Депозиттерге кепілдік беру - салымшылардың сенімін арттырады
2022 ж. 28 мамыр
654
0
Қандай жүйеде өмір сүрсек те, әсіресе қазіргі нарықтық экономика жағдайында қаржы мәселесі шешуші рөл атқаратыны баршаға белгілі. Қаржысыз ешқандай экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де проблемалар шешілмейді, айналып келгенде бәрі де қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан сауатты, ұтымды қаржылық саясат жүргізуге міндеттіміз. Сонда ғана адамдарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, қоғамымыз қарыштап дамитын болады.
Әрине, қаржы саласы өте күрделі. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет және өзге де толып жатқан салаларды қаржыландыру арқылы дамытуға болады. Оның қайсысына басымдық бере отырып, бөлінген қаржыны белгіленген мақсатта тиімді пайдалану өз алдына жеке әңгіме. Онымен үкімет, оның құрамындағы түрлі министрліктер айналысуға тиісті. Ал осының бәрін қаржыландыру тікелей Ұлттық банктің міндеті. Оған қарасты түрлі деңгейдегі банктердің атқарар жұмысы да шешуші рөл атқарады.
Біздің бүгінгі әңгімеміз қолда бар қаржыны сақтау, оны көбейту, банк тілімен айтқанда депозиттерге кепілдік беру жайында болмақ. Бұл жұмыстың жеке азаматтар үшін де, ірілі-уақты ұйымдар, компаниялар үшін де маңызы зор. Өйткені түрлі саяси-экономикалық жағдайларға қатысты қаржы саласы да инфляция сияқты қиындықтарға тап болуы әбден мүмкін. Осындай қиын-қыстау кезеңдерге банк жүйесі дайын болып, өз салымшыларын қатерлерден сақтандыруы керек. Сонда ғана салымшылардың сеніміне ие болып, банк беделі халық алдында жоғары болмақ.
Депозиттерге кепілдік беру жүйесі әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Бүгінде ресми деректер бойынша бұл жүйе 140 астам мемлекетте жұмыс істейді және салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Аталмыш жүйе елімізде 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді және оның басты операторы – «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ. Ол 1999 жылы 15 қарашада Қазақстан қаржыгерлерінің алғашқы конгресінде құрылған. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері - Қазақстанның Ұлттық Банкі (100%).
«Қордың алдына қойған мақсаты – отандық қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге белсене қатысу және лицензиясынан айырылған, жүйеге қатысушы банктердің салымшыларына өтем төлеу арқылы олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау», - деді өз сөзінде Қордың Төрағасы Әділ Өтембаев. Оның айтуынша депозиттерге кепілдік беру жүйесінің басты қағидалары: жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізу қызметін атқаратын банктердің (шетелдік банктердің филиалдарының) жүйеге қатысу міндеттілігі; жүйенiң айқындылығын қамтамасыз ету; жүйенің жұмыс iстеуiне қатысты тәуекелдердi азайту; өтем төлеу үшін арнайы резервтi негізінен жүйеге қатысушы банктердің жарналары есебінен қалыптастыру.
Қазіргі уақытта елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесіне екінші деңгейдегі 20 банк қатысады. Олардың тізімі Қордың kdif.kz сайтында көрсетілген. Олардан басқа екі Ислам банкі - «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ пен «Заман-Банк» Ислам банкі» АҚ бұл жүйеге қатыспайды.
Жүйенің нысандары: жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің (мемлекеттік кіріс органдарында дара кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтардың) банк шоттарында ұлттық және шетел валютасындағы депозиттері және солар бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақылар.
«Қор өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған екінші деңгейдегі 9 банктің салымшыларына кепілдік берілген өтемді төлеуді жалғастыруда. Олар: «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ. Солардың ішінде бірқатар банктердің салымшылары өздеріне тиесілі өтемді алу үшін агент банкке, басқалары тікелей Қорға жүгінеді. Агент банк қызметін атқаратын банктер өтемді Қордың атынан және есебінен төлейді және олардың тізімі kdif.kz сайтында қолжетімді» - деді Әділ Нұрланұлы.
2022 жылдың 1 мамырына қарай барлығы 150 мыңға жуық салымшыға 113,5 млрд астам теңгеге өтем төленді.
Қор салымшылар үшін кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібін оңайлату аясында 2021 жылы Төлемдердің электрондық порталын (ТЭП) іске қосты. Оған Қор сайты арқылы кіруге болады. Осылайша лицензиясынан айырылған барлық банктердің салымшылары төлем алуға өтінішті онлайн түрінде бере алады. Бұл салымшылар үшін төлем алудың анағұрлым ыңғайлы және қауіпсіз тәсілі. Өтемді онлайн алу үшін салымшыда электрондық цифрлық қолтаңбаның өзекті кілті болуы керек. Әрі қарай ол бейне-тексеру немесе SMS-код арқылы анықтап тану рәсімінен өтеді. Бұл ретте SMS-кодты алу үшін салымшылар ұялы телефондарын мобильді азаматтар базасында тіркеуі керек. Өтем ақша салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді. Бұл ретте Қор Төрағасының айтуынша салымшылар және олардың заңды өкілдері, мұрагерлері және басқа да құқық иеленушілері үшін тікелей агент банкке барып, өтінішті жазбаша түрде беру арқылы өтем алу тәртібі сақталады.
«Мұнда олар өтемді қолма-қол ақшамен алуға, басқа банкке аударуға немесе сол банкте жаңа депозитке салуға құқылы. Ал өтем төлеуге өтініш қабылдау мерзімі – өтемді төлеу басталған күннен бастап 1 (бір) жылды құрайды. Бұл ретте «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары бойынша өтем төлеу мерзімі соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейінгі аралықты қамтитындығын айта кеткен жөн». – деді Әділ Нұрланұлы.
Егер салымшылар бір жыл ішінде ақшаларын алып үлгермесе, төлем мерзімі аяқталған соң, Қор талап етілмеген өтем сомаларын күнтізбелік 30 күн ішінде салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады. Еер мұндай шот жоқ болса, ол автоматты түрде ашылады. Заңнамада көзделген дәлелді себептерге байланысты өтем алып үлгермеген салымшылар жазбаша өтініш пен растаушы құжаттарды ұсына отырып, ақшаларын Қордан алуға құқылы.
Қордың кепілдіктері:
• салымдардың барлық түрлеріне (мерзімсіз, мерзімді және жинақ), сондай-ақ талап етілгенге дейінгі салымдар мен шартты салымдарға;
• салымдар бойынша банкті барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айыру күніне қарай есептелген сыйақыларға;
• ағымдағы шоттарға;
• төлем карточкаларындағы ақшаларға қолданылады.
Қордың кепілдігі қолданылмайтын қаржы құралдары да бар. Олар: депозиттік сертификаттар, ислам банктеріндегі салымдар, жеке тұлғалардың металл шоттары, банк ұяшықтарында сақталуда жатқан ақшалар мен құнды заттар және заңды тұлғалардың депозиттері.
Кепілдік берілген өтем сомасының көлемі салымның түрі мен валютасына тәуелді. Яғни бұл сома:
• шетел валютасындағы депозиттердің барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден;
• жинақ салымнан басқа, теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар, талап етілмелі салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы банк шоттары бойынша – 10 миллион теңгеден;
• теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгеден асырылмайды.
Егер салымшының бір банкте түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозиті, олардың ішінде жинақ салымы да бар болса, олар бойынша Қор кепілдік беретін ең жоғары жиынтық сома – 20 миллион теңге. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша бекітілген максималды өтем сомасы ескеріледі.
Шетел валютасындағы салымдардың өтем ақшасы банк лицензиясынан айырылған күнгі айырбас бағамы бойынша теңгемен есептеледі. Бұдан басқа салымшы бір емес бiрнеше банкте депозиттер ашқан жағдайда, кепiлдiк берiлген өтем әрбiр банк бойынша жеке-жеке төленеді.
Әділ Нұрланұлының айтуынша әрбір салым түрі бойынша төленетін өтем ақша сол салым түрі бойынша бекітілген максималды өтем сомасынан асырылмайды. Бұл ретте салымшы бір емес, бірнеше банкте әр түрлі депозиттер ашқан жағдайда, Қор жиынтық өтем сомасын әрбір банк бойынша жеке-жеке есептеп төлейді.
«Қордың арнайы резервінде жинақталған қаражаттың көлемі биылғы жыл басынан бері 1,6%-ға ұлғайып, шамамен 864 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, ол 6,6%-ға өсті. Қордың жарғылық капиталының 70%-ын қосқанда, арнайы резервтің жиынтық көлемі тұрғындардың депозиттерінің 6,6%-ына тең. Яғни заңнамада белгіленген 5%-дық деңгейден жоғары және салымшылардың шоттарының 99,8%-ын толық көлемде қамти алады», - деді Әділ Өтембаев.
Сонымен қатар Қор банктерге ай сайын теңгелік салымдар бойынша максималды сыйақы мөлшерлемелерін ұсынып отырады. Бұл банктерге ақшаның нарықтағы құны өзгерген жағдайда салымдар бойынша сыйақылардың мөлшерлемесін де өзгертіп, олардың тиімділігі мен шынайылығын арттыруларына мүмкіндік береді.
Ақшаны табу оңай емес екенін бәріміз білеміз, ол үшін тұрақты түрде тынбай еңбек ету қажет. Ал оны шығынсыз сақтау, ретін тауып өсіру одан да қиын. Бұл бағытта банк қызметін пайдалану тиімді екенін өмірлік тәжірибе көрсетіп отыр. Алдында айтқанымыздай, біздің елімізде салымшылардың қаржысына депозиттік кепілдік беру ісі дұрыс жолға қойылған, банк жүйесінің жұмысы да осыған негізделіп құрылған. Өйткені банк саласы үшін салымшылардың сеніміне ие болу – ең басты мақсат.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz