Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажет! – Тоқаев

1
475

Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті!

Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді білуге міндеттеуге арналған Үндеуі – Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының жарқын бастауы

Жаңа жылдағы жақсы жаңалық, басты жаңалық – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы.

Бағдарламалық маңызы бар бұл мақала газеттің ғана емес, еліміздің бас мақаласы деуге болады. Тәуелсіздіктің 30 жылын салмақтап, сараптаған мақалада болашағымыздағы басты бағдарларымыз нақты көрсетілген.

Иә, «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт аяғын тең басқан төрттағаннан тұратын бұл бағдарламалық мақаладан алдағы бағыт-бағдарымызды айқын көруге болады.

«Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.
Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.»-дейді мемлекет басшысы.
Бағымыз да, барымыз да, бабаларымыз аңсап өткен баға жетпес қасиетті Тәуелсіздік дәуірін үш онжылдыққа бөліп, саралаған Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы атқарар істердің маңыздылығына ерекше тоқталады.
«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.»-дейді.

Мемлекет басшысы дәл қазір ел күтіп, қоғам талап етіп отырған әділеттіліктің аса қажет қағидат екенін атап көрсетіп береді.
«Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы.»-деп баса назар аударады.

«Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.
Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.»-деп алдағы атқарар істердің маңызын айқындап береді.

Отыз жыл Тәуелсіздігіміздің өзінде де әлі дауға айналып келе жатқан Мемлекеттік тіл мәселесіне айрықша тоқталған ҚР Президенті Қ.Тоқаев:
«Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді.
Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.»-деп атап көрсетеді.

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек.»-деп, мемлекет басшысы мемлекеттік тілді білу барлық қазақстандықтардың міндеті екенін шегелеп айтып, шешімді Үндеу жасағаны өте дұрыс болды. Иә, мемлекеттік тілді міндеттеу – мемлекеттің міндеті. Отыз жыл парызын орындамағандар, тіпті әлемде жоқ парадокс – мемлекеттік тілді білмей-ақ мемлекеттік қызметте отырғандар да жеткілікті, енді міндетті орындауына тура келетін кез келді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарлы бас мақаласынан осыны ұқтық, көңілге түйдік. Ендігі кезекте тиісті заңдар қабылдау күтіп тұрғаны – күннің шықпай қоймайтынындай анық қағида!
Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді білуге міндеттеуге арналған Үндеуі – Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығының жарқын бастауы деп білеміз! Өйткені, мақалада баса назар аударып, атап айтылғандай: «»Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл.»

Тәуелсіздіктің баға жетпес қадірін ұғып, қасиетін сезіну әркімнің оған қосылар үлесімен, нақты ісімен жалғасуы керек деген қағиданы ұқтырған мемлекет басшысы:
«Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек»-деп түйіндейді.

Біз де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келтірген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның осы сөзіне тоқтап отырмыз.
Өз тілін білмесе, өзге тілде білімі жоғары болғанның пайдасы шамалы екеніне көз жеткізген біздің Үкімет енді мемлекеттік тілді төрге шығаруда, ең бастысы Ұлттық мүддемізді қорғауда мінез көрсететін кезі келді.
Күнтізбе – Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына өтіп кеткенімізді көрсетуде!

Америка мен Еуропада тарихи оқиғаларға көп назар аударылатынын айтқан ҚР Президенті: «Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз.
Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті»-деп, жас ұрпақ санасына мемлекетшілдік идеясын қалыптастырудың зор маңызына тоқталады.
«Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн»- дейді мемлекет басшысы.

Иә, кезінде өзіміз «Әр қазақ көруі тиіс кино» деп баға берген, Алашорда тарихы туралы тағылымы зор, тартымды «Тар заман» сериалы секілді фильмдер көбеюі керек! Ал қазір алғашқы да, ең басты түсірілуі тиіс кино, мемлекет басшысы айтқандай -Алтын Орда туралы фильм болуы тиіс.

Алашорда деп айтып қалдық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бас мақаласында бұрын биліктегілер атай қоймайтын Алаш арыстарының тарихымыздағы зор еңбегіне үлкен баға беріпті. 2007 жылы Ұлттық консепцияны, 2012 жылы Алаш бағдарламасын қабылдаған, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсынып отырған «Ақ жол» партиясының өкілі ретінде бұндай ұлттық мүддені қорғаудағы оң өзгерісті қуана қолдаймыз.

«Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.
Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс.»-деп тура тұжырым жасайды мемлекет басшысы.

«Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.
Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деген мемлекет басшысы жоғарыдағы түтіні түзу ұшқан қасиетті ошақтың үш аяғындай үштаған құндылыққа құрылған мемлекет тұрақтылығы мен тұтастығына ешкім іштен де, сырттан да қол сұға алмайтынын атап көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгенін де еске салып өтті.

«Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды», – деді Мемлекет басшысы.

Шегарамыз шегендеулі, құрлықта да, теңізде де бекем бекітілген бабалар аманаттаған қасиетті ұлаңғайыр жерімізге ешкім көз аларта алмайды. Жеріміздің ешқандай шетелдікке сатылмайтынын, жекеменшікке берілмейтінін қадап айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы:
«Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.-деп қорытады мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ҚР Президенті Қ.Тоқаев мемлекет солтүстік пен шығыстағы шекаралық ауылдар бос қалмауы үшін оңтүстіктің жұртын солай қарай қоныстандыруға қолайлы жағдай жасауды жалғастыра беретінін айтты.
«Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз.»-деді.
Иә, бұл екеуі де стратегиялық маңызы бар, ел қауіпсіздігіне қатысты мәселе!

Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес екенін, ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керектігін айтқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы:
«Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз,»- деп, әкімдер сайлауы басталғанын және оның төменнен жоғары жалғаса беретінін мәлімдейді. Мемлекет басшысының бұл ұстанымы демократиялық қадамның басталғанын, енді шегінуге жол жоқ екенін көрсетеді. Бұл қадам -ауыл ғана емес, аудан, қала, облыс орталықтары менмегаполистер әкімі сайлануы керектігін саяси бағдарламасына айқын жазып қойған «Ақ жол» партиясының да демократиялық ұстанымы тура жолда келе жатқанын айқындайды.

Иә, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі көппартиялық туралы ұстанымын нақты білдіреді:
«Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік.»-деп барлық түрлі саяси ұйымдардың Ел Тәуелсіздігі жолында бәріне дайын болу керектігі – басты ұстанымдары болуы тиістігін тұжырымдап береді.

Мемлекет басшысы мақаланың «Ұлағат пен ұстаным» бөлімінде «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз.
Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі.»-деп, елдің саяси өміріндегі соңғы игі өзгерістерді атап көрсетеді.

Біз де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік мүддені қорғаудан туындайтын мемлекетшілдік идеясына құрылған бағдарламалық бас мақаласының түйінімен қорытқымыз келеді:
«Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.»

Бұл ұран – Қазақ Елі азаматтарының бәрі бірауыздан іс жүзінде қолдауы тиіс басты ұранымыз!

Қазыбек ИСА,

«Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз