Парақорлар мен алаяқтарды келемеждеу керек - Көпен Әмірбек
2020 ж. 19 қазан
2649
0
«Сатира-қаһарлы қару, оны қолдан түсіруге болмайды» дейді бұрынғы өткен данышпандар. «Əзіл-адамға берілген үлкен несібе» дейді Марк Твен. "Күлкінің жеңбейтін дұшпаны жоқ" дейді Бауыржан Момышұлы. Ендеше қай қоғамда болмасын əзіл-күлкісіз өмір сүру мүмкін емес. Сықақшы Сейіт Кенжеахметұлының пайымдауынша «Күле білу-өмір, күлдіре білу-өнер, күлкі болу - өлім». Жалпы сатира, яғни, əзіл-сықақ біздің қоғамға не үшін керек? Біз кімге күлеміз? Парақорлыққа, алаяққа, ашкөздікке қарсы күресіп, оларды келемеждеу керек пе? Керек. Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұратын қару қайсы? Күлкі. Неге? Өйткені ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады.
Жүз жылдық тарихы бар азуын айға білеген «Ара» журналын әлеуметтік желі арқылы қайта жаңғыртып, қанат қақтыруды мақсат етіп отырмыз.Күні-түні күлкіден айырмасын деп саяси-сатиралық ақпараттық агенттіктің атын «Аra24.kz” деп қойдық. Мұнда əзіл-сықақ, əжуа, мысал-мысқыл, пародия, эпиграмма, оқшау сөз секілді сатираның əрқилы саласын қамтып қана қоймай, алаяқтардың атын атап, түсін түстейтін яғни, нақты фактіге құрылған фельетон жанрын жандандырмақпыз.
Біздің бағдарламаға баса назар аударсаңыз күлесіз де білесіз, білесіз де күлесіз.Əзілдеріңіз жарасып, əжімдеріңіз күлкінің ізін ғана көрсететіні сөзсіз.
Көпен ƏМІРБЕК, «Аra24.kz” ақпарат агенттігінің Бас редакторы