Қала атауын ауыстыру қазақтардың өз шаруасы, біз тек қолдауымыз керек - Закиржан Мамлютов
2022 ж. 16 сәуір
1763
5
Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы петиция жайлы. Мен бұл тақырыпта талай рет жаздым, тағы қайталайын. Сонымен, СҚМУ тарих факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған маман ретінде әлеуметтік желідегі барлық дауларға пікір білдіруге толық құқығым бар деп ойлаймын. Көптеген комментаторлар қазақтың төл тарихынан мүлдем бейхабар. Мен өткен жылдардағы барлық процестерді қаузамаймын. Мұның бәрін өздеріңіз де зерттей аласыз. Бірақ төмендегі мен келтіретін ақпарат көпке жетуі керек деп білемін. Біріншіден, ұлтым - татар. Менің туған-туыстарымның да барлығы татарлар. Біздің әулет қазақ жерінде шамамен 1786 жылдан бері тұрып келеді. Менің отбасым басқа диаспоралардың барлық өкілдеріне қарағанда бұл елде ең ұзақ өмір сүріп келе жатқан болуы керек. Сондықтан мен өз пікірімді айтуға құқылымын. Және бұл менің біржақты сөйлеуге мүдделі еместігімді білдіреді. Сонымен...
Петропавл атауын өзгертуге қарсылардың көпшілігі бұл жерде ешқашан қазақтар тұрмаған деген ақылға қонымсыз пікірлер жазуда. Бекініс салынған бұл жерде қазақтар ешқашан болмаған. Яғни, олардың пайымдауынша, алдымен орыс әскерлері келіп, стратегиялық тұрғыдан тиімді мекенге бекініс салған-мыс. Бірақ, атадан балаға мирас боп, санасына құйылып, жатталып келген қазақтың мың жылдық фольклорын қалай ысырып тастайсыздар? Ауыз және жазба әдебиет деректеріне тереңірек үңілсеңіздер, бұл жерлер бағзы заманнан қазақтың төл мекені болғанына анық көз жеткізуге болады.
Бұл өлкені қазақтар әлмисақтан Қызылжар деп атаған. Тарихты үш қайтара тоңын теріс аударып жазып шықсаңыз да, ұлттық фольклорды жоя алмайсыз. Бұл - бар таным-білімнің бастауы. Сол секілді қазақтардың мыңжылдық шежіресі бар. Ата-бабаларының бейіттері осы өлкеде. Қазақтар көшпелі халық. Олар қалаларда емес, жазын жайлауда, қысын қыстауда өткізген. Сонау Түменнен Тянь-Шань сілемдеріне дейінгі ұлан-ғайыр атырапта мал баққан. Және өздерінің солтүстіктегі жерлерінде жиі болған. Себебі, бұл өлкенің шөбі шүйгін, суы мол.
Сондықтан бұл қазақ ата-бабаларының құнарлы жерлерінің бірі. Есілді өрлей жайлауларына киіз үйлерін тігіп жайғасқан. Бұл тарихи факт. Ал, бекініс салу мәселесіне келсек. Пікір жазушылардың көбі орыстар әскери бекіністер қазақтарды қорғау үшін салынған деп жазуда. Ал, өздерінің «бұл жерде қазақтар болмаған» деген сауатсыз сөздерін қаперге де алмайды. Қазақтар болмаса қалай оларды қорғау үшін бекініс салады? Шынтуайтында, бұл бекіністер Орта Азияны колонизациялау мақсатында салынған. Қазақтар бұған қарсылық танытқан. Бұған тарихтағы көптеген ұлт-азаттық көтерілістер дәлел. Махамбет пен Исатай, Кенесары хан. Бұл басқыншыларға қарсы тойтарыс берген ұлт батырларының ең белгілілері ғана. Бұл туралы мектеп бағдарламасында да оқытылады. Жазалаушы және казактар отрядтары туралы да көптеген деректер келтіріледі. Мен ұлтараздығын тудыру үшін айтып отырғаным жоқ. Бұл тарихи фактілер, оларды ресейлік тарихшылар да мойындаған. Тарихтан хабарыңыз болса, алғашқы орыс солдаты бұл өлкеге тек 18-ші ғасырда келгенін білерсіз. Оған дейін Ресей империясы Сібірді жаппай колонизациялау жүргізілді. Бұл да тарихи шындық.
Ал, қазақ жерлерін Ресейге қосу үрдісі 1731 жылы басталды. Тіпті, Семей бекінісі 1718 жылы салынған болса да. Осы орайда, егер жерлерді ресми түрде қосып алу процесі 1731 жылы басталса, онда орыс әскерлері оған дейін 13 жыл бұрын бұл жерлерге не үшін келді деген заңды сұрақ туындайды. Өздеріңіз ойланыңыздар. Егер қазақтар Ресейге өз еркімен қосылған болса, онда қосылу процесі тез жүзеге асуы керек еді ғой. Бірақ, бұл процесс 130 жылға созылып, кіші жүздің қоссылуынан кейін ғана аяқталды. Ойланып көріңізші. 130 жыл бойы «өз еркімен» қосылып келді ме?
Менің тізіп айтып отырғанып, кеңестік кезеңдегі мектеп оқулықтарында жазылған тарихи фактілер ғана.
Қорытындылайтын болсақ.
Бұл жерлер ежелден қазақтың төл мекені болған. Оған дейін түркілер иелік еткен. Оларға дейін сақ тайпалары және т.б. Қазақтар сақтар мен түркілердің тікелей мұрагерлері. Бұл туралы дауласу ақылға қонымсыз. Сондықтан, Қазақстан аумағындағы барлық қалалар да қазақтарға ғана тесілі. Біз қазақтардың жерінде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, біз өздерінің тарихи отандары бар диаспоралармыз. Басымызға күн туса, бәріміздің қайтып оралар жерлеріміз бар. Сондықтан, қызылкеңірдек боп бет жыртысудың қажеті жоқ.
Біз барлығымыз қазақтардың талпыныстарына қолдау көрсетуіміз керек. Олардың тәуелсіздік алғандарына 30 жыл болды. Олар тағдырдың жазуымен осында қалған барлық халықтарды құрметтейді. Біздің халықтарымыз үшін қиын-қыстау кезеңде олар бізге барын да, бәрін де берді. Сондықтан олардың ұлттық сана-сезімін, болмысын қалпына келтіруге деген ұмтылыстарына қарсы болуға біздің моральдық құқығымыз жоқ. Көршілес Ресейде және басқа елдерде де қала атаулары жиі өзгертілді.
Бұл ретте Ресейде тұратын диаспоралардың пікірін сұрағанына күмәнім бар. Жай ғана өзгертті, болды. Режим үшін. Саяси жағдай үшін. Ал, біздің билік өзін ақтауы керек. Күн тәртібінде мұндай мәселе жоқ деп айтуларына тура келеді. Мұндай жағдайда да олар халықтың бір бөлігін сынаудан аулақ болуға тырысады. Бірақ мен демократиялық көпшілікті жақтаймын. Егер референдум немесе петиция қаланың атын өзгерту уақыты келді деп шешсе, мен көпшілікті қолдаймын.
Бірақ бұл шешімді тек қазақтар қабылдауы керек деп есептеймін. Қазақ жерінде салынған қалалардың барлығын қазақтар да салысқан. Қазақтың ақшасына. Факт. Қазба байлықтары. Көмір. Кендер. Ет. Терілер. Және тағы басқалар. Қазақстаннан тоннамен экспортталды. Сосын оның бір бөлігі құрылысқа субсидия ретінде қайтарылды. Сондықтан мұнда «Өз қалаларыңды салыңдар және қалағанша атай бер» деген ұран сауатсыз деп білемін. Барлық қалалар моральдық жағынан да, заңды түрде де қазақтардікі. Қазақ бауырларымыздікі. Қысқаша айтқанда, осындай нәрсе. Ортақ үйімізде тыныштық болсын.
Закиржан Мамлютов,
Фейсбук парақшасынан