ҚАЗАҚ МИНИСТРІ Алексей ЦОЙ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУДЕ!

Қазақшасы "Миын ауыстырмаса, қазақша сөйлей алмайтын" қазақ министрлерінен тәуір...

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақ Елінде Қазақша сөйлеген қазақ министрге де рахмет айтатын жағдайға дейін құлдырап тұрғанда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мырзаға неге алғыс айтпасқа?!.

Қазақшасы "Басына операция жасап, Миын ауыстырмаса, қазақша сөйлей алмайтынын" (!??) парламентте мәлімдеген Ерлан Ыдырысов сияқты министрлерден тәуір әйтеуір. Ең бастысы ердің елге деген ниеті ғой! Ал ниеті дұрыс!

Енді мемлекеттік тілге миы жетпейтін министрлерді мемлекеттік тілде сөйлету үшін бастарына операция жасап, миларын ауыстыруға Денсаулық министрі Цой бауырымызға жіберу керек!

Ал Денсаулық министрі мемлекеттік тілде сөйлегенде астанамыздағы #8 емхана меңгерушісінің мемлекеттік тілде сөйлеген мүгедекті полиция щақырып, қуып шығуын қалай түсінеміз, министр Цой мырза?!.

Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы "ҚАЗАҚ АСТАНАСЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚЫЗМЕТ ЖОҚ?! НҰР-СҰЛТАН" қаласы РЕСЕЙДІҢ ГУБЕРНИЯСЫ МА?!" атты сын мақала жариялаған еді.

"Елордадағы # 8 емхана мейірбикесі мен меңгерушісі Людмила Павловна қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен 1-ші топтағы мүгедек Байтас Байахметұлын заңсыз тілдік дискриминацияға ұшыратты. "Қайда барсаң, онда бар, ешкім саған ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТПЕЙДІ!"-дейді. Мемлекеттік тілді талап еткені үшін... полиция шақырып, ол заңды білмейтін сауатсыз полицей заңды талап еткені үшін Байтас Баяхметұлына кешірім сұратып, сыртқа шығарып жіберген?!.

Мұндай Қазақстан астанасында Қазақстан Конституциясы мен Тілдер туралы заңын қорлаған №8 емхана қызметкерлері мен заңды қорғау орнына қорлаған сауатсыз полицей үшін кім жауап береді?" - деп жазған болатынбыз.

Ал оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтен,Денсаулық министрі Алексей Цойдан, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан жауап күтіп отырмыз әлі...

Жауап беріңіздер, мырзалар!

Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын да Астана қаласындағы №2 ауруханада қазақ тіліне қатысты болған жағдай туралы алғашқы болып мәселе көтерген «Қазақ үні» ақпарат агенттігі «СҰМДЫҚ!!! Ресей тілін білмеген адам Астана ауруханасында өлуі керек пе?" атты мақала жариялаған болатын. Аталмыш мақаланы аз уақытта 15 мыңнан астам оқырман оқып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Қоғам белсендісі Мұқағали Балқыбайға мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан аурухана қызметкері мен бас дәрігер іске заңгерлер араласқан соң кешірім сұраған болатын.

Енді міне, тағы да емханада тіл мәселесі көтерілді. Осыған қарағанда астананың барлық мемлекеттік мекемелер мен көпшілікке қызмет ететін сауда, тб нүктелерге қоғамдық рейд жасамаса болмай барады.

Мемлекеттік тиісті орындар жұмыс істемегенде, қоғамдық белсенділік оянатыны табиғи жәйт.

Қазыбек ИСА,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі

Қазақ үні