Бұл не масқара! ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҒАТЫН ҚАНДАЙ МЕЙРАМХАНА?! - Қазыбек Иса

Бұл не масқара! ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҒАТЫН ҚАНДАЙ МЕЙРАМХАНА?! - Қазыбек Иса

Мейрамханаларда мәзірдің қазақша емес екеніне қарамай, қарын тойдырып кете беретін депутаттар өз заңдарын өздері аяққа таптағанмен бірдей!

Астана тұрғыны Дана Қамазбектің айтуынша, «Чечил» пабы іс-шара қазақ тілінде болғаны үшін оны өткізуге рұқсат бермеген. 

Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды. 

Бойжеткен әлеуметтік желіде зияткерлік викторина өткізгелі жатқанын және лайықты бөлме іздеп жүргенін жазған. Ол «Чечил» пабының ойын орысша емес, қазақша болғандықтан қарсы болғанына ашуланды.

- Басқа сылтау болса қарсылықсыз қабылдайтын едім, бірақ олар «қазақша болса, өткізуге қарсымыз» деп беттері бүлк етпей жауап берді. Бұл мемлекет пен халқын сыйламау ғой, - деп ол жазды.

Бұл не масқара! Қазақ елінде қазақ тіліне қарсы болатын қандай мейрамхана?!.

Сонда Қазақстанда 30 жылда ит иесін танымайтындай заңсыз заманға жеткенбіз бе?!!

Былтыр парламент қабылдаған барлық жерде, әсіресе, кафе-мейрамханалар мен сауда орындарында барлық көрнекі ақпараттар, мәзірлер қазақ тілінде жазылуы тиіс деген заң 9 айдан бері неге орындалмауда? Оның атқарылуын кім қадағалайды? Сол заңға кәсіпкерлік нысандарға тіл туралы заңның орындалуын қадағалайтын бап (бұрын болған, алып тасталған) ұсынғанда, сол кездегі ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қарсы қорытынды жазып, өткізбей қойып еді. Экономика министрлігі (Әсет Ерғалиев) мен “Атамекен” ұлттық палатасы (Тимур Құлыбаев) келіспегендіктен осындай Үкімет қорытындысы шыққан. Үкімет басшысының қорытындысына қарсы “Ақ жол” фракциясы мүшесі, сол ұсынысты енгізген депутат Қазыбек Иса ғана қарсы болды да, көпшілік дауыспен қорытынды қабылданып, бақылау функциясы кірмей қалды… 

“Қазақ үні” газетінде “ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОБАЛЫ - ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНДЕ?”-деп жазғанымыз сол кезде.

Өткенде ғана Мәжілісте Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты баяндама жасаған Әділет министрі Қанат Мусинге: “Президент айтқан “ықпалды парламент” туралы өзгерістер қайда?”-деп, ең басты мәселені төтесінен қойғанымыз да сондықтан еді…

Енді міне, былтыр “Көрнекі ақпарат туралы” заң шықты, бірақ орындалмай жатыр?!. 

Оны кім қадағалайды?

Мейрамханаларда мәзірдің қазақша емес екеніне бас қатырмай, қарын тойдырып шығып кете беретін барлық депутат пен министрлер, әкімдер мен жалпы мемлекеттік қызметкерлер өз заңдарын өздері аяққа таптағанмен бірдей!

Бұл әсіресе, Мәжілістегі 107, Сенаттағы 51 депутатқа тікелей қатысты!

Үкімет, Бас прокуратура қайда?

Тұтынушылар одағы да қайрат танытуы керек!

Мемлекеттік тіл мүддесін, ұлт мүддесін қорғауға қоғам болып, бәріміз кірісуіміз керек!

Тіл күрескерлері Руза Бейсенбайтегі, Жұлдызай Форт, Жанар Жахат секілді қайсар ұлтшыл әпкелеріндей Дана Қамазбек қарындасымызға да көп рахмет айтамыз!

Негізі біз бәріміз Мемлекеттік тіліміз табанға тапталып жатқан кез келген жерде дабыл көтеруіміз керек!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні