ШЫҒЫСТЫҢ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚАЛА ГЕРБІНЕ САУАТЫ ЖЕТПЕЙ МЕ?!…

1
857

Тасқа түскен таңбаларымыз сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі. Батыр бабаларымыз өз туындағы таңбасын желбіретіп осынау кең даланы қанымен қорғап қалған еді. Әр тайпаның, рудың таңбаларына байланысты болжам, аңыз әпсаналар аз емес, ол тарих, сонысымен де құнды. Таңбаларға неге ерекше тоқталып айтып отырмын, өйткені, кешегі таңбалардың бүгінгі замануи жалғасы қасиетті Елтаңбамыз өз бастауын сол таңбалардан алатыны ешбір ғылыми дәлелдеуді қажет етпейді. Ал қала таңбалары сол аймақтың тарихи және табиғи ерекшеліктерін айшықтап тұратын таңбалар. Дамыған барлық елдердің әр қаласында өз гербтері бар. Таңба дегеннен шығады…

Осы бір таңба туралы сөз қозғағанда, Семейдің басқасын былай қойғанда таңбасы да қоянның артқы сирағындай күй кешіп тұрғаны туралы айтпасқа шара жоқ. Семей – Абайдай данасымен, Шәкәрімдей философ шежіресімен, Мұхтардай заңғар жазушысымен ел тарихында ойып тұрып алар орны бар қала. Семей – Алаштың астанасы болған қала. Семей – қырық екі жыл атом қасіреті де мойыта алмаған қала. Семей – қазақтың зар-мұңындай арман қала. АҚИҚАТЫН АЙТАР БОЛСАҚ, Семей қаласы ұлы Абайымен-ақ Республикалық маңызға ие болар жөні бар-ақ еді. Амал нешік…

Енді сол Семейдің таңбасына келгенде өз жергілікті билігінің сонша тарылуын қалай қабылдарымды ұға алар емеспін. Келетін де, кететін «келімсек басшылар» түгілі өзінен шыққан азаматтары да бұл мәселеде сонша шегінетіндей Семейдің таңбасын қабылдауда не құдырет бар екен?!.. Егер гербтер маңызы зор болмаса сонау патшалық отарлау кезеңінде, берісі, кеңестік заманда оған сонша мән берілер ме еді. Әттең, Тәуелсіздікке қол жеткен заманда Семей өз билігінің тарапынан жетімнің күйін кешеді деп кім ойлаған. Жоғары жақта Абайдың тойы кезінде бір-біріне «челлендж лақтырғыш» шенеуніктер арасында келесі мерейтойға дейін Семейді есіне алар біреу бар ма екен? Ақиық ақын Мұқағали: «Семей десе, Абай деп қарайды адам.» деп тегін айтып па еді. Санасы биік жанға Абай мен Семей мәңгі ажырамас егіз ұғым ғой.

Сөз барысында сол Семей гербі тақырыбында шамам келгенше жіктеп таратып көрсем деймін, әрбір азаматы Семейдің бір проблемасын көтерсе түбі қайырлы болып қалар. «Ел боламын десең-бесігіңді түзе», мен қаланың басты таңбасын қабылдату аманатын жеті жыл арқалап келе жатқан жанның бірімін. 2013 жылы Семей қаласының гербіне қатысты бұралаңы көп бұл мәселе өз бастауын әкім А. Каримовтың әкім болып тұрған кезден алады. Өз орынбасарларына қабылдатуға тапсырма берген әкім ақыры өз ойынан айнып жоққа шығарды, бәрінен тайқып, ақыры «ешқандай тапсырма болған жоқ» деп шалқайып бәрінен бас тартқан еді. Заман бір орнында тұрған ба, шалқайған Каримовтың креслосына атаман есімін иеленген Салимов кеп басты, анығырақ айтсақ, екі әкім шахматтағы король мен ладья сияқты өз орындарын ауыстырған болатын. Жаңа әкім келіп герб енді қабылданар деп қуанып та қалдық, расында да бұл әкім келе сала біліктілік танытып қала гербіне байқауына №84 өкімін шығарып істі бірден қолға алды. Бірақ «Бақсам, бақа екен…» демекші, ертерек қуанып қойыппыз, Салимовіміз әкім Каримовтен де сорақы болып шықты. Заңды түрде байқауды да өткізген өз өкімін аяқ астынан өзі заңсыз деп тапты. Сол сәттен бастап ШҚО әкімдігіне, ішкі саясат басқармасына, Семей қаласы әкімдігі мен мәслихатына сұрақтарым басталды, және алған жауаптарым да бір адамның қолынан шыққандай біркелкі болды. Сөзім дәйекті болуы үшін қысқаша келтіре кетейін: «ҚР Заңнамасы бойынша герб пайдалану өкілеттігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына ғана берілген. Басқа қалаларда герб болуы заңмен реттелмеген.» деген жауаптар. Олай болса, еліміз Тәуелсіздік алған кезеңде өз мәслихат шешімдерімен бекітіп алған облыс, қалалардың гербтерінің барлығы да ҚР Заңына қайшы әрекет жасаған болып шықты ғой. Жауаптарын басшылыққа ала отырып өзіме тың шешім қабылдадым. Алдымен ШҚО әкімдігі отырған Өскемен қаласының гербін алғызып тастауды қолға алдым. ҚР бүкіл құзыретті жоғары органдары арқылы 2019 жылы 22 тамызында Өскемен қаласының мәслихатының кезекті № XLVII отырысында №47/13-VI шешімімен Өскемен қаласының гербі өз күшін ресми түрде жойғызуға қол жеткіздім. Әрине, бұл жағдайға Өскемен қаласының тұрғындары(әсіресе орыс ұлтының)  арасында әлі күнге әлеуметтік желіде наразылық білдіріп те жатқандар жоқ емес. Келесі кезек Павлодар қаласына да келіп жетті.

Қызықтың көкесі дәл осы жерде басталды. ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова барлық қалалардың өз гербтерінен айырылу қаупінен сескенді ме, Павлодар гербіне бірден араша түсті. Жауабын келтіре кетейін: «Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Павлодар және Семей қаласының гербін бекіту мәселесі бойынша жергілікті атқарушы және жергілікті өкілді органдардың құзырында және аталған қалалардың бекітілген өңірлік нышаны қолданыстағы заңнамаларға қайшы келмейді.» дейді. Тіпті, «Семейге де герб қабылдануы заңға қайшы емес» дей отырып жергілікті биліктің жоғарыдағы жауаптарын жоққа шығарды. Осындай жауапты 2013 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхамедттен де алған болатынмын. Бірақ ШҚО және Семей қаласының әкімдігі министрдің ол анықтамаға пысқырып та қарамаған еді. Министрліктер – мемлекеттік басқарманың тиісті саласына басшылықты жүзеге асырушы ҚР орталық атқарушы органдары болып саналады. Сонда деймін, ШҚО- ның жергілікті атқарушы билігі министрліктің маған берген ресми жауабын жоққа шығарып отырған болып шықты ғой. Оған нақты мысал, Семей қаласының мәжілісінің хатшысы Бейсенбек Ақжаловтың 2017 жылы берген: «мәслихатқа қалалардың символдарын бекіту өкілеттігі қарастырылмаған.» да жауабы да дәлел. ҚР министрлігі Мәдениет министрлігі қаларда герб болуы заңға қайшы емес деген мәлімдемесін қайталады, тек жергілікті атқарушы билік неге заңсыз деп тауып отыр. Мүлде түсініксіз. Сонда ҚР заңын бұрмалап көрсетіп отырғандар кімдер? ҚР Заңы кім қалай қабылдағысы келсе солай қабылдай беретін ойыншық па? ШҚО әкімдігі, Өскемен және Семей қаласының мәслихатының депутаттары ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңындағы өз құқықтарынан қаншалықты сауатты?. ҚР Мәдениет министрлігінің екі бірдей министрі  қателесуі мүмкін бе? Өскемен қаласының өз гербінен ресми түрде айырылып қалуына енді кімдер жауапты? Міне, бұл әзірше шешілмеген жұмбақ. Бұл жердегі басты мәселе – жергілікті атқарушы биліктің, мәслихат депутаттарының өз құқықтарын жете білмеуінен туындап отырса керек. ҚР Конституциясының 18 бабында: «Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.» делінген. Олай болса заңды кімдер бұрмалап көрсетіп отыр? Бұл сұрақтарға биліктен нақты жауап ала алмағандықтан енді «Ақжол» партиясының ұлтшыл азаматтары арқылы қолға алып көрейін деген шешімге келдім. Семейге заманауи герб қабылдатуға не кедергі? Кезінде Семейдегі патшалық Ресейдің отарлау гербін алғызуға да көп күш жұмсалған еді. Патшалық Ресей гербін алғызуға «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Исаның да «Семейде патшалық Ресей гербі қашанғы тұрады?» деген «Қазақ үні» газетіндегі мақаласымен үн қосып, зор еңбек жасағанын айта кеткен артық болмас. Алғысымыз шексіз!

2016 жылы әкімнің №84 өкімімен өткізілген Семей қаласының гербіне арналған байқауына нүкте әлі қойылған жоқ. Егер Шығыстың депутаттарында мысқалдай намыс бар болса Абайдың қаласына заманауи герб қабылдасын, немесе министрдің жауабын ресми түрде жоққа шығарып берсін.

Алдымызда үлкен сайлау келе жатыр, егер бүгінгі креслода отырған депутаттарымыз өз құқықтарынан сауатсыздық танытып жатса болашақ депутаттардан қандай үміт күтпекпіз. Ойланатын жағдай…

Ерлан Шаяхметұлы,

Семей қаласының гербіне арналған байқаудың жеңімпазы

Қазақ үні

1 Пікір

  1. Автормен келісемін, өте сауатты жұмыс жасаған екен. Қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің заңдардан хабары өте саяз екені рас, ал депутаттарға келсек, олардың басым көпшілігі әкімдіктің таңдауымен келген кәсіпкерлер.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз