Қазақстанның жер байлығынан жастарға енші бөлінсін - қоғам белсендісі
2020 ж. 15 қазан
1773
0
Көп ойланамын, ойым сан-саққа жүреді, жүгіреді, жұйытқып барып, сүріне құлайды. Жауапсыз сауалдар...
Мен білетін бір қазақ деген ұлт бар осы мемлекетте, басқа елдермен бірге тұрып жатқан. Бір шалбарды кезегімен киіп өскен баласы, кішкене ғана шаруасы, азға қанағат қылған қыр қазағын айтамын. Қалаға оқуға кеткен балалары қәзір үйлі-баранды, олардың бір пәтері, бір көлігі, бірнеше кредиттері бар. Кейбіреуі қалада жүрсе де, ауылы мен қорасын аңсап көше кезуде. Ауылына қайтайын десе ақшалай қауқары жоқ, қарызы көп.
Ауылдан шығып, билікке кіріп, жолын тауып "озғандар", депутат, сот, прокурор болғандар бар, "жүйенің" адамдары. Тоғышар бірәзі, қара халықтан шығып, ақ сүйек болғандар. Олардан үміт аз.
Мұндай таршылықтан шығудың жолы кәсіп ашу, әрекет жасап, өзіңе жұмыс жасауды үйрену дейді бизнес тренерлер. Өзіңе сен, мемлекеттен күтпе, талаптан, талпын деп жетектейді . Оған еріп, жоқтан барды шығарып жатқан бірен-сарандары бар. Тренинг жасап жол көрсеткендергеде мың алғыс, оған еріп жолы болғандарды да қолдаймыз.
Ал басқамыз қайтеміз. Қалай меншік иесі боламыз, мына тақыр кедейліктен қалай шығамыз? Жылдан жылға ауылдан келетін қазақ жастарының саны көбеюде, демография өсуі қарқынды.
Бұларды жиырма қабат үйде, жиырма жылда төлеп бітетін екі бөлмелік пәтерлер берумен меншік иесі қыламыз ба, жоқ басқа жолдары бар ма?
Ау, ағайын осы біздің жер байлығымыздан ЕНШІМІЗ ҚАЙДА?!
Алмаймыз, сұрамаймыз ба оны?
Жастарға аталарының қорғап қалған байлығынан үлесін алып бермейміз ба? Күні түні тіл дей бермей, сөйлемесе сөйлесемін тілімізде, ауыл қазағы бар кезде, тіліміз өлмес, нақты мәселе қояйық биліктегілерге. Тіл деп жүргенімізде, таза тақыр кедей болармыз, қалғанын жұтар "пысықтар". ЕНШІ БӨЛІНСІН жастарға! Ең алдымен әр үйі жоққа он шаршы жер берілсін. Ешқандай уәж іздемей, қалаларда жер бөлінісін. Қолданылмаған жерлер қайта қаралып, иелерінен мемлекетке қайтарылсын. Ауылды жерде де солай, нақты жерлер бөлінсін , мал шаруашылық мақсатына. Үй салу мақсатына 2-3 пайызбен ақша бөлінсін. Бұл үшін шет ел банкаларына филиал ашуға рұқсат етілсін. Біздің "отандық" банктерінің қарсылығына қарамастан. Осыдан бірнеше жыл бұрын дүниежүзілік ағылшын HSBS банкісінің филиалы бас қаламызда ашылып, өз клиенттеріне 3-4 пайызбен ипотека бере бастаймыз дегенде , соны жаптырған еді. Оны жасаған "отандық" банктеріміз, себебі өздерінің "жалмауыз" пайыздарын алу үшін мүмкіндік болмай қалатынын біледі.
Тіл мәселесімен барлық ұлтшылдарды әурелетіп қойып, қазақтың ең маңызды мәселесі - жер байлықтары, мұнайынан, темірінен, уранынан, мысынан өз үлесін алу керек екендігін ұмытқызуда.
Ал, енші хаққымыз бар! Тәуелсіздік алғанда бұл түсінік кең насихаттануда еді. Қазір айтуды да қойдық. Жер дегеніміз Ана жер түсінігі ғана емес, жер үсті, жер асты байлықтарымыз. Тек айналдырған бір мәселе - тілге байланысты зарлай бермей, ұрланып жатқан балаларымыздың еншісін талап етейік. Осындай жауабы қиын сұрақтар қояйық үкіметке. Уақыты келіп, өтіп барады.
Қазақ елі, келешек ұрпақ, бостандық пен демократия үшін.
Бейбіт Күлмағамбет,
Қазақ үні