АЛАШ ОРДАСЫ СЕМЕЙДЕ ПАТШАЛЫҚ ГЕРБ ҚАШАНҒЫ ТҰРАДЫ?
2015 ж. 01 наурыз
5498
27
СІЗДЕР ШИРЕК ҒАСЫР БҰРЫН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАНЫМЫЗДЫ БІЛЕСІЗДЕР МЕ?
1878 жылғы патшалық Ресейдегі Семей қаласының гербі
1991 жылғы Семей қаласының гербі
Шығыс Қазақстан облысы әкімі кезінде қазіргі вице-премьер Бердібек Сапарбаев талай ұлттық рухани іс-шаралардыжасап кетті. Облыс отралығы Өскеменде күн көсем Лениннің орнына жыр көсеміміз Абайдың ескерткішін орнатқанын ғана емес, талайды айтуға болады. Кезінде бұл туралы көп жазылды. Соның ішінде менің "Қазақ үні" газетінде жарияланған "ӨСКЕМЕН қай елдің қаласы?! 707 атаудың қазақшасы 2 пайыздай ғана…" деген мақалам да ( http://www.qazaquni.kz/?p=2883 ), кейін осы мақалаға орай қазақтың әйгілі зиялылары жазған "ӨСКЕМЕН КӨШЕЛЕРІН ҚАЗАҚШАЛАЙТЫН КЕЗ ЖЕТТІ!.." атты Ашық хат та ( http://www.qazaquni.kz/?p=2979 ) өз жемісін берді.
Бұларды неге қайталап айтып отырмын? "Қазақ үні" газеті мен qazaquni.kz ұлттық порталында Семей қаласынан баяғы патшалық Ресейдің гербі кешегі қазақтың құлдығын еске түсіргендей әлі жойылмай келе жатқаны туралы талай жазылды. Семейлік Айдын Ырысбекұлы мен Ерлан Әмірбектің мақалалары бірнеше рет жарияланды. Мұнда 1878 жылғы патшалық Ресейдің кезіндегі Семей қаласының гербі 1991 жылы Тәуелсіздік Қазақстан кезінде сол қалпы, тек Ресей патшасының тәжін алып тастай салған... күйінде қалдырылды... Содан бері бұл сұмдықты намысы бар азаматтар талай жазып келеді. Бірақ бұрынғы әкімдер де, қазіргі әкім де бұл кемшілікті жояуға құлықты болмай келеді. Жарайды, Семейдің бұрынғы әкімдері Мәркен Шайжүнісов, Амангелді Қажыбаев, екі рет әкім болған Нұрлан Омаров, Қайрат Тұрлыханов, Мейрамхат Айнабековтердің кезінде бұл мәселе көтерілмеген шығар. Ал Айбек Кәрімов әкім болғалы бұл тақырып талай жазылса да... жанды жарамыз жазылмай-ақ қойды... Соншалықты патшалық Ресей гербіне жабысып қалған, құлап түскен құлдық "махаббаттың" астарында не жатыр? Кез-келген адамды жұмысқа аларда денсаулығын тексеруді керек ететін сияқты, бұдан былай әрбір мемлекеттік қызметке тұратын талапкердің Рух Саулығын тексеру керек шығар... Осыны "Мемлекеттік қызмет туралы заңға" енгізуге тиіспіз, егер мынадай бейшара құлдық жалғаса беретін болса... Қанша БАҚ-та жазылғанмен, таскерең Семей әкімдігі былқ еткен жоқ. Қайта 1967 жылдан, кеңес кезінен бері ілулі тұрған "Семей" қонақүйі" деген қазақша жазу таяудан бері "Семипалатинск" деген орыс тіліне жарқырата өзгертілді. Осы қонақүйдің қақ маңдайында да, біз "жырлап" келе жатқан патшалық Ресейден қалған герб қасқайып тұр. Бұл не сұмдық сонда? Бұл "Еуразиялық Одаққа кірдік, енді баяғы құлдық таз кепешімізді қуана-қуана қайта кидік" деген сөз бе? Әйгілі "Малиновкадағы той" деген кинодағыдай семейлік шенеуніктер ақтар келсе ақ қалпақ, қызылдар келсе, қызыл қалпақ киюге бұрыннан дайын болып келген бе? Тағы бір масқара, әкім Айбек Кәрімов 2011 жылы қол қойған марапат дипломдарында 1991 жылғы тәжсіз патшалық Ресей гербі емес... 1878 жылғы... патшалық Ресей кезіндегі тәжі бар герб жарқырап тұр... (суретте - Дәметкен Омарбаеваға берілген марапат дипломы). Бұл 1878 жылғы… патшалық Ресей гербі тек дипломдарда ғана емес, көшедегі аялдама, баннерлердің көбінде көрнекті бейнеленіп, жарқырап ілулі тұр… Сонда Семей қаласы, семейліктер патшалы Ресейдің құрамындағы 1878 жылғы Семипалатинскіде өмір сүріп жатыр ма? Жалпы, Семейдің әкімі, прокуратурасы, құқық қорғау органдары бар ма, бар болса, не істеп отыр? Олардың заңдылықты қадағалауы мен қорғауы - негізгі міндеттері, айлық алып отырған негізгі жұмыстары емес пе? Әкім Айбек Кәрімов орысқұл болғанмен, сонда қасындағы бірге істейтін Алаш ұрпақтарының бәрі де құлдық санадан арылмағандар ма? Неге әдебиет пен мәдениет, ғылым-білім ордасы болған Семейдің аты белгілі зиялы қауымы “Бұл не масқара!” -деп бір ауыз сөз айтпайды? Олар әкімшіліктегі марапат қағаздарды көрмеді дейік, ал көшеде жарқырап тұрған 1878 жылғы патшалық Ресей гербінің қасынан ұлттық һәм мемлекеттік мүдденің аяқ асты тапталуына былқ етпей, ер намысы оянбай, қалғыған күйі есінеп өте шыға бере ме?!. Астанада балконына еліміздің туын ілгені үшін Жандос деген азаматты марапаттаудың орнына айып салатын заңнан сауатсыз полицияны оқытып алып... Семейге жіберіп алу керек қой деймін... "Қазақ үні" газетіне Семей қаласындағы кемшіліктерді жазып, әкімін сынай қалсаң, дереу телефон шалып, "қоя салсаңдаршы" - деп өтініш айтатын қос астанадағы ақын-жазушы ағаларымыз қайда енді? Оларға әкімнің аты керек те, қаланың, елдің заты керек емес пе? Мен енді Семей әкімдігіне, әкім Айбек Кәрімовтың есіне, бүкіл Семейдің зиялы қауымына, Семейден шыққан барлық қаламгер-қайраткерлерге "Сіздер Қазақ елінің осыдан ширек ғасыр - 25 жыл бұрын Тәуелсіздік алғанын білесіздер ме, жоқ, естіген жоқсыздар ма?!.-деп, елдің сұрағын қойғым келеді... Әрбір қазақтың намысы келетін бұл масқаралық қашанға дейін жалғасады?Қазыбек ИСА
qazaquni.kz
Семейдің гербі – Ресей патшалығының отарлау саясатын айқындайтын 1878 жылғы герб… http://www.qazaquni.kz/?p=12245
Семейде патшалық кезең мен кеңестік кезеңнің төлтаңбалары дәріптелуде http://www.qazaquni.kz/?p=21076