыныстарымыз:

1.Министрлік, облыс әкімдіктерімен және «ҚазАвтоЖолмен» бірлесе отырып, жоспарланған жол жобаларын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуін қатаң міндеттеу қажет.

2.Жол сапасына кінәлі компания шығынды өзі төлеп, жазасын тартуы тиіс.

3.Алматыда сәтті пайдаланылған Жол сапасын екі-үш есе артыратын, полимерлер мен адгезиялық қоспалар құны жол сметасына қосылуы керек.

4.Шетелден әкелетін жол полимерлерін өз елімізде өндіру керек.

5. Сапасы мен төзімділігі жоғары бетон жолдарды көбейту керек.

6. Жол саласындағы жолға қойылған жемқорлықты түбірімен жою қажет.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы мүшелері