МЕЙРАМХАНА ӘКІМШІЛІГІНЕ ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

МЕЙРАМХАНА ӘКІМШІЛІГІНЕ ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Биыл, 2022 жылы 30 қыркүйекте «Қазақ үні» ұлттық порталы мен фейсбук парақшамызда 

«Бұл не масқара! ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҒАТЫН ҚАНДАЙ МЕЙРАМХАНА?!» аты мақала жазған болатынбыз.

Астана тұрғыны Дана Қамазбектің айтуынша, «Чечил» пабы іс-шара қазақ тілінде болғаны үшін оны өткізуге рұқсат бермеген. 

-Сонда Қазақстанда 30 жылда ит иесін танымайтындай заңсыз заманға жеткенбіз бе?!!

Былтыр парламент қабылдаған барлық жерде, әсіресе, кафе-мейрамханалар мен сауда орындарында барлық көрнекі ақпараттар, мәзірлер қазақ тілінде жазылуы тиіс деген заң 9 айдан бері неге орындалмауда? Оның атқарылуын кім қадағалайды? Сол заңға кәсіпкерлік нысандарға тіл туралы заңның орындалуын қадағалайтын бап (бұрын болған, алып тасталған) ұсынғанда, сол кездегі ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қарсы қорытынды жазып, өткізбей қойып еді. Экономика министрлігі (Әсет Ерғалиев) мен “Атамекен” ұлттық палатасы (Тимур Құлыбаев) келіспегендіктен осындай Үкімет қорытындысы шыққан. Үкімет басшысының қорытындысына қарсы “Ақ жол” фракциясы мүшесі, сол ұсынысты енгізген депутат Қазыбек Иса ғана қарсы болды да, көпшілік дауыспен қорытынды қабылданып, бақылау функциясы кірмей қалды… 

“Қазақ үні” газетінде “ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОБАЛЫ - ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНДЕ?”-деп жазғанымыз сол кезде.- деп жазған едік.

Сонымен қатар: «Енді міне, былтыр “Көрнекі ақпарат туралы” заң шықты, бірақ орындалмай жатыр?!. 

Оны кім қадағалайды?

Мейрамханаларда мәзірдің қазақша емес екеніне бас қатырмай, қарын тойдырып шығып кете беретін барлық депутат пен министрлер, әкімдер мен жалпы мемлекеттік қызметкерлер өз заңдарын өздері аяққа таптағанмен бірдей!

Бұл әсіресе, Мәжілістегі 107, Сенаттағы 51 депутатқа тікелей қатысты!

Үкімет, Бас прокуратура қайда?

Тұтынушылар одағы да қайрат танытуы керек!-деп атап көрсеткен болатынбыз.

-Біз Бас прокуратураға және Тіл комитеті қарайтын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне депутаттық сауал жібердік. Жауабын жариялайтын боламыз,-деп уәде бергенбіз.

Енді міне, сол сауалдың жауабы да келіп жетті.

Алдымен сауалымызды еске сала кетейік.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры 

Б.Н. Асыловқа

Қазақстан Республикасының

Ғылым және жоғары білім министрі

Н. Саясатқа

Астана тұрғыны Дана Қамазбектің айтуынша, «Чечил» пабы мейрамханасы іс-шара қазақ тілінде болғаны үшін оны өткізуге рұқсат бермеген. Бұл туралы Ulysmedia.kz пен Qazaquni.kz сайттары хабарлайды. 

Бойжеткен әлеуметтік желіде зияткерлік викторина өткізгелі жатқанын және лайықты бөлме іздеп жүргенін жазған. Ол «Чечил» пабының ойын орысша емес, қазақша болғандықтан қарсы болғанына ашуланады.

Бұл жерде мейрамхана қызметкері «Қазақстан Республикасының Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңның» 24 және 25 баптарына қарсы шығып, заң бұзып тұр. Былтыр 2021 жылы 31 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы енгізген өзгерістер бойынша «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабы бойынша «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады.» Ал мейрамхана қызметкерлері көрнекі ақпарат түгілі, мейрамханада қазақ тілінде іс-шара өткізуге қарсы болуы – Қазақ Еліне, мемлекет Тәуелсіздікке қарсылық деп қабылдау керек. Сондықтан да, әлеуметтік желіде әділеттілікті талап еткен наразалық өршіп тұр.

Сондықтан, Мемлекеттік тілге қарсы шыққан «Чечил» пабы қожайындары мен қызметкерлерін қатаң жауапқа тартуды талап етеміз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 25-бабына сәйкес, аталған мәселені қарастырып, тиісті шара қолданып, нәтижесі туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне заңда белгіленген мерзімде жазбаша түрде хабарлауыңызды сұраймын.

Құрметпен, Қ. Иса

Депутаттық сауалымызға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Т. Ешенқұловтан жауап келді.

Қазақстан Республикасы 

Парламенті Мәжілісінің 

депутаты 

Қ. Исаға 

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздің депутаттық сауалыңызды жан-жақты қарап, келесіні хабарлайды.

Министрлік Сіздің сауалыңызға арқау болған мәселенің мән-жайын анықтау үшін Астана қаласының әкімдігіне хат жолдады (2022 жылғы 5 қазандағы № 5-19-02/485-И). 

Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармаларының қызметкерлері бірлесіп Қаныш Сәтбаев к-сі, 13/2 мекенжайында орналасқан «Chechil Pub» бары әкімшілігіне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының нормалары мен талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әдістемелік көмек көрсетті. Сонымен қатар, қызмет көрсету барысында тілге қатысты қоғамдық алауыздыққа апаратын факторларды болдырмау ескертілді. 

Әңгімелесу барысында мекеме басшысы шағымның авторы «Chechil Pub» мекемесінің қазақ тілінде іс-шара өткізуден бас тартуына қатысты БАҚ-та мәлімдеген ақпарттардың дәлелдерін ұсынбағанын, сондай-ақ тапсырыс берушінің талаптары тілдік белгісі бойынша емес, коммерциялық әлеуетінің жарамсыздығы салдарынан орындалмағанын жеткізді. Сонымен қатар, мекеменің көрнекі ақпарат мәтіндері тіл туралы заңнама талаптарына сәйкес келтірілгендігі белгілі болды.

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2021 жылғы 29 желтоқсан № 94 Заңы қабылданғаннан кейін облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында әдістемелік құрал әзірленіп, жұмыс бабында басшылыққа алу үшін жолданды. 

Бүгінгі таңда Заң нормалары мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілері тарапынан іске асырылуда. Өңірлерде сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерін сауатты жазу мақсатында тегін кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсететін «Жедел желі» (Call-center) қызметі жұмыс істейді. Әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Атамекен» ҰКП-ның жергілікті жерлердегі құрылымдарымен бірлесіп түсіндірме жұмыстары, іс-шаралар өтуде.    

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2022 жылдың  

I жартыжылдығында 41 525 объектідегі көрнекі ақпараттарға зерделеу жұмысы жүргізіліп, оның 4 941-де кемшіліктер анықталған, 3 244-не ұсынымдар беріліп түзетілген.

Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғастырылатын болады.

Вице-министр Т. Ешенқұлов

Мемлекеттік тіл мүддесін, ұлт мүддесін қорғауға қоғам болып, бәріміз кірісуіміз керек!

Тіл күрескерлері Руза Бейсенбайтегі, Жұлдызай Форт, Жанар Жахат секілді қайсар ұлтшыл әпкелеріндей Дана Қамазбек қарындасымызға да көп рахмет айтамыз! Бірақ нақты фото/видео дәлелдер, кінәлілердің аты-жөндерін келтіру керек екенін ұмытпағанымыз жөн.

Негізі біз бәріміз Мемлекеттік тіліміз табанға тапталып жатқан кез келген жерде дабыл көтеруіміз керек!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты