Көпен Әмірбек: Тартынбай жейтіндерді тайраңдатып қойған кім?
2020 ж. 29 маусым
2872
0
Ел аузында езуге күлкі үйіретін әзіл әңгімелерді кім ойлап табады осы? Авторы кім? Халық! Расында да солай, «халық айтса қалт айтпайды» деп мойындаймыз. Сосын «Кімнің аузына қақпақ қоясың?» деп қалжың гәптен қашқақтайтынымызды қайтерсің. Міне, соның бір сұлбасы.
Баюды ойлаған бастық жұмысқа қабылдайтын жаңа қызметтік орынға байқау жарияласа керек. Оқығаны қайсы, тоқығаны қайсы? Айтқанынан шықпай алдында құрдай жорғалайтындар бар ма? «Ә» десе «Мә!» деп тұратындардың қажеті қанша? «Қат!» десе қата қалатын, «Жат!» десе жата қалатын яғни, ығында жүретін ыңғайлы кадрды таңдайды ғой әрине. Бәріне қоятыны бір-ақ сұрақ. Бірінші келген үміткерден:
– «5»-ке «5»-ті қосқанда қанша болады? – деп сұраса, ол:
– Он болады! – деп сарт еткізіпті. «Оппо-о-о, дәл есептейді екен. Ауы мен бауын түгендеп, мүлт кетпейтіндерді мүлде жолатпау керек» деп шошыған бастық қабылдамай қойыпты.
Ентелеп екіншісі жетеді. Оған да жаңағыдай жаттанды сынақ.
– «5»-ке «5»-ті қосқанда қанша болады?
– Он бір болады!
«Оппо-о-о, мына пәле асырып жазып «ашап» қоюға бейім-ау? «Аш пәледен қаш пәле», құрысын!» деп оның да қарасын батырады. Үміт артып үшінші кадр келеді.
– «5»-ке «5»-ті қосқанда қанша болады?
– Тоғыз!
– Тоғыз?
– Иә, тоғыз болады.
– ?..
«Оппо-о-о! Қолында тұрғанда қонышынан басатын қу ғой мынау!» деп оны да омпасын түсіріп омақастырады. Төртінші үміткер төбе көрсетеді.
– «5»-ке «5»-ті қосқанда қанша болады?
Қу түлкінің құйрығындай бұлғаңдаған бұл жігіттің сөзі де, өзі де өзгеше екен.
– «5»-ке «5»-ті қосқанда қанша дейсіз бе, басеке? Сіз қанша десеңіз сонша болады?
– Оһо-о-о! Міне, жігіт! Баяғыдан бері қайда жүрсің, қарағым-ау? – деп оны өзіне бірден бірінші орынбасар етіп алыпты.
Ал енді осы сынақтан өткені бар, өтпегені бар әлгі төртеуді төрге шығарып бір есеп берейінші. Байқайық, қайсысы қалай шығарар екен.
Сұрақ былай:
– Нұр-Сұлтан шаһарындағы ұзындығы 17 шақырымдық Қабанбай көшесін қайтадан асфальттап қалпына келтіру үшін қанша қаржы керек?
Сол сол-ақ екен төртеуінің біреуі төбеге қараса, енді бірі төмен қарады да еріндері жыбырлап есептей бастады. Әлгілердің әзілге бейімдеуі әңгімені әріден қозғады.
– Өзбектен «Абдулла әка, бір кілә еттен қанша манты жасауға болады?» деп сұраса, ол ойланбастан «Оппо-о-о, ол пиязына байланысты?» депті. Сол сияқты жол салу асфальттың цементі мен тасына, құмы мен битумына байланысты.
– Қалжыңыңды қоя тұр, айналайын. Құрылыс материалдарының құрамын кертіп жемей келістіріп салса қанша қаржы кетеді.
– Оның бағасы әр елде әртүрлі. Қытайда стандартқа сай жолды асфальттап салу үшін бір шақырымына 2,5 миллион доллар жұмсайды.
– Ал Америкада 5,5 миллион көк қағаз керек.
– Жапонияда... Осы бағаның ортасы...
– Қазақстанда ше?
– Оппо-о-о! Айтуға ауыз бармайды.
– «Әкесі өлгенді де естіртеді», айта бер.
– Әрқалай.
– Жасырып жабатын не бар, бүгежектеме.
– Бас қаладағы Қабанбай көшесін даңғайыр даңғылға айналдыру үшін бір шақырымға 12,5 миллион доллар бөліп отыр.
– Өздері есептеген бе?
– Солай.
– Оппо-о-о! О жақта да «Сіз қанша десеңіз сонда болады, басеке!» дейтін бастықтың бас изегіш бірінші орынбасарлары болғаны ма?
– Қайдам? Есепке жүйріктер бар ғой...
– Баяғыда Қожанасыр «Қойдың піскен басын сатып әкел!» деп баласын базарға жұмсапты. Қарны ашқан қара домалағы қайтар жолда қойдың басын жол-жөнекей сыпырып жеп құр қаңқасын ғана әкеліпті. Бұған таңырқаған Қожекең:
– Балам-ау, қураған қу сүйектен басқа дым жоқ қой мұнда? – десе, ұлы:
– Көріп тұрсыз ғой, көке, – депті жеп қойғанын жасырып. – Бұл арық қойдың басы.
– Жарайды, ал құлағы қайда?
– Оның үстіне керең қой болса керек.
– Тіпті көзі де жоқ...
– Соқыр қойда көз бола ма, көке.
Жарықтық Қожекең жағын ажыратып қараса тіпті тілі де жоқ екен.
– Ау, балам, тілі қайда?
– Мылқау қой-ау, сірә.
– Құйқасы қайда?
– Менімше, бұл таз қойдың басы, тап-тақыр...
Әкесі не сұраса да баласының жауабы дайын. Сақадай сай, сартылдап тұр. Қаңқаны көріп қамыққан әкесінің көңілін көтергісі келді ме қайдам ұлы ұмсынып сөйледі.
– Тістерін көріңізші, тізіліп тұр, – деді, – Бір тісі түспеген, бәрі бүтін!
– Е-е, не дегелі тұрғаныңды түсіндім. Рас, қаржысы жымқырылып қалтаға түскендіктен қаншама құрылыстың «қаңқасы» ғана тұр.
– Құлағынан бастап құйқасына дейін сыпырып жесе, қаңқасы қалмағанда қайтеді?
– Баяғыда бабаларымыз «тарта жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады» деуші еді. Қазір ше? Тартынбай жейтіндерді тайраңдатып қойған кім?
– Оппо-о-о! Осы жерден тоқтай қал, әрі қарай бүлдіресің.
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақ үні