Өткенде ғана "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде Қарағанды облысындағы Мемлекеттік тілдің жағдайы туралы Ержан Әділдің келелі мақаласы жарияланып еді. Артынша облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің өзі бізге
жауап жазып, мемлекеттік тіл мәселесі ұдайы назарында екенін айтқан болатын. Айтқанынша болмады, бүгін әлеуметтік желіде Бейбіт Құлмағанбеттің Қарағандыдағы "Строймарт" дүкенінде қазақ тілінде қызмет ала алмағаны туралы жазбасы жарияланды. Өздеріңіз оқып, ой түйіңіздер...
Мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегендерге жоғары мөлшерде айыппұл салынуы қажет
Бүгін мен дүкендерде қазақша сөйлеу бастамасын қолдайын деген «ақкөңіл» ниетпен Қарағандыдағы «Строймарт» дүкеніндегі ламинат сататын бөлімшеге кіріп, қазақша сөйлей бастадым. Бір сатушы жігіт бар екен, орысша жауап берді.Түріне қарасам қазаққа ұқсас. Мен тағы сұрағымды мемлекет тілінде сұрадым. Ол орыс тілінде:
– Бұл сізге «принципиальный» мәселе болса, дүкеннен шығыңыз, мен сізге қызмет жасамаймын, - деді тұтығып кеткен түрімен.
– Маған қызмет жасаңыз, - дедім сыпайы, мені түсініп тұрғанын сезіп.
– Жоқ мен дүкенді жабуым керек, - деп, мені қуып шықты, сөздің қысқасы.
Шынымды айтайын, қатты састым, не істейтінімді білмедім, мұндай бассыздықты көремін деген ойыма келмеп еді. Сыртқа шықсам, кіреберісте күзетші жігіттерді көрдім, жанына келіп жағдайды айтып, әкімшілікті сұрап едім:
– Аға, біз сөйлесерміз, Рамазан айы ғой, кешіре салыңыз, - деді. Кешірдім. Бірақ ішімде бір үлкен сұрақ қалды. Үлкен жасыммен сыпайы сөйлескен жағдайдың өзінде, заңды хаққым болса да, мемлекеттік тілде жауап аламадым. Дөрекі жауап беріп, кеудемнен итеріп шығарып салды, бұл жағдайда басқалар не істей алады, жағаласулары керек па?! Тіл жанашырлары уақыттарын бөліп, жүрек күштерін жұмсап, осындай жағдайларды түзеймін деп «есалаң» болып жүрулері керек па сонда?! Бұл жағдай бұлай түзелмес. Әкімшілік заң бұзушылық кодексіне, тілге байланысты арыздарды полиция, сот органдары тез қабылдап, қарастыратын заң өзгерісі керек. Мүмкін тілді қорғайтын жаңа заң нормалары қарастырылуы керек шығар. «Мемлекеттік тілді білмеймін, бұл тілде қызмет жасамаймын, тек орыс тілде сойлессеңіз ғана қызмет жасаймын» деген қызмет берушілерге жоғары мөлшерде айыппұл салынуы қажет. Түк жоқ дегеннің өзінде, ақшалай айыппұл. Кызмет көрсеткен сатушыға емес, жұмыс берушіге салынуы керек. Сонда ғана тілімізді ескермеу, сыйламау тез жөніне келер. Ақшалай жаза қалтасын тесіп өтіп, тілді мазақ қылатындарды тәубесіне келтірер. Бұлай болса екітілді мамандар қажет болар, сөйтіп өздеріміздің жұмыссыз жүрген жастарымызға жол ашылар, жұмыс орыны көбейер. Бұл «Строймарт» дүкенінің иесі Қарағандыда белгілі азамат, қала мәслихатының депутаты, менімен аттас Бейбіт деген кісі. Азаматтық белсенділермен барып, кездесіп шықпақшымын. Пікірін білейік, түзеткісі келер ме екен строймаркетіндегі қазақ тілінің сорлы жағдайын... Нәтижесін парақшамда міндетті түрде жазып, хабардар етермін. Басқа айтарым, бұл жалғыз тіл жанашырларының мәселесі емес, мемлекеттік мәселе! Мемлекет органдары, сот жүйесі мұндай бассыздықтарды әкімшілік заң бұзушылық ретінде көбірек қарастырып, ақшалай жазалауы керек. Сондай да ғана мемлекеттік тілдің абыройы қорғалып, қолдану алаңы кеңейер.
Бейбіт Құлмағанбет,
Фейсбук парақшасынан