Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті! - Тоқаев

Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді білуге міндеттеуге арналған Үндеуі – Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының жарқын бастауы

Белгілі ақын, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Иса Мемлекеттік тіл мәселесін көтерген Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қолдау білдірді. Бұл туралы "Қазақ үні" хабарлайды. Қоғам қайраткерінің мақаласынан үзіндіні оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

***

Жаңа жылдағы жақсы жаңалық, басты жаңалық – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы. Бағдарламалық маңызы бар бұл мақала газеттің ғана емес, еліміздің бас мақаласы деуге болады. Тәуелсіздіктің 30 жылын салмақтап, сараптаған мақалада болашағымыздағы басты бағдарларымыз нақты көрсетілген. «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек» - деп алдағы атқарар істердің маңызын айқындап береді. Отыз жыл Тәуелсіздігіміздің өзінде де әлі дауға айналып келе жатқан Мемлекеттік тіл мәселесіне айрықша тоқталған ҚР Президенті Қ.Тоқаев: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» - деп атап көрсетеді. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» - деп, мемлекет басшысы мемлекеттік тілді білу барлық қазақстандықтардың міндеті екенін шегелеп айтып, шешімді Үндеу жасағаны өте дұрыс болды. Иә, мемлекеттік тілді міндеттеу – мемлекеттің міндеті. Отыз жыл парызын орындамағандар, тіпті әлемде жоқ парадокс – мемлекеттік тілді білмей-ақ мемлекеттік қызметте отырғандар да жеткілікті, енді міндетті орындауына тура келетін кез келді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарлы бас мақаласынан осыны ұқтық, көңілге түйдік. Ендігі кезекте тиісті заңдар қабылдау күтіп тұрғаны – күннің шықпай қоймайтынындай анық қағида! Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді білуге міндеттеуге арналған Үндеуі – Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының жарқын бастауы деп білеміз! Өйткені, мақалада баса назар аударып, атап айтылғандай: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл». Қазыбек Иса, Қазақ үні Еске сала кетейік, "Қазақ үні" ақпарат агенттігі жариялаған "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!"  атты ашық хатқа 125 мыңнан астам адам қол қойған болатын. Олардың арасында белгілі зиялы қауым өкілдері, депутаттар, ассамблея мүшелері бар.